Құқық

Әскери қызметшілер ісі қаралуда

Сот

 Ақтөбе гарнизоны сотында биылғы жылғы 5 маусымдағы лаңкестік шабуылы кезінде жарғыны бұзды деп айып тағылған екі офицерге қатысты істі тыңдау басталды.

Қазіргі уақытта №6655 әскери бөлімнің бұрынғы әскери қызметшілері Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Уражанов ҚР Қылмыстық Кодексінің 2-бөлімі, 447-бабы бойынша айыпталуда.

Лаңкестік әрекеттері орын алған күні Қайнарбек Тастамбеков бөлім бойынша кезекші, ал Қайырғали Уражанов оның көмекшісі болған.

Айыптау бойынша шабуыл жасалған кезде олардың екеуі де жарғы бойынша әрекет жасамаған. Прокурордың пікірінше, олар қару қолданып, шабуылдың бетін қайтару бойынша арнаулы жоспарды жүзеге асыруы керек еді.

«Алайда Тастанбеков 5 маусым күні 17 адамның №6655 әскери бөлімге кенеттен жасалған қарулы шабуылын қадағалай отырып, өз өмірін сақтандыра отырып, ішкі қызмет жарғысын орындауды қасақана қамтамасыз етпеді. Ол жарғыға сәйкес ерекше жағдайда бөлімшелер бойынша кезекшілерге казармаға кірер есіктерді бекітуге бұйрық беруге міндетті еді», — деді мемлекеттік айыптаушы Төреғали Бәкіров өз сөзінде.

Командирлердің келеңсіз әрекеттері салдарынан оларға бағынышты екі әскери қызметкер жараланып, біреуі қайтыс болған, ал офицерлер шабуылдың бетін қайтару үшін өздерінің бойындағы қаруларын қолданбаған деп санайды айыптаушылар.

Ал айыпталушылар бұған қарсы дәлелдерін білдіруде. Мәселен, Қайнарбек Тастамбеков өзін толығымен кінәсізбін деп есептейді. Қайырғали Уражанов қару қолданбауына байланысты кінәсін ішінара мойындайды, басқа айыптауларға қарсы өз дәлелдерін білдіруде.

Қайнарбек Тастамбеков үш баланың әкесі, ал Қайырғали Уражановтың екі кішкентай сәбиі бар.

Сот ісі одан әрі жалғасуда.

 Н.ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button