Білім

Сексеннің асқақ сеңгірі

Зайда Әбдірова — қырық жыл мектепте жұмыс жасап, көптеген шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Бүгінде облысқа, республикаға танылған ардагер ұстаздың оқушылары оны әр кез құрмет тұтып, мақтан етеді.

Жақында 80 жасқа толатын ардагер ұстаз оқушыларын ұмытпай, олармен жиі хабарласып тұрады. Кіндіктен жалғыз жаратылған Зайда апайға әр оқушысы туған бауыры іспетті.

— Егер жастық шағым қайта оралса, мен тағы да мұғалім мамандығын таңдар едім. Себебі бұл — мәңгілік мамандық, — деп бастады әңгімесін Зайда ұстаз. Шәкірттеріне терең білім, тәлім-тәрбие берген ардагер-ұстаз кезінде  әріптестері арасында өз мамандығының білгірі атанған еді. Оның жыл сайын қол жеткізген Алғыс хаттары мен медальдары — осының айғағы.

Үш ұл, бір қыз тәрбиелеген абзал ана — қазір 11 немере, 4 шөберенің сүйікті әжесі. Баласының үлкені — 62 жаста.

Өткенге көз салсақ, Зайда ұстаз 1947 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін, 1949 жылы Н.Байғанин атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын облыстық тарихи-өлкетану музейінен бастапты. Кейін Алға ауданы Махамбетовка аулында 7 жылдық орта мектепке қызметке келеді. Уақыт өте келе қызмет барысын қаладағы №16 орыс-қазақ орта мектебіне (қазіргі №21 мектеп) ауыстырып, ардагер-ұстаз атанды.

Жақында абзал ана, ардақты ұстаз Зайда апай 80 жылдық мерейтойын тойламақшы. Тойға шақырушылардың тізімі әу баста жасақталыпты. Ең негізгі қонақтар — шәкірттері.

—  Менің қолымда бар бақытым, байлығым — балаларым,  шәкірттерім. Әр кез Тәңірден осылардың амандығын тілеймін, — дейді Зайда ана.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button