Мәдениет

Студенттерге «Құнанбай» фильмі көрсетілді

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде филология факультетінің «Абайтану» ғылыми орталығының ұйымдастыруымен «Құнанбай» фильмі бойынша «Құнанбай: ақиқат пен аңыз» атты пікір алысу кеші өтті.

Аталған шараның өтуіне «Абайтану» ғылыми орталығының жетекшісі Басқар Әлиев мұрындық болды. Кешке филология ғылымдарының докторлары Әдебиет Молдаханов, Баян Бораш, Әлия Молдағұлова атындағы мемориалды музейінің ғылыми зерттеушісі Ғалымжан Байдербес, басқа да зиялы қауым өкілдері, университеттің оқытушылық құрамы мен студенттер қатысты.

Алдымен көпшілік назарына экраннан «Құнанбай» фильмі көрсетілді. Туындының сценарийін жазған авторы белгілі кинематограф, жазушы — Таласбек Әсемқұлов. «Құнанбай» фильмі атақты кемеңгер Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды. Әрбір ісінде шариғат үкіміне сүйенетін әділ басшы ретінде сомдалған. «Құнанбай» тарихи тұлғаның өмірі туралы кино ғана емес, онда сол кезеңдегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, әсіресе ауқаттылар қалай өмір сүргені, би-болыстардың қалай кеңес құрғаны, той-жиындардың қалай өткені өте әдемі көрсетілген.

Шара соңында рухани азық алған студенттер фильмнің барысы туралы өз ойларымен бөлісті.

 

                                                                                                        А.БОЛАТБЕКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button