Құқық

Тәуелсіздік жылдарындағы прокуратурадағы кадр саясаты

Қазақстан Республикасы Прокуратурасының құрылуы мен даму кезеңдеріне баға бере отырып, оның құқықтық мемлекеттің құрылуы мен қалыптасуындағы, демократиялық процестердің дамуы мен заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудағы ролін атап көрсетпеуге болмайды.

Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына байланысты прокуратураның республикалық органдар жүйесіндегі орны мен ролі өзгеріп отырды, оның қызметі жаңаша мазмұнға ие болды, прокурорлық қадағалаудың атқаратын міндеттері өзгерді. Алайда, прокуратураның алдына қойылған міндеттер қалай өзгерсе де, прокуратура — заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуды, мемлекет мүддесін қорғауды, азаматтардың әлеуметтік-экономикалық, саяси және жеке құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, құқықбұзушылықтардың алдын алуды қамтамасыз ету басты міндеті болып табылатын құқық қорғау органы болып өзгеріссіз қала берді.

Тәуелсіз мемлекет дамуының барлық кезеңінде прокуратураның ролі үздіксіз артып отырды және қай кезеңде де оның басты міндеті — әрбір азамат прокурорды өзінің Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген мүдделерін қорғайтын бірінші және ең жақын қорғаушысындай көріп, түсініп, қабылдайтындай дәрежеге жеткізуге бағыттауды қамтамасыз ету.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысымен 1991 жылы 6 желтоқсанда прокуратура органдарының бірыңғай жүйесі құрылды.

Прокуратура дамуының келесі кезеңі — 1995 жылдың желтоқсан айында алғаш рет прокуратура органдарының құрылымы мен жұмыс жасау принциптері айқындалған «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заңының қабылдануы болып табылды.

Жұмысты ұйымдастыру мен басқару әдістерінің жаңа нысандарын жетілдіру арқылы бірқатар қажетті ұйымдастыру-штаттық және құрылымдық қайта құрулар жүзеге асырылды: Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеу прокуратурадан бөлінді, кейіннен прокурор басшылығымен ведомствоаралық тергеу топтары ұйымдастырылды. Аталған міндетті орындау прокуратура құрылымында құрылған арнайы прокурорлар институтына жүктелді.

2011 жылы прокуратура құқық қорғау органы мәртебесін алғаннан кейін, кадр саясатын қайта қарау қажеттілігі туындады. 2012 жылы Бас прокуратура барлық құқық қорғау органдары жүйесінің жеке құрамын кезектен тыс аттестациялауды ұйымдастыру бойынша бірден бір үйлестіруші ретінде танылды.

Мәселен, кезектен тыс аттестация нәтижесі бойынша Ақтөбе облысының прокуратурасында  қызметкерлердің 93%-ы аттестацияланғандар ретінде танылды және 7%-ының атқарып жүрген қызметіне сәйкессіздігі анықталды, олардың ішінен 5 қызметкерді басқа қызметке ауыстыру, 1 қызметкерді  қызметі бойынша төмендету және 3 қызметкерді құқық қорғау органдарынан қызметтен босату ұсынылды.

Жүйені тиімді іске асыру мақсатында құқық қорғау органдарының кадрлар саясатының Тұжырымдамасы, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар басшылығының Президенттік резервін қалыптастыру Ережелері, сондай-ақ құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңартудың Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Бас прокуратурамен көптеген құқықтық актілер, оның ішінде алғаш рет полиграфологиялық зерттеу жүргізу Ережелері әзірленді.

Кадрларды іріктеу, аттестациялау мен орналастыру бойынша жаңа ұстанымдар қалыптастырылып, әдіс-тәсілдер енгізілді, қызметкерлердің кәсіби құзыреттіліктерінің Үлгісі әзірленді.

Сөйтіп, кадр саласындағы жұмыс үнемі жаңа әдістемелерді іздестіру мен қолданыстағы нормативтік базаны жетілдірумен қатар жүрді.

Келесі даму кезеңінің бірі Елбасымен 2015 жылы 29 қазанда қол қойылған «Құқық қорғау органдары қызметін жетілдіру мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы болды.

Аталған Заң шегінде Бас прокуратурамен кадрлармен жұмыс саласында оннан астам заңға қосымша актілер мен бұйрықтар әзірленді.

Жаңа нормативтік базаның қабылдануы мен кандидаттарды іріктеуден бастап моральдық-психологиялық климатқа дейінгі құқық қорғау және прокуратура  органдарын кадрлармен қамтамасыз етудің барлық мән-мағынасы жетілдірілді.

Мысалы, жаңа әдістемелер Бас Прокурордың 16.11.2015 жылғы №130 бұйрығымен бекітілген прокуратура органдарына алғаш рет қызметке келуші тұлғалар үшін сынақ мерзімін белгілеудің жаңа Ережелерінде көрініс тапты. Белгіленген сынақ мерзімдерін бөлшектеу өлшемдері ең алдымен  прокурорлардың жоғары кәсіби білікті кадрлар корпусын қалыптастыруға бағытталған.

2015 жылдың басынан бастап 2014 жылғы 29 желтоқсанда №164 бұйрықпен прокуратурада, кадрларға қатысты шешімдер қабылдау кезінде қолданылатын  жаңа кадрлар технологиясының бірі болып табылатын қызметкерлердің құзыреттілігін бағалау енгізілді.

Облыс және оларға теңестірілген прокуратура құрылымдарындағы кадрлармен  жұмысты жаңарту шегінде психологиялық-социологиялық және полиграфологиялық қамтамасыз ету қызметі құрылды. 2015 жылғы 25 маусымда №850 «Қызметкерлердің қызмет өткеру жағдайымен қанағаттану дәрежесін анықтау үшін ішкі сауалнама жүргізу Ережелерін бекіту туралы» бұйрығының шығарылуы мен қызметкерлердің қызмет өткеру жағдайымен қанағаттану дәрежесін анықтау үшін ішкі сауалнама жүргізу рәсімі реттелді.

Сондай-ақ, жаңа әдістер ізденісінде 2016 жылдың тамыз айынан бастап Бас прокуратура кадрларды іріктеу процесінің үздік HR-технологиясын енгізуге бағытталған жаңалықтар енгізілді.

Мәселен, тағылымдамадан өту кезеңіне үміткер төрт тапсырманы орындауы тиіс:  өзінің өмірлік тәжірибесін сипаттап беру, эссе жазу, кейстік тапсырмаларды орындау, психологиялық зерттеуден өту.

Кандидаттың жеке басы туралы көп білуге мүмкіндік беретін ұсынылған жаңа өзгерістер кадрларды іріктеу тиімділігін арттыруға арналған.

Талдау нәтижелері прокуратура органдарына қабылданатын заңгерлік жоғары оқу орындары түлектерінің айтарлықтай бөлігінің психологиялық тұрғыдан алғанда әрдайым кәсіби жарақты болып табыла бермейтіндігін көрсетті. Сондықтан болашақ прокурордың кәсіби білім-біліктілік қасиеттері мен икем-дағдыларын  қалыптастыру процесін жетілдіру ерекше орын алады.

Осыған байланысты лайықты кадрларды студенттік кездерінен бастап іріктеп алу мақсатында жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимыл форматы белгіленді.

Соңғы жылдар ішінде облыс прокуратурасы органдары студенттердің, одан әрі прокуратура органдарына қызметке қабылдануына жалғасатын өндірістік тәжірибеден өтуі үшін жағдай жасауға мүмкіндік беретін меморандумға сәйкес  жұмыс жасауда.

Қабылданып жатқан шаралар құқық қорғау органдарын тұрақты және адамгершілік қасиеттері қалыптасқан қызметкерлермен толықтыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейміз. Құқық қорғау органдары үшін жоғары кәсіби білікті кадрларды даярлау — кез келген заманауи мемлекет үшін ең басты міндеттердің бірі болып табылады.

 Мәншүк ИЗМҰХАМБЕТОВА,

Ақтөбе облысы прокуратурасының

5-басқарма прокуроры,

1-ші сыныпты заңгер.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button