Ауыл

Шағын футбол алаңы ашылды

Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Мөңке би ауылындағы М.Тәжин атындағы орта мектеп жанынан бой көтерген жаңа типті шағын футбол алаңының ашылу салтанаты болды.

Шағын футбол алаңы «КазПромСтройгрупп» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Ержановтың демеушілігімен бой көтерді.

Салтанатты сәтте сөз алған аудан әкімі Бауыржан Қаниев елден шыққан азамат Бақытжан Ержановтың ел игілігі үшін атқарған мәрттік ісіне алғыс айтты. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында елді мекенге жасалған үлкен тарту деп бағалады. Сонымен бірге ауданымыздың ауылдық округтерінде «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылатын істерге де тоқталып өтті. Жақын арада қаламыздың №2, №4 және Ә.Жангелдин атындағы орта мектептері жанынан осындай шағын футбол алаңдары бой көтермек. Қаратоғай ауылы және Тоғыз стансасында мектеп құрылыстары басталмақ. Бұл ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында жас жеткіншектерге үлкен тарту болмақ.

— Мықты спортшылардың көбі ауылдан шығады. Осы футбол алаңынан елге, әлемге белгілі азаматтар тәрбиеленіп шықсын, — деді Б.Ержанов.

Өз қаражатынан 14 миллион теңге жұмсап, заман талабына сай шағын спорт алаңын салған кәсіпкерге ауыл тұрғындарының алғысы шексіз. Зейнеткер Ермұханбет Смайылов тұрғындар атынан ыстық ықыласын жеткізіп, ақ батасын берді. Елге тарту етілген спорт алаңын жақсы күйде ұстау ауылдықтардың міндеті екенін айтты.

Салтанатты шара соңында жаңа футбол алаңының лентасын еңбек және спорт ардагері Аманғали Төлебаев пен зейнеткер-ұстаз Тарғын Әмірәлин қиды, шашу шашылды. Ауыл өнерпаздары би билеп, өлең-жырдың тиегін ағытты.

Футбол алаңының ашылған сәтінен соң жасөспірімдер ойын бастауға дайын болды. Жаңа футбол алаңындағы алғашқы ойынға доп қосу құрметіне аудан әкімі Бауыржан Қаниев ие болды.

Бұдан соң қонақтар мен тұрғындар ауыл ортасында орын тепкен мектеп ауласына ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне 25 түп ағаш екті.

   Қ.ӘЛИН.

Шалқар ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button