Ауыл

Қуаныштың жоспары — кооператив құру

Бүгінгі күні ойылдықтардың төрт түлікті өсіруге құлшынысы зор. Мәселен, Көптоғай ауылдық округіне қарасты Амангелді  ауылында мал өсіріп, кәсібінен нәсібін тауып отырған азаматтар көп. Солардың бірі — «Мирас» шаруа қожалығының басшысы Қуаныш Қыстаубаев.

Ойыл – бірыңғай мал өсірумен айналысатын аудан. Өндірісті орындардан, теміржолдан шалғай жатқан өңір халқының барлық тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малға тәуелді. Соған қарамастан, бүгінгі күні ауданда мал шаруашылығынан басқа кәсіпкерлікпен айналысып, жаңа жобаларды қолға алып жатқан азаматтар бар.

Қуаныш Қыстаубаев — осы азаматтардың қатарында жүргендердің бірі. Ол еліміз тоқырауға ұшырап, ауылдарда мал саны азайып жатқан кезде өзінің қаражатымен атакәсіпті дамытуға бет бұрыпты. Қазір оның шаруашылығында 87 ірі қара, 90 жылқы, 100-ден астам қой бар.

  • Негізгі мамандығым — тарихшы. Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін бітірдім. Ақтөбе қаласында өз мамандығым бойынша 6 жыл жұмыс жасадым. 1994 жылы Ойылға отбасыммен көшіп келіп, осы кәсіпті қолға алдым. Басында мал саны аз болғанымен, қазір шаруашылығымыз бірқалыпты дамып келеді. Күзде малымызға азықты өзіміз дайындап аламыз. Қожалықта 4 трактор, шөп шабатын техникаларымыздың бәрі бар. Қазір шаруашылықта 10 шақты жұмысшым бар. Олар қыста мал бағуға, жазда шөп дайындауға көмектеседі. Ай сайын жалақыларын төлеп, шама-шарқым жеткенше көмектесіп тұрамын. Бұрын біздің өңірде қой көп еді. Соңғы жылдары шаруалар оның санын азайтып жатыр. Қазақ «Мал өсірсең, қой өсір» демекші, қазір менің қожалығымда 100 шақты қой бар, — дейді шаруа.

Оның айтуынша, бүгінгі күні шаруа қожалығының жанында мал сою цехы жұмыс жасайды. Цех осыдан үш-төрт жыл бұрын салынған. Қазір ауыл халқы осы цехқа апарып, малын сойдырады. Сондай-ақ аудан орталығындағы Ойыл аграрлық колледжінің оқушылары осы цехқа келіп, тәжірибеден өтеді. Мұнда білім алушылар малды союдың әдіс-тәсілдерін үйренеді. Мамандардан кеңес алып, шаруалармен әңгімелеседі.

Биылғы жылы шаруаларға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кооперативтер құру міндетін қойғаны белгілі. Осыған байланысты қазір  Қуаныш Қыстаубаев Көптоғай ауылдық округінен кооператив құруды жоспарлап отыр.

  • Кооператив негізінен сүт қабылдаумен айналысады деп жоспарлануда. Алайда кооператив құру үшін жеке тұлға немесе шаруа қожалығы болсын, оның құрамында 20 адамнан кем болмауы қажет. Сондықтан қазір осы бастаманы қолға алып жатырмын.

Жуырда облысымызға ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов келіп, жаңа құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтері жұмысының қаншалықты жолға қойылғанына назар аударып, шаруалармен кездесті. Сол кезде министр сүт өндірушілерге әрбір литр сүтке 20 теңгеден субсидия төленетіні туралы айтты. Бұл да болса бізге үлкен көмек. Жыл сайын субсидия алып отырсақ, кооператив жұмысына оң ықпал етеді. Сондай-ақ алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, сол қаржыға сүт таситын автокөлік пен сүтті салқындататын техника сатып аламыз, — дейді ол.

Сонымен қатар биыл шаруа асылтұқымды ірі қара малын сатып алу үшін «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мемлекеттен 17 миллион теңге несие алуға құжаттарын тапсырған. Жуырда несиесін алып, Оралдан асылтұқымды ірі қара сатып алмақ.

  • Қазір өңірде мемлекеттік бағдарламаның көмегімен несие алып, өз ісін дамытып, асылтұқымды ірі қара, қой өсіріп отырған шаруашылықтар көп. Биылғы жылы мен де асыл тұқымды ірі қара алуды ұйғардым. Қазақтың ақбас сиырын өсіріп, өнім көлемін көбейтуді көздеп отырмын, — дейді ол.

Қуаныш Қыстаубаев бүгінгі күні ауданда мал шаруашылығын дамытумен қатар  наубайхана ашып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Шаруаның зайыбы Күнжамал Әліп өз атынан кәсіпкерлік нысандарын ашып, қазір аудан халқын азық-түлік, нан, ұн, ет өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Ауылға келген соң бұрынғы кеңес дәуірінен қалған бос тұрған наубайхананы қалпына келтіріп, жөндеп, соның орнынан өз қаржыма наубайхана аштым. Бұл істі кейін зайыбым Күнжамал қолға алды. Өткен жылы 18 миллион теңге несие алып, наубайханамызды кеңейтіп, оған қажетті заманауи құрылғыларды сатып алдық.  Бүгінгі күні онда нан, кондитерлік өнімдер, сондай-ақ тұшпара, тартылған ет (фарш) сатылады. Сондай-ақ аудандағы бірқатар мектептерде асхананы жалға алып, оқушыларға ыстық тамақ дайындаймыз. Қазір қырыққа жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Наубайханада нан, кондитерлік өнімдерге арнайы тапсырыс та қабылдаймыз, — дейді шаруа.

Қазір Ойыл ауданының орталығында «Әліп» жеке кәсіпкерлігінің ашқан шағын маркеті де жұмыс жасайды. Онда азық-түлік түрлері  аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға  арзан бағамен ұсынылады.

Халыққа қызмет етіп, бүгінде аудандағы 50-ге жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған шаруаның әлі де алға қойған мақсаттары мен жоспарлары көп. — Бәрі де еңбекпен келетін дүние, ең бастысы, еліміз аман болсын! Бүгінге дейінгі қол жеткізген осы жетістіктеріміздің барлығы Тәуелсіздіктің арқасында. Сондықтан Ақтөбе халқын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын! — дейді Қуаныш Қыстаубаев.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button