Білім

Мектеп формасы бойынша тағы бірқатар талаптар енгізіледі

Қазақстанның стандартизация институты бас директорының бірінші орынбасары Еркежан Әмірxанованың айтуынша, бүгінде Қазақстанда мектеп формасы бойынша нақты бір стандарттар жоқ. Сол себепті жаңа стандарттарды дайындау туралы шешім қабылданды. Ол жаңа стандарттардың не үшін енгізілетінін, сондай-ақ мектеп формасына қойылатын негізгі талаптар жайында айтып берді.

— Кеңес кезінде стандарттар болды. Бірақ содан кейін өзіміздің жеке стандарттарымыз жасалған жоқ. Мәселен, кеңес одағы тұсында синтетикадан тігілген киім мүлде болған жоқ. Қазір ондай матаның түр-түрі сатылады. Сондықтан біз осы іспетті матаның балалар денсаулығына кері әсерін тигізетіні жайында айтып, жаңа стандарттарда аталған мәселені көрсетуді көздеп отырмыз. Себебі, мектеп оқушысы форманы таңертеңнен бастап кешке дейін киіп жүреді. Ал кейбір маталар тері ауруларын туғызуы әбден мүмкін. Сондықтан жаңа стандарттарда осы мәселеге басымдық беріледі. Бірақ бір нәрсені түсініп алу қажет, мектеп формасының түр-тұрпаты, болмаса түсі бойынша шектеулер қойылмайды. Матаның сапасы бойынша нақты бір талаптар болады деген жоспар бар. Негізгі мақсат —  баланың денсаулығын сақтау, — дейді Е.Әмірxанова. Маманның айтуынша, бүгінде мектеп формасын тігіп жатқан өндірістер баршылық. Аталған тауарды сырттан тасып жүргендер де аз емес. Дегенмен, форманың қауіпсіздігі мен сапасын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Сол себепті, мектеп формасы бойынша нақты бір стандарттарды енгізу туралы шешім қабылданды. Қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылдан бастап жаңа стандарттарды қолданысқа енгізу жоспарланған. Оған дейін кәсіпкерлер мен теxнологтарды жинап, матаның құрамы анықталады. Ал жаңа стандарттар енгізілген күннен бастап, мектеп формасымен айналысатын кәсіпкерлер матаның сапасына баса назар аударуы шарт.

 «ҚазАқпарат».

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button