Білім

Балдырған

Қанатты әлем

«Көл қорыған сен едің…»

Жұмыртқасы не балапаны бар ұясына қасқыр, түлкі, ит, қарсақ және басқа қауіпті хайуандар немесе адам жақындаса, көз алдыға келіп құлап түсіп, мертіккен болып, ұша алмаған болып өзіне назар аудартатын, жақындаса және әрірек жылжып, ұясынан алдап алыстатып әкететін бір құс бар.

Ол тіпті ұясының маңында жүрсең де қиқулай ұшып, жанын қояр жер таппай кетеді. Бұл құстың аты — қызғыш. «Қызғыштай қору» деген сөз де осыдан шыққан.

Бұл өзі — балықшылар отрядына жататын, дене тұрқы 30 сантиметрдей, салмағы 200 грамдай ғана құс. Мойны мен жемсауы қара, жасылдау жылтыр, ал арқасы жасыл жылтыр, бауыры мен екі бүйірі ақ түсті, қанаты біршама жалпақ және доғалдау, тұмсығы түзу әрі қысқа болып келеді. Шүйдесінде қара қауырсын айдары бар.

Негізінен сазды, ашық жерлерді мекендейді. Жыл құсы.

Біздің жерімізге наурыз айында ұшып келе бастайды. Ұясын көбінесе су маңындағы құрғақ, қалың шөп өскен жерге салады. Әйгілі Махамбеттің: «Көл қорыған сен едің, сен де айырылдың көліңнен, ел қорыған мен едім, мен де айырылдым елімнен», — дейтіні содан.

Мекиені 3-4 жұмыртқа туады. Жұмыртқаны әтеші мен мекиені кезек басып, 24-29 күн дегенде балапан шығарады.

Қызғыш жауын құртымен, ұсақ қоңыздармен қоректенеді, зиянды насекомдарды және олардың личинкаларын жеп пайда келтіреді.

Тамыздың аяғынан бастап қыстап шығатын жерлеріне қарай ұшып кетеді.

Тілек

Болайын мен де аман…

Әрқашан күн сөнбесін,

Аспаннан бұлт төнбесін.

Жанымда болсын мамам,

Болайын мен де аман.

Бұл өлең жолдарын білмейтін адам кемде-кем шығар. Әлемде қазір қырғи-қабақ саясат жүріп жатыр. Бір ел бір елге үстемдік орнатқысы келеді. Ол елдің шикізатын, табиғат ресурстарын иемденгісі келеді. Содан барып соғыс өрті шығады.

Қазір әрбір елдің басшылары бас қосып, бір мәмілеге келгісі келеді. Соның арасында біздің ел алдыңғы қатарда. Қазақстан бірінші болып атом қаруынан бас тартты. Бұл басқа елдерге үлгі болды. Семейдегі полигон жұмысын тоқтатты. Бұдан қаншама адам зардап шегіп еді. Ол жетпіс жыл үстемдік еткен КСРО-ның саясаты еді.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың еңбегі ел алдында өте зор. Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізді бүкіл әлемге мойындатты. Қазақстан қазір экономикасы мен халқының тұрмыс жағдайы жағынан алдыңғы қатарда. Әр елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Біз елімізбен мақтана аламыз.

Мен Қазақстанда тұратыныма өте қуаныштымын. Елімізде әр ұлт өкілдері тұрады. Олар «Қазақстан» деген мемлекет аясында тату-тәтті өмір сүруде.

Жоғарыдағы әнде айтылғандай, еліміз тыныш болсын. Біз осы елде оқып, өсіп-өніп жатырмыз. Еліміздің болашағы өз қолымызда екенін түсінеміз.

Динара САХОВА,

№2 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

Үлгі

Әйгерімнің сыйлығы

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ақтөбе қаласындағы орта мектептердің 10-сынып оқушылары арасында «Зияткер—2009» атты байқау өткен болатын. Сайыстан біздің №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясының оқушысы Әйгерім Мүлкаманова жүлделі бірінші орынды иемденіп қайтты.

Байқау барысында қатысушы оқушылардың білімдері, ұйымдастырушылық қабілеттері, өнерлері сынға түсті. Сайыстың әр бөлімінде ерекше қабілетімен, дарынымен көзге түскен Әйгерім «Тәуелсіздікке тарту» бөлімінде еліне деген сүйіспеншілігін өлең жолдары, Тәуелсіз Республикаға арнаған шығармасы арқылы жеткізді.

Ерекше патриоттығымен көзге түскен Әйгерім Мүлкаманова «Зияткер—2009» байқауында бірінші орын алып, арнайы дипломмен, бағалы сыйлықпен марапатталды. Алтын ұямыздың абыройын асқақтатуға үлес қосқан Әйгерімді мектебіміздің атынан жеңісімен құттықтаймыз.

Нұржамал ҚАНИЕВА,

№24 лингвистикалық мектеп-гимназияның

10-сынып оқушысы.

Оқушының өлеңі

Біз — Бауыржан ұрпағы

Нағыз батыр атанған,

Қорықпаған дауылдан.

Атамыз бар қаһарман —

Момышұлы Бауыржан.

Ол аңыз боп самғады.

Ата жайлы — жұрт әні,

Батыр болу — арманым,

Мен — атаның ұрпағы.

ШЫНТАС ИСЛАМБЕК,

№33 орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Алғыс

Мейірімі мол аға

Менің аулымның мәртебелі азаматы Мейіржан Өндіргенов ағаны біз дәйім мақтаныш етеміз. Ол Ақтоғай орта мектебін үздік бітірген, қой өсіруші комсомол-жастар бригадасында еңбек еткен, әскери борышын өтеген. Кейін кәсіпкерлікпен айналысты. Қазір Ақтөбе қаласындағы «Емшан» компаниясына басшылық жасап келеді.

Көп балалы отбасынан шыққан Мейіржан ағай үлкенге мейірімді, кішіге қамқоршы. Туған жерге деген ықыласы бөлек азамат. Өзі оқыған Ақтоғай орта мектебіне 2 млн. теңгеге құрылыс материалдары мен «Газель» автокөлігін сыйға тартты. Биылғы оқу жылының басында 1-сыныпқа  қабылданып жатқан 9 оқушыға және мектеп алды даярлық тобындағы 14 балаға 25000 теңгеге мектеп формасы мен оқу құралдары, оқулықтар салынған сөмкелерді тарту етті. Сонымен қатар асыраушысы жоқ отбасыларға да қолынан келгенше көмек көрсетіп келеді.Ылғи Жаңа жыл қарсаңында аулымыздағы кішкентай бүлдіршіндерге қуантарлықтай сыйлықтар жіберіп тұрады.

Абай атамыз «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» дегенді тегін айтпаған. Мейіржандай ағаларымыз көп болса, еліміз де, ауылдарымыз да гүлденер еді. Менің мақсатым — оқуымды жақсы аяқтап, өзімнің туған еліме кішкентай да болса көмегімді тигізу.

Мейіржан аға, сізбен мақтанамыз,

Халқына қамқор болған жақсы ағамыз.

Ауылдың мәртебесін биіктеткен

Сізді көрсек әрдайым шаттанамыз.

Қайрат ҚОЙШЫБАЕВ,

Ақтоғай орта мектебінің 8-сынып оқушысы.

Қотыртас аулы,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button