МәдениетТәуелсіздіктің 25 жылдығы

10 үлгілі отбасы марапатталды

Қаламыздағы Достық үйінде егемендіктің 25 жылдығына арналған «25 жұлдызды күн» бағдарламасы аясында «Отан — отбасынан басталады» атты Отбасылық құндылықтар күніне арналған мерекелік кеш өтті. Шараға қала әкімі Ілияс Испанов қатысып, 10 үлгілі отбасына дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті.

Аталған мерейлі мереке өмір мен өнер әлемінде қатар жүрген отбасылардың әсем әнімен басталды. Қаламызға танымал Шынтас пен Айнагүл Омаровтар, Нұржан мен Назым Күлетеновтер, Дулат пен Рита Айтжановтар, Самғат пен Айшат Артығалиндер, Нұржан мен Гүлжан Қаражановтар, Жәнібек Нұрымбетов пен Әлия Жұбатқанова, Жетесовтер, Ермекбаевтар, Ермековтер, барлығы 10 отбасы өз өнерлерін ортаға салып, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік шарада сөз алған қала басшысы:

Адамның тұлға ретінде қалыптасуында отбасының орны ерекше. Отанымыздың көркейіп, гүлденуі, еліміздің Мәңгілік Ел болуы, Тәуелсіздік туының биік болуы қашанда отбасына байланысты, —  деп әр шаңыраққа шынайы бақыт тіледі.

Бұдан кейін кеште өнер көрсеткен 10 үлгілі отбасыға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Өнер әлемінде қол ұстасып жүрген жарасымды жұптардың бірі — Шынтас пен Айнагүл Омаровтар отбасы. Алғаш рет сахнада танысқан өнерлі жандар, кейіннен шаңырақ көтеріп, ерлі-зайыпты атанды.

Алғашқы еңбек жолымызды Т.Ахтанов атындыға облыстық драма театрында бастадық. Содан бері 20 жылға жуық уақыт бірге келеміз. Біздің таңдаған жолымыз, бағытымыз өнер болғандықтан, бір жүкті бірдей көтерсек мұның ауыры білінбейді,— дейді Омаровтар отбасы.

12 жылдан бері шығармашылықпен айналысып келе жатқан өнерлі ағайындылардың бірі Жәнібек Нұрымбетов пен Әлия Жұбатқановалар да кеште өнер көрсетті.

— Бүгінгі шараға қарындасым екеуміз «Әлжан» атты дуэтпен шығып отырмыз.  Ең бастысы, әр отбасы бақытты ғұмыр кешсе, біздің Тәуелсіз елімізде де бақытты, өскелең ұрпақ та бақытты, — дейді олар.

Сонымен қатар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мекемесінің басшысы Маржан Қорғанбаева 6 желтоқсан күні үрлемелі аспаптар оркестрінің 35 жылдығына және Ел Тәуелсіздігінң 25 жылдығы қарсаңында шығармашылық ұжымдардың қатысуымен «Оркестрлер шеруі»  деп аталатын байқау өтетінін хабардар етті.

Шара барысында өнерлі отбасылардың бірі ән салса, енді бірі оркестрлік ансамбльде өнер көрсетті. Өмірде де, өнерде де бірге жүруге бел шешкен жара­сым­ды жұптардың сахнада сы­зыл­­та салған әндері мен қосыла орындаған шығармалары көпші­лік­ке әдемі әсер қалдырды.

                                                                                                             Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button