Билік

Тәртіп тағы пысықталды

Өткен аптада облыстық әкімдіктің мәжіліс залында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова жүргізген отырыста ІІД-інің басқарма бастығы Жәдігер Аймаханов, облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов және балалар құқығын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу туралы биылғы 10 қазанда өткен кеңейтілген кеңесте белгіленген кешенді шаралардың орындалу барысын әңгімеледі. Сондай-ақ полицияға көмекші студенттер және білім мекемелері жанындағы сақшылардың шұғыл топтары мен «Тәртіп сақшылары» жасақтарының жұмыстары жайлы айтты.

— Биыл Үкіметтің қаулысымен қоғамдық тәртіпті күшейту мақсатында 100 штаттық бірлік бөлінгені белгілі. Оның ішінде 54 кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі полицияның мектептегі учаскелік инспекторы қазір жұмысқа кірісіп кетті. Әлі де 46 инспектор қажет. Қаламызда қоғамдық тәртіп күшейтіле түсті. 4 ЖОО-ы базасында оқытушылар мен студенттер құрамынан құқық қорғауға бағытталған 5 студенттік жасақ құрылды. Облыс территориясында қазір жалпы білім беретін мектептерде құрамында 3659 адамы бар (оның ішінде, 2243  жас мұғалімдер, 636 ата-ана және 1416 жоғары сынып оқушылары) 308 «Тәртіп сақшылары» жасағы жұмыс істейді. Облыс аймағында осы жылдың 10 айында орын алған қылмыстардың сараптамасы былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың тұрақтанғанын, яғни төмендегендігін көрсетіп отыр, — дейді ІІД басқарма бастығы Жәдігер Аймаханов.

Одан басқа облыстық білім басқармасы мен ішкі істер департаментінің қызметкерлері құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ата-аналармен және жастар комитетімен бірлескен рейдтер өткізіп тұрады. Лицей мен колледж оқытушыларының құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірігіп, қоғамдық орындарға патрульге шығып, оқу орындарына бармайтын жасөспірімдер мен жастарды анықтайды.

Сонымен қатар, спорттық және мәдени-дамытушылық мекемелерінің жастарды тәрбиелеудегі маңызын арттырып, ата-аналар комитеті мен «Тәртіп сақшылары» жасағы мен «Бүркіт» қоғамдық ұйымымен бірлесе жасайтын шараларды пысықтау керектігі айтылды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button