Денсаулық

Жаңа жүйенің ерекшелігі қандай?

1 қаңтардан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласына Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізіледі

Аталған бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Яғни бірінші кезеңде тегін медициналық көмекті қаржыландыру тетігі қалыптастырылады. Бұл 2010-2015 жылдар аралығын қамтиды. Ал екінші кезең, яғни 2016-2020 жылдар аралығында азаматтардың жауапкершілігін арттыру мен дамыту көзделеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты — медициналық көмектің сапасын арттырып, осы салада бәсекелестікті қалыптастыру. Енді азаматтарға сапалы ем қабылдауда емхана мен аурухананы таңдау еркі берілген. Сонымен, енгізілетін жүйенің халыққа тиімділігі қандай, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі деген не? Осы мақсатта облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабырмен тілдескен едік.

Денсаулық сақтау басқармасы бастығының сөзіне сенсек, енгізілетін жаңа жүйенің тиімділігі өте көп. Біріншіден,  медициналық көмектің сапасы артса, екіншіден, медициналық мекемелер арасында бәсекелестік қалыптасады. Өйткені мемлекет сапалы медициналық қызмет көрсеткен мекемеге баса назар аударып, қаржыны қызметіне қарай бөледі. Бұрын тегін қызмет көрсететін емханалар науқасқа немқұрайды қараса, ал ақылы емханалар ауруыңа ауру қосып, әйтеуір қалтаңды қағудың қамын істейтіндей көрінетін. Енді халыққа сапалы қызмет көрсеткен мекеменің жұлдызы жанып, сұранысқа ие бола алмаған мекеме қаржыдан қағылады.  Бұны Қайрат Сабыр былай түсіндірді.

Аталған жүйенің басты мақсаты — медициналық көмектің сапасын көтеру болғандықтан,  алдымен осы бағыттағы жұмысқа баса назар аударылады. Жаңа жүйенің шарты бойынша, азаматтарға емделетін жерді таңдауға ерік берілген.  Бұрынғыдай белгіленген қағидамен, бір жерге «байланып» қалмайсың. Емделуші өзінің қалауы бойынша еліміздің кез келген жеріндегі ауруханаға барып ем қабылдай алады. Мәселен, біздің қалада неврология бөлімшесі бар ауруханалар көп. Ал науқас осы аурухананың қайсысына барса да өз еркі. Мәселен, біздің облыстағы ауруханаларға Қызылорда, Атырау, Орал қалаларынан жолдама арқылы науқастар келсе, біз оларды емдеуге тиістіміз.  Алайда біреу аяқ астынан қатты сырқаттанып қалса, онда оны кез келген мекеме  жолдамасыз-ақ қабылдап ем жүргізуі тиіс.  Сонымен бірге  емхананы да таңдау өз еркің. Бірақ қаланың бір шетінен екінші шетіндегі емхнаға барып емделу тұрғындар үшн тиімсіз екенін де естен шығармаған жөн.

Демек, енді  қай жердің медициналық қызметіне көңіліңіз толса, сол жерге барып емделе аласыз. Бұл жерде мекемелердің арасында бәсекелестік орнайды. Науқастарға сапалы ем жүргізіп, жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсеткен мекемеге қаржы да мол бөлінеді. Сондықтан бұрын емделушілер  дәрігердің алдында ұзын-сонар кезекте тұратын болса, енді дәрігерлер науқастың алдында өздері жүгіреді. Өйткені дәрігерге науқастар көп келсе және ол сапалы ем жүргізсе, дәрігердің де еңбекақысы көтеріледі. Айта кететін бір жайт, бұрын дәрігерлерге Үкіметтің қаулысымен ғана еңбекақы беріліп келсе, енді дәрігердің сапалы қызмет көрсетуіне байланысты  қосымша ақы төленеді. Яғни бас дәрігердің бұйрығымен жақсы қызмет еткен дәрігердің еңбекақысына қаржы қосылады.

Сондай-ақ бұл жерде мем­лекеттік немесе жеке­мен­шік аурухана деген болмайды. Аккредитациядан өткен кез келген емдеу орталығының Үкі­мет­тен қаржы алуға мүмкіндігі бар, яғни тегін медициналық көмектің кепілденген қызмет түрін көрсете алады.  Бірақ таңдау емделушінің өз еркінде. Қазіргі күні облыстағы барлық емдеу орындары аккредитациядан өтуде. Жекеменшік ауруханалар мемлекеттік тапсырыс алса, онда оған жолдама арқылы келген науқас тегін емделе алады, — деді ол.

Қазіргі күні облыс әкімінің қаулысымен үйлестіру кеңесі құрылды. Кеңес төрайымы облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың басшылығымен кеңес қазір қызу жұмыс жүргізуде.  Жаңа жылға дейін мемлекеттік тапсырыс алатын мекемелер белгілі болмақ.

Сондай-ақ елімізде медициналық қызметтерге ақы төлеу жөніндегі комитет құрылып, бүгінде аталған комитеттің облыстағы филиалы өз жұмысын бастады. Комитет негізінен бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде медициналық мекемелерді қызметіне қарай қаржыландыру мәселесімен айналысады. Аталған комитеттің жанында арнайы сарапшы мамандар жұмыс істейді.

—  Бұрын науқасқа ем жүргізілгенмен оның әрі қарайғы нәтижесіне мән берілмейтін. Ол толықтай емделіп шықты ма, әлде асқынып кетті ме оған назар аударылмайтын. Ал жаңа жүйеде осы мәселе қатаң қадағаланады. Яғни медициналық қызметтерге ақы төлеу жөніндегі комитеттің жанындағы сарапшылар осы мәселемен тікелей  айналысады. Олар ем жүргізілгеннен кейін оның нәтижесіне қарайды. Егер науқас толықтай емделіп шықса, оған толық қаржы төленеді. Яғни емнің сапасына қарай бағаны белгілейді. Барлық емделушілер туралы ақпарат ортақ электронды жүйеге енгізіліп, есепке алынады. Мәселен, биыл стационарлық жағдайда емдеу үшін бір науқасқа орта есеппен 45 мың төленсе, келер жылы бұл 70 мың теңгеге көтеріледі. Аурудың түріне қарай төленетін ақы әр түрлі болуы мүмкін, — деді Қайрат Сабыр.

Айта кететін бір жайт, азаматтарға емдеу орнын таңдау еркі берілгеннен кейін сапалы қызмет көрсететін емхана мен ауруханаға науқастар көп келуі мүмкін. Демек, бұндай кезде  ауруханада орын жетпей қалу, кезекке тұру мәселесі туындайтыны анық. Сондықтан үйлестіру кеңесінің жанынан  қаңтар айынан бастап арнайы тікелей желі жұмыс істейді. Емделушілер осы телефонға хабарласып, өзі баратын ауруханадағы ахуалды біліп алуы қажет.

Тұрғындар бұл мәселені дұрыс түсінуі керек. Өйткені біздің ауруханалар резеңке емес санаулы орынға есептелген. Сондықтан кез келген емдеу орнына барамын дегенмен де,  жағдайды да ескеруі қажет.  Жалпы, біздің аймақтағы барлық ауруханалар осы кезге дейін де сапалы қызмет көрсетіп келді. Аудандардағы емдеу орындары да өз қызметтерін дұрыс атқаруда.

Соңғы жылдары облысымызда осы салада оң өзгерістер орын алды. Мәселен,  ілгеріде емханалар тұрғын үйдің бірінші қабатында немесе бір мекеменің ішінде орналасатын. Бұл азаматтарға да, медицина қызметкерлеріне де қиыншылықтар туғызғаны анық.  Ал биыл облысымызда алғаш рет  өз алдына екі жаңа емхана салынып, қазір іске қосылды. Қазір әлемнің озық елдері пайдаланатын  медициналық құрал-жабдықтар біздің облысымызда да бар. Дәрігерлеріміз жыл сайын білімін толықтырып отырады. Демек, облысымызда сапалы ем алуға барлық жағдай жасалған. Бұған қоса ересектер мен балаларға арналған екі үлкен аурухананың құрылысы жалғасып жатыр. Биыл облыс бойынша 12 денсаулық сақтау нысаны салынды. Оның ішінде дәрігерлік амбулаториялар мен  медпункттер бар. Биыл «Жол картасы» бағдарламасы бойынша да қыруар жұмыс тындырылды. Яғни осы бағыттағы және жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыны қоса есептегенде 935 миллион теңгеге облыс аумағындағы мекемелер күрделі жөндеуден өтті. Аймақтағы денсаулық сақтау нысандарын жаңартуға  бұрын соңды бұндай қомақты қаржы бөлінген емес. Ал республикадан бөлінген 700 миллион және жергілікті бюджеттен бөлінген 460 миллион теңгеге соңғы үлгідегі  медициналық жабдықтар сатып алынды. Жалпы, республика бойынша  жаңа жабдықтармен қамтамасыз етуде біздің өңір бірінші орында тұр.  Келер жылы да бұл жұмыстар өз жалғасын табады. Мекемелердегі жабдықтардың қатары толығады.  Ал алдағы аптада «Болашақ» ауданынан ауысымына 150 адамды қабылдай алатын емхана ашылады. Емхана  ішкі жұмыстарға, яғни жабдықтарды орналастыруға  байланысты негізгі жұмысты қаңтардан бастайды, деді Қайрат Сабыр.

Соңғы жылдары елімізде демографиялық ахуал жақсарғанмен, осы саладағы кейбір қайшылықтар шешімін таппай келеді. Мәселен, ана мен бала денсаулығы әлі де алаңдарлық жағдайда. Оның ішінде қаны аздық, жұқпалы арулардың саны азаймай тұр. Республикамызда жыл сайын бес жасқа дейінгі  бес мың бала көз жұмса, аналар өлімі дамыған елдермен салыстырғанда он  есе көп. Денсаулық сақтау саласының өкілдері бұндай жағдай еліміздегі медициналық қызмет сапасының әлі де әлсіздігімен түсіндіреді. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің қолға алған жүйесі осы мәселелерді оңтайлы шешуге ықпал етпек. Бұл туралы министр Жақсылық Досқалиев: «Жаңа бірыңғай ұлттық жүйе, біріншіден, әрбір клиниканың өз жұмысына деген жауапкершілігін арттыруға, екіншіден, олардың дәрігерлерінің біліктілігін және диагностикалық-емдеу мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді», — деген болатын. Демек, жаңа жылдан кейін қолданысқа енер жаңа жүйеден үміт көп. Тек үмітіміз алдамасын дейік.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button