Ауыл

Қобданың тойы

Өткен аптада Қобда ауданы құрылғанына 80 жыл толу тойын өткізді

Қойнауында қасиеті мен киесі шөккен Қобда ауданының сексен жылдық мерекесі дарақы-дақпырттан ада, қобдалықтардың өзіне тән сабырлы, қарапайым өтті. «Осындай әлемдік дағдарыс тұсында қаржыны желге ұшырып, ұлан-асыр той жасағанның орнына біз ұрпаққа мұра болып қалатын дүниелер жасауды, әлеуметтік нысандарды жөндеп алуды мақсат еттік», — дейді ауданның әкімі Любовь Исмағамбетова.

Әуелден батырлар мекені аталатын бұл өлкенің, шынында, әр перзенттің кеудесінде мақтаныш ұялататын бір ерекшелігі бар. Қарақыпшақ Қобыланды мен Абат Байтақтың, Исатай батырдың мәңгілік мекені — осы жер, әлемге аяулы Әлия батырды сыйлаған, жеті Ұлы Отан соғысы Батырын туғызған құрсағы алтын асыл жұрт бұл. Ауданның тарихы сексен жыл болғанымен, бұл қасиетті жердің тарихы тым тереңде. Сондықтан, оны айтып тауысу мүмкін емес.

Қазіргі Қобда заманына сай жаңарған, түлеген өлке. Той тұсында да біраз шаруалар атқарылды. Мәселен, Талдысай аулында 320 орындық орта мектеп, аудан орталығында спорттық кешен салынып жатыр. Егіндібұлақта 50 орындық балабақша, орта мектеп, Қосөткелде медициналық пункт, аудан орталығында 18 пәтерлі үй, 6 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. «Жол картасы» бағдарламасы аясында 161 млн. теңдеген астам қаржы жұмсалып, Ақыраптағы орта мектеп, көп жылдардан бері жөндеу көрмей тұрған аудандық босану бөлімі күрделі жөндеуден өтті. Бағдарламаның сыртында да біраз шаруалар атқарылды. Қызылжар орта мектебі, аудандық оқушылар үйі, аудандық аурухана, Қанай, Ропповка ауылдық медицина пункттері, т.б. күрделі жөндеуден өтті. Ақырапта, Көкүйде балабақшалар ашылды, аудан орталығында мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру ғимараты пайдалануға берілді.

Тойға арналған салтанатты кеш аудан орталығындағы күрделі жөндеуден өткізілген Мәдениет үйінде өтті.

Аудан әкімі Любовь Исмағамбетова еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жер-жердегі атқарушы билік өкілдерімен бірге Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болғанын, оның қазақтың әр аулына жолдаған сәлемін жеткізіп, ауданның арғысы мен бергісі жөнінде толыққанды баяндама оқыды. Әкімнің айтуынша, «экономикалық потенциалы жеткілікті, интеллектуалдық және мәдени деңгейі жоғары аудан ретінде Қобда халқымыз әлемнің ең таңдаулы елу елінің қатарына  қосылуға құлшынып отырған осы тарихи кезеңде облыстың жетістіктеріне үлес қосу жолында аянбай еңбек етіп келе жатыр».

Облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Мәлік Жекеев аудан жұртшылығына Қобданың перзенті, облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың сәлемін, құттықтау хатын жеткізді.

Ұлы Қобда өзенінің бойына тұнып жатқан қалың тарихты мүмкіндігінше қаузап, осы өңірдің әрбір тауы мен тасын, өзені мен көлін түгендеп, ауданның мәдени-әлеуметтік, шаруашылық-экономикалық жағдайын толықтай баяндауға тырысқан «Қобда энциклопедиясы» осы тойдың ең үлкен тәбәрігі болды десек, қателеспейміз. Облыс әкімі Е.Сағындықовтың қолдауымен қолға алынған бұл игі істің басында аудан басшылары мен осы өңірден түлеп ұшқан облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы М. Жекеев секілді елдегі жөн білетін кісілер тұрса, ауданның халқы түгел қосшы болуға жарады. Қобданың топырағын еміп өскен, қазірде үлкен жетістіктерге жеткен азаматтар қаржылай демеуші болса, қолынан жазу, сызу келетін үлкен-кіші білгенін ортаға салды.

«Жеті жұрт қонып, жеті жұрт көшкен өңірдің әр тасына басылған таңбадай тарихында, табиғаты мен тіршілігінде өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Сол себепті ауданның кешегісі мен бүгінгісін жан-жақты етіп көрсететін бір жинақтың болуы керек еді. Бұл жинақ осы ауданнан түлеген ұрпақ үшін құбыланама, жасампаз болашақтың жарқын бейнесіне жарық берер сәуле болуға үмітті», — делінген энциклопедияның кіріспесінде. Үш жүзге жуық беттік еңбектің редакторы — белгілі публицист, бірнеше зерттеу еңбектерінің авторы Идош Асқар. Редактордың айтуынша, энциклопедияны дайындауға екі ай шамасында уақыт кетті.

— Қобда қашанда қадірлі, қайырлы мекен болды. Рас, әңгіме топырақта емес, топырақ қай жерде де бар. Әңгіме сол топырақты гүлдендірген адамдар туралы. Өткені бар, кеткені бар, қазіргісі бар, бұл жердің қадірлісі, байлығы — адамдар екен, — дейді И.Асқар.

Той барысында М.Жекеевтің ұйтқы болуымен «ауданның құрылғанына 80 жыл толуына байланысты, өңір перзенттерінің күш-жігері, ынта-ықыласымен туған жер туралы әңгімені, мүмкіндігінше, неғұрлым толығырақ баяндауды мақсат еткен» «Қобда тарих пен тағылым мекені» атты жинақ жарық көрді. Екі кітап та Алматының  «Полиграфкомбинат» ЖШС-ында басылды.

Бұл тойға облыстың түкпір-түкпірінде, еліміздің өзге өңірлерінде жүрген қобдалықтар мен Қобда тарихында елеулі із қалдырған азаматтар келді. Олардың  бірқатары «Қобданың құрметті азаматы» атанды. Олардың қатарында алиятанушы, «Қос шынар» бірлестігінің төрағасы, батыр Әлия жөніндегі бірнеше еңбектің авторы Ғ.Байдербес, аудандық орталық аурухананың дәрігер-инфекционисі Т.Шәріпов, «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры С.Құлназаров, облыстық «Қызыл Ай» қоғамының төрағасы Н.Үдербай, Қарғалы ауданының әкімі М.Жұмағазиев, т.б. азаматтар бар. Құрметті азаматтарға берілетін арнайы куәлік пен төсбелгі шығарылды. Туған жердің мерейтойына арнап металдан ауданның эмблемасы жасалды. Эмблемада Қобда ауданының орталығында ескерткіші тұрған Ұмай ананың бейнесі бар.

— Түркілік Ұмай Ана Көк тәңірмен қашаннан қатар аталса да, сол аңыз күйінен өнер әлеміне шыққан жоқ еді. Сөйткен Ананы өз есімімен бүкіл түркі әлеміндегі, сәрі, жалғыз мысал етіп асқақтатқан Қобда ауданы болғаны әсем таңдандырады, — дейді Идош Асқар.

Салтанатты кеште ауданның  әлеуметтік-экономикалық дамуына бір кісідей еңбек сіңірген Ф.Чемоданов, М.Жұмағазиев, З.Байдосов, т.б. азаматтар өз тілектерін арнады.

— Біз тәуелсіздіктің бесігін тербеткен мерекеге жалғасып өткен Қобда ауданының 80 жылдық тойының куәсі болдық. Өзіміз осы өңірде білім алып, еңбекке араласып, еңбегіміздің жемісін көрген адамдармыз. Елдік пен ерліктің мекені болған құтты қоныстың осындай белеске жетіп, мерейлі тойын атап өткені ауданымызды тағы бір белеске көтеріп тастады, — дейді «Қобда ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін кеудесіне таққан зейнеткер ұстаз Нұрбибі Байтас.

Тойдың ең бір шарықтаған шағы — Мәдениет үйінде өткен «Киелі Қобда — шежірелі өлке» атты театрландырылған қойылым болды. Оның басында жүрген аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Г.Боқанова, ауданның барлық өнерпаздары мен «Қарлығаш» халықтық би ансамблі (көркемдік жетекшісі Г.Төребаева) керемет қойылым көрсетті.

Той әдемі өтті. Ең бастысы, қобдалықтар ел ішінде талай жұмыстар атқарып, кейінгі ұрпаққа рухани азық болар дүниелер жасауға тырысты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

***

Бәшенкөл мектебіне — 5 компьютер

Жақында Темір ауданының әкімі Бауыржан Қаниев пен «Ада Ойл» компаниясының басшылары Бәшенкөл мектебіне барып, тұрғындармен кездесті.

«Ада Ойл» компаниясы мектепке үстелімен бірге толық жабдықталған 5 компьютер, шағын топтың тәрбиеленушілеріне оқу құралдарын табыс етті.

Мектепке жасалған қамқорлықтары үшін аудан әкімі Бауыржан Қаниев компания басшысына алғыс айтып, иығына шапан жапты. Аудан басшысы инвесторлармен достық қарым-қатынасты одан әрі жалғастыра беретіндігін де айтты.

М.ӘДІЛХАНҰЛЫ,

Темір ауданы.

***

Қарауылкелдіде қойма ашылды

— Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді аулында картоп, көкөніс өнімдерін сақтайтын қойма және осы өнімдерді сататын дүкен ашылды, — деп хабарлады аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Жаңабай Ержанов. — Бұл қойма мен дүкенді көп жылдардан бері көкөніс сатумен айналысып жүрген Қама Табынбаева ашты.

Аудан тұрғындарын картоппен, көкөніспен қамтамасыз ету кезінде, әсіресе, қыс айларында үлкен қиыншылықтар туындайтын. Арнаулы қойма болмағандықтан, әкелінген өнімдер қыста үсікке ұшырап, шығын болатын. Осы қиындықтардан шығу үшін жеке кәсіпкер Қама Табынбаева жаз бойы өз қаражатына қойма және оған жалғастырып көкөніс дүкені құрылысын салды. Жақында сыйымдылығы 60 тонналық қойма мен дүкен пайдалануға берілді.

Қойманың ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Шоқан Ермұқанбетов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Ағысбай Исин, Қарауылкелді ауылдық округінің әкімі Меңдіқұл Арзанқұлов бұл қойманың аудан тұрғындары үшін пайдалы нысан екенін атап өтті. Алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қоймалар, жылыжайлар саламын деушілерге жергілікті билік тарапынан көмек көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ жылыжай салып, өсімдік шаруашылығымен шұғылданатын және ет өнімдерін өндірумен қатар қайта өңдеумен айналысатын екі ауылдық тұтыну кооперативі құрылды.

Бердібай КЕМАЛ.

***

Аудан кәсіпкерлерінің іv форумы

Өткен жексенбіде Шалқар аудандық Мәдениет үйінде аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен «Кәсіпкерлік — қуатты тұтқа» атты аудан кәсіпкерлерінің ІV форумы өтті.

Төртінші рет өткізіліп отырған форумға облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кәсіпкерлік бөлімінің бастығы А.Тоқсанбаева, «Бизнес орталық» қорының директоры А.Бекниязов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының бас менеджері Б.Нұрғалиев, басқа аудандардың кәсіпкерлік бөлімдерінің басшылары және селолық округ әкімдері қатысты.

Форум аудандық Мәдениет үйі жанындағы халық театры Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» драмалық қойылымымен басталды. Қойылымдағы сезімге құрылған оқиғалар, актерлердің рольдерді сомдаудағы шеберлігі көрермендерге жақсы әсер қалдырды.

Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Р.Сыдықов ауданымыздағы халық игілігі үшін атқарылып жатқан істердің барлығы Елбасының еліміздің болашағы үшін жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасы екенін, ел экономикасының өрлеуіне кәсіпкерлердің қосатын үлесінің зор екенін атап көрсетті. Форумда баяндама жасаған аудан әкімінің орынбасары Т.Садықов ауданда кәсіпкерлік саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Бүгінгі таңда аудандағы 1408 кәсіпкерлік нысанда 8890 адам жұмыс істейді. Оларда жыл басынан бері 8500,7 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Осы жылдың 11 айында аудан кәсіпкерлеріне 90,8 млн. теңге жеңілдетілген пайызбен несие берілген, соның арқасында 111 кәсіпкерлік нысан ашылып отыр.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кәсіпкерлік бөлімінің бастығы А.Тоқсанбаева елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік базасын кеңейту — жаңашыл идеяға негізделген кәсіпкерлердің басты міндеті екенін айтып, кәсіпкерлер — А.Омарова, Р.Асанов, М.Үмбеталиналарға және аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Д.Қарашолақоваға басқарманың Алғыс хаттарын тапсырды. «Әсел и К» тігін цехының меңгерушісі Ж.Төлешова, Жаңақоныс селолық округінің әкімі Е.Данабек кәсіпкерлерді мерекелерімен құттықтады.

Аудан әкімі Р.Сыдықов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай тер төгіп жүрген кәсіпкерлік саласының 14 азаматына Алғыс хат тапсырды.

Сол күні түс ауа форум қонақтары қаламыздағы «Бекбол-Ес» ЖШС-ның 20 адамдық шағын моншасының, жеке кәсіпкер Д.Кемеровтің азық-түлік, құрылыс бұйымдары сауда үйінің, жеке кәсіпкер Қ.Болысбаеваның «Ақтолқын» мейрамханасының, жеке кәсіпкер А.Ноғаевтың азық-түлік сауда үйінің ашылу салтанатына қатысты, тыныс-тіршілігімен танысты. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес салынған №8 мектеп ғимаратын аралап көріп, көзайым болды.

Форумда жеке кәсіпкер Д.Әбубәкірова аудан кәсіпкерлерінің қарарын жариялады. Кәсіпкерлер мерекесі аудан көркемөнерпаздарының концертімен көркемделе түсті.

Қ. ӘЛИН, Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. МЕН ҚОБДА АУДАНЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНМІН.ҚОБДА ЖЕРІ МАҒАН ӨТЕ ҚЫМБАТ.ТУҒАН ЖЕРІММЕН ӘРДАЙЫМ МАҚТАНЫП ЖҮРЕМІН.ҚОБДА ЕЛІ БАТЫРЛАР АУЫЛЫ ДЕП ТЕКТЕН ТЕК АЙТЫЛМАҒАН.СОНДЫҚТАНДА ӘР ҚОБДАЛЫҚТЫҢ БОЙЫНАН ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМГЕМОЛ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button