Басты жаңалықтар

Прокуратураның екі қызметкеріне пәтер берілді

Прокуратура органдарына — 25 жыл

 Қазақстан Республикасы прокуратурасы органдарының құрылғанына 25 жыл толу мерекесіне арналған салтанатты жиналысқа облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, прокуратура қызметкерлерін құттықтады.

Шара облыстық прокуратураның ғимаратында өтті. Жиналыс барысында Ақтөбе облысы прокуратурасының ширек ғасыр ішіндегі қызметі мен табыстары қорытындыланды. Бүгінде прокурорлық қадағалау іс жүзінде мемлекет пен қоғам өмірінің барлық жақтарын қамтып отырғаны айтылды. Тәуелсіздік жылдарында облыста заңдылық пен құқық тәртібі елеулі түрде нығайды. Осы жылдарда халықтың санының артқанына қарамастан, кісі өлтіру, қарақшылық жасау, тонау, зорлау сынды қылмыстың ауыр түрлері өскен жоқ, 1991 жылмен салыстырғанда екі есе азайды.

— Өткен 25 жылда көп нәрсе жасалды. Атқарылған сол жұмыстардың нәтижесінде халықтың прокуратура саласына деген көзқарасы өзгерді, сенімі ұлғайды. Билік пен прокуратураның, басқа да құқық қорғау органдарының бірлесіп атқарған қызметінің арқасында елеулі табыстарға қол жетіп отыр. Бұл саланың басты міндеті — заңдылықтың сақталуын қадағалау.

Облысымызда 29 қыркүйектен 29 қазан аралығында бір ай бойы Қазақстанның бас прокуроры Жақып Асановтың басшылығымен халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мемлекеттік және салалық бағдарламаларды түсіндіру мақсатында құрылған топ аймақта нәтижелі жұмыстар істеді, 145 мыңнан астам адам қамтылды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде прокуратура органдарына деген елдің көзқарасы өзгерді, сенімі ұлғайды.

Облыс басшылығы атынан мерекелеріңмен құттықтап, еңбектеріңе алғыс айтамын, жұмыстарыңа табыс тілеймін! — деді өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Осылайша аймақ басшысы прокуратура саласы ардагерлерінің еңбегін айрықша атады.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған прокуратура органдарының бірыңғай жүйесі 1991 жылы 6 желтоқсанда құрылған болатын. Көпшілікке белгілі, прокуратура  органдары — мемлекеттік аппараттың жетекші буыны, құқық қорғау жүйесінің ұйытқысы. Прокуратура жұмысында құқық қорғау шаралары шешуші орын алады. Еліміздің әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығын сақтауда елеулі үлес қосып отыр.

Тәуелсіздік жылдарында бұл саланың да елмен бірдей өркендеп, өскенін жан-жақты баяндаған облыс прокурорының орынбасары  Нұрдәулет Сүйіндіков өткен жылдарда қадағалау органдарының айтарлықтай табыстарға жеткеніне нақты деректе келтірді. Азаматтардың конституциялық құқықтарын және олардың заңды мүдделерін қорғауда көптеген жобаларды жүзеге асырды. Мәселен, тек осы жылы облыстың прокуратура қызметкерлері жеті мыңның үстінде ақтөбеліктердің еңбек құқын қорғады.

— Табиғат қорғау заңдылықтарын сақтауға айрықша назар аударылуда. Прокурорлық ықпал ету шаралары бойынша 20 миллион теңгенің үстінде қоршаған ортаға келтірілген зиян қайтарылды.  Облыстың қадағалау  органдарының  күш салуымен мұнайға ілеспе газды жағудың көлемін едәуір азайтудың сәті түсті. Тәуелсіздік жылдарында құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде облыс аумағында ауыр және аса ауыр қылмыстардың түрлері елеулі түрде төмендеді.

Аталған уақыт ішінде ондаған мың адамның, тек осы жылы бес мыңнан астам адамының жалақылары өндіріліп берілді. Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалай отырып, мемлекеттік бюджетке 42 миллирд теңгеден аса қаржы өндірілді. Құқық қорғау органдарының бірлесе қабылдаған шараларының нәтижесінде облысымызда тәуелсіздік жылдары кісі өлтіру, қарақшылық жасау, тонау, зорлау сияқты аса ауыр қылмыстардың түрлері айтарлықтай азайды, — деп атап көрсетті Нұрдәулет Сүйіндіков.

Салтанатты жиында аймақ басшысы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және прокуратура органдарының мерейтойына орай екі қызметкерге қызметтік пәтер кілтін, сондай-ақ айрықша еңбегімен көрінген прокурорлар мен ардагерлерге Алғыс хаттар мен мақтау қағаздарын тапсырды.

Бұдан кейін облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров мерекемен құттықтап, еліміздің Бас прокурорының бұйрығымен тағайындалған «Қазақстан прокуратурасына 25 жыл» мерейтойлық медалін аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың, прокуратураның бірқатар үздік қызметкерлерінің омырауына тақты.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button