Білім

ҰБТ-ның жаңа форматы қандай?

Биылдан бастап мектеп түлектері емтиханды екі кезеңде тапсырады. Біріншісі, қорытынды аттестаттау. Яғни, барлық мектеп түлектері мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырады. Екінші кезеңде ұйымдастырылатын  емтиханның мақсаты — талапкерді жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау және мемлекеттік гранттың бөліну жүйесінің функциясын реттеу. Біз облыстық білім басқармасының бас маманы Дина Орыновадан ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы туралы сөйлескен едік.

Бірінші кезең: қорытынды аттестаттау

Мектеп бітіру емтиханы — бес пән бойынша өтеді. Оның төртеуі міндетті пән болса, біреуі таңдау пәні. Бірінші кезең бойынша барлық емтихан мектептерде өтеді, — дейді Дина Орынова. Оның айтуынша, төрт міндетті пән: ана тілі және әдебиеті (эссе жазу), қазақ тілінде білім беретін мектептерде — орыс тілі пәні, ал орыс мектептерінің оқушылары үшін — қазақ тілі пәні (тест түрінде), Қазақстан тарихы (ауызша емтихан), алгебра және анализ бастамалары (жазбаша).  Сондай-ақ, түлектер бесінші пән — таңдау пәні бойынша (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, информатика, шет тілі (ағылшын, француз, неміс тілдері) тест тапсырылады.

Бірінші емтиханда, яғни қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша өткізетін емтиханда балалар 300 сөзден тұратын эссе жазады. Эссе жазу үшін түлектерге үш түрлі тақырып ұсынылады. Солардың бірін таңдайды.

Екінші емтихан —  орыс тілі (қазақ тілі) пәні бойынша жалпы 40 тест тапрсырмасы беріледі. Емтиханның ұзақтығы — 80 минут. Бұл пән бойынша берілетін сұрақтар үш блокқа бөлінеді: лексикалық-грамматикалық, тыңдалым және оқылым. Лексикалық-грамматикалық блокта 20 тест тапсырмасы болады. Тыңдалым блогында аудиожазба бойынша 10 тапсырма беріледі. Оқылым блогында да 10 сұрақ беріледі.

Оқушылар Қазақстан тарихы пәнінен үш сауалға ауызша жауап береді. Ал алгебра және анализ бастамалары пәні бойынша өтетін емтиханда әр балаға 5 тапсырмадан беріледі.  Бұл емтихан үшін берілетін уақыт —  5 сағат, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы. Оның айтуынша, таңдау пәні бойынша да 40 тест тапсырмасы үшін 80 минут беріледі. 40 тест тапсырмасының 20-сының бір-бірден дұрыс жауабы болса, қалған 20 сұрақтың бірнеше дұрыс жауабы болады. Бірінші кезең бойынша өткізілетін емтихандарды еліміз бойынша шамамен 29 мамыр-9 маусым аралығында ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Айта кету керек, қазақ мектептерінің оқушылары үшін орыс тілі пәнінен, орыс мектептері үшін қазақ тілі пәнінен және таңдау пәні бойынша өткізілетін емтихандар бір күнде өткізіледі. Қалған үш пән бойынша өтетін емтихандар үш күнде өткізіледі.

Екінші кезең: Жоо-на қабылдау және мемлекеттік грантты бөлу

Екінші кезең бойынша өткізілетін емтихан талапкерлерді жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау және мемлекеттік грантты бөліу үшін ұйымдастырылады.

Бұған дейін өткізілген ұлттық бірыңғай тестілеуде 125 тест тарпсырмасы болатын-ды. Жаңа формат бойынша өткізілетін ұлттық бірыңғай тестілеуде 120 сұрақ болады. Бұл 120 сұрақ 5 пән бойынша беріледі. Оның үшеуі міндетті: оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық және Қазақстан тарихы пәндері. Бұл үш пән бойынша тест тапсырмалары 20 сұрақтан болады. Сондай-ақ ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматында түлектерге екі бейіндік пәннен 30 сұрақтан жалпы 60 сұрақ беріледі. Бұл пәндер оқушының таңдаған мамандықтарына байланысты таңдалады, — дейді Дина Орынова.

Тестілеу уақыты бұрынғыдай өзгеріссіз қалдырылыпты: 3 сағат 30 минут. Белгіленіп отырған төменгі шекті деңгей де  өзгеріссіз қалады екен (50 балл). Еліміз бойынша ҰБТ шамамен 20 маусым мен 1 шілде аралығында ұйымдастырылады. Емтихан ҰБТ өткізілетін пункттерде өтеді.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button