Ауыл

Екі қабатты мектепте 3 оқушы білім алады

Оның 2-уі жақында қоныс аудармақ

 Қыс болса, Тассай аулында қатынас нашарлайды. Бүгінде екі аралықта мердігер мекеме жол жөндеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Алайда бұл іске жауапты мердігер мекеме жолға саз төсеумен ғана шектеліпті. Аудан әкімі Аманғали Бердалин Тассай ауылдық округіне барған кезде мердігерге жолға саз емес, қиыршық тас төсеуді тапсырды. Бір қызығы, бұл істен Хромтау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Қарақов мүлдем хабарсыз болып шықты.

Қазір Тассай ауылдық округіндегі екі қабатты Степной бастауыш мектебінде небары үш оқушы білім алады. Жақын күндері екі оқушы отбасымен басқа ауылға қоныс аудармақ. Ал қазір үш балаға он адам қызмет етіп жатыр. Бұл ауылдың жастары жұмыссыздық пен жол қатынасының қиындығынан қалаға қоныс аударған. Ешқайсысының ауылға оралғысы жоқ.

Халықты ауылға тұрақтандырудың бір жолы бар. Бұл — ауыл іргесінде газ құбырының шүмегі жатыр. Аудан әкімі осы шүмек арқылы Көкпекті мен Тассай ауылдарын газдандыруға байланысты техникалық мүмкіндіктерді зерделеу керектігін айтты.

Бүгінде тассайлықтар үшін негізгі мәселе — жол және ауылшаруашылық өнімдерін өткізу. Жергілікті халықпен кездескенде А.Бердалин: «Тассай ауылдық округінде 40 шаруа қожалығы тіркеуде тұр. Олардың тек 9-ы ғана мал ұстап отыр. Қалғандарының жері бос жатыр. Ол жерлерді дереу мемлекетке қайтару керек. Қазір облыс әкімінің тапсырмасымен Ақтөбе қаласындағы сауда орындарында әр ауданға ауылшаруашылық өнімдерін сату үшін арнайы орындар бөлінді. Бірақ, бүгінге дейін Хромтау ауданының кәсіпкерлері болмаса тұрғындар сол орынды пайдаланбай жатыр. Аудан халқының сол орындарда кестеге сай өз өнімдерін сатуға мүмкіндіктері бар, — деді А.Бердалин.

Кездесу барысында аудан басшысы Хромтаудағы «Агрофирма «Тау» серіктестігіне сүт таситын көліктер алуды тапсырып, аудан тұрғындары үшін сүтті жергілікті кәсіпорыннан алуға мүмкіндіктер қарастырылатынын айтты.

Тассай ауылы халқының айтуынша, ауылдағы көше шамдары алыстан әкімдер келген кезде ғана жанатын көрінеді.

Ауыл арасына қатынайтын жолдың сай-саласы көп болғандықтан, техникасы бар шаруа қожалықтары қысқы жол тазарту жұмыстарын өз мойындарына алғысы келмейді. Сол себепті, бәріміз бірге мердігер іздестіруіміз керек. Есепшотымызда қараша, желтоқсан айларында жол тазарту жұмыстарына бөлінген 800 мың теңге қаражат бар. Ал салықтан түскен қаржымыз ауыл көшелерін жарықтандыратын электр қуатының төлемақысына жетпейді. Сондықтан тек 10 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында ғана көше шамдары жағылады, — деді тұрғындар сауалына жауап беру кезінде ауыл әкімі Ербол Әбдіров.

Никельтау ауылындағы тұрғындардың басым көпшілігі теміржол саласында еңбек етеді. Сондықтан болар, мұнда ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалығы жоқ. Халықтың айтуынша, бұл ауылдың басты мәселесі — жол. Аудан орталығына жақын орналасқан ауыл болғанмен, қыста қатынас нашарлайды. Оның үстіне, ауылда учаскелік инспектор да жоқ.

Іргетасы 1948 жылы салынып, содан бері жөндеу көрмеген «Никельтау-жылу» мекемесіне қарасты ауызсу құбырлары мен Мәдениет үйінің шатырын алмастыру жұмыстары алдағы күннің еншісіне қалып отыр.

 Қуандық ЕСБОЛСЫНҰЛЫ,

Хромтау ауданы.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button