АуылӘлеумет

Ақпараттық топ алты ауылда жиын өткізді

Әйтеке би ауданында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының бесінші бағыты бойынша облыстық жұмыс тобының мүшелері тұрғындармен кездесіп, алты ауылда жиын өткізді.

Қарабұтақ ауылының Мәдениет үйінде өткен жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлсім Аманғосова облыс орталығынан келген мамандарды таныстырып, олардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Топ жетекшісі — облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Еркеназ Мырзаханова ақпараттық жұмыс тобының мақсат-міндеттеріне кеңінен тоқталып өтті.

— Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында 29 қыркүйек пен 28 қазан аралығында Ақтөбе облысында құрамында 200-ден астам білікті маманы бар Астанадан келген арнайы топ бір ай көлемінде жұмыс жасады. Олар халық арасында шағын кәсіпкерлікті жаппай дамыту, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу, діни ахуалды жақсарту, ақпараттандыру жұмысы, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру тұрғысында түсіндіру жұмыстарымен айналысты. Аталған жобаны әрі қарай жалғастыру мақсатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен жергілікті жұмыс тобы құрылды. Топ 8 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Мамандандырылған топ ауыл тұрғындарымен кездесіп, маңызды және толғандыратын мәселелер бойынша халыққа әлеуметтік, қаржылық, медициналық, идеологиялық көмек көрсетеді. Біздің бесінші бағыт бойынша жұмыс жасайтын ақпараттық топтың мақсаты — стратегиялық маңызы бар құжаттардың басты тұстары мен бағыттарын  түсіндіру, Тәуелсіздік жетістіктерін насихаттау,  — деді топ жетекшісі Е.Мырзаханова.

Жиынға қатысқан ақпараттық жұмыс тобының құрамында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязов, «Казтелерадио» АҚ телерадиотарату дирекциясының директоры Арыстан Ахметниязов, Әйтеке би ауданының құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Зоя Бөлекова болды.

Кездесу барысында топ мүшелері мемлекеттің күш-қуатын  арттыруды мақсат еткен стратегиялық құжаттар төңірегінде, яғни Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы, «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам», сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың оң істерін, Тәуелсіздіктің 25 жылында қазақ елінің қол жеткізген табыстары туралы әңгімелеп, кейбір мәселелер төңірегінде өз ой-пікірлерін ортаға салды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязов еліміздің кешегісі мен бүгінгісі төңірегінде әңгіме өрбітті. Ширек ғасырда еліміз жеткен жетістіктерді тізбектеп, нақты көрсеткіштерді атап өтті. Оның айтуынша, 1991 жылдан бері Ақтөбе облысында халық саны 94 мыңға өскен, 1991 жылы 740 мың тұрғын болса, биыл бұл көрсеткіш 834 мыңға жеткен. Тәуелсіздік алған жылы тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы —  68,2 жас болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 72 жасқа көтерілген. Туу көрсеткіші  100 мың адамға шаққанда 25 жыл бұрын 18,20 болса, биыл 24,4 екен. Биылғы деректер бойынша сапалы ауызсумен облыс халқының 90 пайызы, көгілдір отынмен 84 пайызы қамтылған. 1991 жылы Ақтөбе облысында 38 мың жеңіл көлік болса, қазіргі таңда екі жүз мыңнан астам жеке көлік бар. Егемендік алған жылдар ішінде 120 жаңа мектеп салынған. Ширек ғасырда Ақтөбе облысында 59 жаңа балабақша, 13 жаңа аурухана бой көтерген. Осындай жетістіктерді салыстырмалы түрде баяндаған Нұрхан Ағниязов еліміз қандай дағдарысты да мойымай еңсеріп келе жатқанын баса айтты.

«Казтелерадио» АҚ телерадиотарату дирекциясының директоры Арыстан Ахметниязов отандық спутниктік жүйе және сандық-эфирлік телевидениенің артықшылықтары туралы түсіндірді.

— Қазіргі таңда сандық-эфирлік телевизия облыс орталығына жақын маңдағы 35-40 шақырым жерге ғана тарап тұр. Қалған аудандардың барлығы отандық «Отау тв» спутниктік жүйесін қолданып отыр. Әйтеке би ауданының халқының 52 пайызы телерадио хабарды отандық «Отау тв» спутник жүйесі арқылы алып отыр. Айтпақшы, облыстағы елді мекендер арасында осы аудандағы Аралтөбе ауылы «Отау тв»-мен 100 пайыз қамтылған. Елбасы тапсырмасына сәйкес, еліміз 2020 жылға дейін сандық-эфирлік телевизиямен 95-100 пайыз қамтылуы тиіс. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар жасалып жатыр, — дейді ол.

Топ мүшелері Қарабұтақ ауылынан соң, Белқопа, Аралтоғай, Ақкөл, Аралтөбе, Комсомол елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті. Аудан орталығындағы кездесуге осы ауданның әкімі Мәлімбет Ибрашевтың өзі қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Топ жетекшісі Еркеназ Мырзаханованың айтуынша, ақпарат тобының мүшелері енді Ырғыз, Байғанин және Қарғалы аудандарында да осындай кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

 КЕРУЕНБАЕВТЫҢ КӘСІБІ

 Әйтеке би ауданына барған сапарымызда біз Аралтоғай ауылында, анығы «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» тас жолы бойында кемпинг салғанына бір-екі ай болған, жұмысын енді бастап жатқан кәсіпкер Самат Керуенбаевпен кездескен едік.

Аралтоғайдың перзенті облыс орталығында тұрса да туған жерінен қол үзбей, кемпингті басқа жерден емес, өз ауылының тұсынан ашуды жөн көріпті. Қазіргі таңда бес адамды жұмыспен қамтып отырған жайы бар.

Екі қабатты ғимарат ішінде 50 орындық асхана, 12 адамға арналған жатын бөлмелер, машина жөндеу цехы, шиномонтаж, сауна бар. Кемпингті үлкен қызының есімімен «Салтанат» атапты.

— Кәсіп ашу мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 20 миллион теңгені 14 пайызбен несиеге алдық. Осы қор арқылы 10 пайызы субсидиямен өтіп жатыр, қалғанын 4 пайызбен өзім төлеп отырмын.  Не нәрсені де бастау қиын ғой.

Екі шақырым жерден 6,5 миллион теңгеге жарық сымын жүргіздік. Қырдың басынан 41 метр тереңдіктен 3,5 миллион теңгеге құдық қаздырып, су құбырын жүргіздік. Соның бәріне көп қаражат кетіп қалды. Айтпақшы, бас аспазды Ақтөбеден алдырттық. Оған 70 мың теңге жалақы төлеп отырмыз. Қалған жұмысшылар — аралтоғайлықтар. Болашақта ауылдастар арасынан аспаз оқытып алу туралы ауыл әкімімен ақылдастым, — дейді кәсіпкер Самат Керуенбаев. Ол қазір 500 шаршы метр жерді көмірмен жылытып отырғанын, қиын екенін, енді бұл жерге газ қажет екенін де айтты. Дегенмен, бұл жерге келушілер қазіргі таңда жұмыс жасап тұрған асхананың тамақтарының дәмі тіл үйіретінін айтып, тағы да соғады екен.

Шаруаға епті Самат төрт жыл бұрын Ырғыз өзені бойында Аралтоғайдан алты шақырым қашықтықта орналасқан жерден «Мерей» шаруа қожалығын ашыпты.

— Қазір бұл қожалықта 200-дей қой, 30 жылқы, 20-дан астам сиыр бар. Оларды бағатын екі малшымыз бар. Жалақы төлеп отырамын. Басынан екі үй салып қойдым. Бірі — өзімізге, бірі — малшыларға. Монша да бар, — дейді кәсіпкер.

Керуенбаев алдағы уақытта өзі бастаған кәсібін одан әрі жандандырып, әлі де бітпеген жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отыр.

ҚАЗАҚ СЫНЫБЫНЫҢ АШЫЛҒАНЫНА — 25 ЖЫЛ

 Сапар барысында бұрынғы Щербаков, қазіргі Талдысай ауылындағы орта мектепке арнайы бардық.

Бізді қарсы алған Әйтеке би аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қаныш Жарымбетов пен мектеп директоры Сәулеш Біртаева әуелі  мектепті аралатып көрсетті.

Қаныш Жарымбетовтің айтуынша, ширек ғасыр ішінде бұл ауданда 10 мектеп жаңадан салынып, 16 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліпті.

— Бұл мектеп 1961 жылы орыс мектебі болып ашылған. Көне мектептің орнынан 2011 жылы 270 орындық жаңа ғимарат бой көтерді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында бір айта кететін жайт, 1991 жылы, яғни 25 жыл бұрын біздің мектепте қазақ сыныптар ашылды. Оны ашуға бірден-бір еңбек сіңірген — бүгінгі турнир иесі, марқұм Руслан Қалиев. Ол — осы мектепті басқарған білікті басшы, тарихшы, шахматты да шебер ойнады. Мектебімізде жыл сайын соның құрметіне шахматтан аудандық турнир өткізіліп тұрады. Биыл бұл турнир тоғызыншы рет ұйымдастырылып, аудан бойынша 25 команда қатысып отыр, — дейді Талдысай мектебінің директоры Сәулеш Бірімтаева.

Жарыс төрешісінің айтуынша, дәстүрлі турнирде қатысушылар арасында Аралтөбе мен Ақкөл мектебінің командалары үздік көрініп жүр. Талдысай орта мектебінің намысын бес жылдан бері биыл 11-сыныпта оқып жүрген Әділет Әлімжанов қорғап келеді екен.

Айтпақшы, бұл мектепте балаларға отансүйгіштік, патриоттық тәрбие беру ерекше мәнге ие екені байқалады. Оған куә — «Ерлік» мұражайы. Аралап көрдік.

— 2010 жылдан бастап мұражай жабдықтарын жинақтай бастадық. Мұражай салтанатты түрде тек 2014 жылы ғана ашылды. Қазір патриоттық сағаттар мен Жеңіс күніне орайластырылған шаралар, тарихтың кейбір сабақтары осы бөлмеде өтеді, — дейді тарих пәнінің мұғалімі Надежда Захаренкова.

Мектеп басшысының айтуынша, мектеп түлектері үнемі қолұшын созып, көмектесіп тұрады.

 — Айта кету керек, 1958 жылы туған Валерий Новиков — осы мектептің түлегі. Қазір біздің елден жырақта тұрып жатыр. Ауылға келіп тұрады. Ол біздің мектептегі ерекше мұражайды жабдықтауға атсалысты. Сондай-ақ, мектеп ауласындағы ойын алаңы да сол кісінің демеушілігімен жасалды, — дейді.

Р.S. Әзірге осы сапарда біз көрген Тәуелсіздік табыстарының кейбірі  — осы.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button