Денсаулық

Кореялық аппаратқа қан қысымыңды өлшет!

Тұңғыш Президент күніне орай ақтөбеліктер «Өзіңнің қан қысымыңды біл!» атты акция аясында заманауи жаңа аппаратпен тегін қан қысымын өлшей алады. Қазіргі күні халыққа қызмет көрсету орталығы мен 12-шағын аудан және Сәңкібай батыр даңғылының бойындағы «Дина» гипермаркеттеріне жаңа аппарат қойылды. Оңтүстік Кореяда жасалған құрылғы еліміз бойынша тек біздің өңірде ғана бар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, жаңа аппараттың тиімділігі көп.

Қан қысымын өлшейтін аппараттардың түрі көп. Бірақ бұндай түрі біздің елімізде жоқ. Алғаш рет Ақтөбеге әкеліп отырмыз. Бұл аппараттың бір ерекшелігі — кез келген адам ешкімнің көмегінсіз қан қысымын оңай өлшей алады. Аппаратқа қолды қойып, түймені басқан кезде қан қысымының мөлшері экранға шығады. Оңтүстік Корея еліне барып тәжірибе жинақтаған кезде біздің байқағанымыз, бұндай құрылғы сол елдің кез келген емдеу мекемесінің дәлізінде тұр. Науқас дәрігерге қан қысымын өлшеп барып кіреді. Дәрігердің уақытын алмайды. Әзірге біз демеушілердің көмегімен аппараттың үшеуін сатып алдық. Жаңа жылдан кейін барлық емханалардың дәлізіне осындай аппарат қоямыз. Қазір жабдықтарды Қазақстанға әкелу үшін тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді басқарма басшысы.

Акцияға қатысушылар көп болды. Алғашқы күні 288 адам қан қысымын өлшетті. Қала тұрғындары алдағы бір апта бойы аппараттың қызметін пайдалана алады.

— Аталған шараның  мақсаты —  қан қысымы ауруларының алдын алу, тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру. Себебі азаматтардың көпшілігі қан қысымы әбден көтеріліп, инсульт алу деңгейіне жеткен кезде ғана дәрігерге келеді. Былайғы күндері қан қысымын өлшеп жүру аса қиын жұмыс емес. Бірақ көпшілік бұған немқұрайлы қарайды. Әсіресе жасы қырықтан асқан азаматтар қан қысымын тұрақты түрде қадағалап жүргені жөн. Қандай да бір өзгерістер байқалса, дәрігерге қаралғаны дұрыс, — дейді Әсет Қалиев.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button