Білім

Балдырған

Туған жер

Ор тағдыры ойландырады

Мұғалжар тауының бауырына, Ор өзенінің бойына орналасқан елді мекендердің бірі — менің аулым Құмсай.

Мені соңғы кездері Құмсайымның экологиясы көп ойландырады. Ор өзені тартылып, суы азайды. Судың азайғаны — жердің сәні кеткені. Біз енді суға еркін шомылып, балық ауламаймыз ба деп қорқамын. Ал осының бәріне өзіміз, яғни адамдар кінәліміз. Қоқыр-қоқысты, өлген мал-құсты Ор өзенінің бойына тастаймыз. Егер Орға тіл бітсе: «Ағалар, мені құтқарыңдар! Жер тазалағын ақтаңдар», — деп жалынар. Мүмкін, бұйрық берер ме еді?!

Ойланайықшы.

Елбасы жасыл ел болуға шақырып жатыр. Ал біздер бар ағашты кесіп, отын етеміз. Бабаларымыз «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген. Біз келер ұрпаққа не қалдырамыз?

Қалай дегенде де, менің жүрегімді Құмсай тағдыры көп ойландырады. Ағалар мен апалар менің хатымды оқып, мүмкін, ойланар.

Айгерім ТӨЛЕУМҰҚАНОВА,

8-сынып оқушысы.

Құмсай ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Оқушының өлеңі

Анам

Анам үшін мақтанам,

Бізді өсіріп баптаған.

Өскенде мен де бағамын,

Ұят емес пе бақпаған?!

Қошақаным

Қошақан жайылып келеді,

Келеді, енесін емеді

Аулаға өзі кеп кіреді,

Астауда су барын біледі.

Осындай момақан қозым бар,

Қозыларыңды әкеліп қосыңдар.

Райымбек МҰЗӘЛЕЛҰЛЫ,

2-сынып оқушысы.

Сарбие ауылы,

Ойыл ауданы.

Сыр

Менің арманым

Әрбір адам армандап, алдына мақсат қойып талпынады, жетуге тырысады. Жақсы армандар, тілектер қашанда орындалады.

Менің арманым — жақсы оқып,менен үлкен үміт күтіп отырған ата-анамды қуанту. Бұл менің алға қойған мақсатым деуге де болады. Егер мен мектептен жақсы білім алып шықсам, соңымнан ерген іні-қарындастарымды да білімге үйретпекшімін.

Есейген соң қолымнан келгенше кедей, мұқтаж жандарға көмек көрсеткім келеді, балаларға жағдай жасағым келеді. Сөйте-сөйте Қазақстандағы жағдайы нашар адамдарды қолдап, елімнің өркендеуіне, дамуына ат салысқым келеді. Өйткені мен өз елімнің азаматымын.

Дәулет ТОЙБАЗАРОВ,

М.Құсайынов атындағы облыстық

мектеп-интернаттың 5-сынып оқушысы.

Тілек

Әрқашан күн сөнбесін!

Соғыс… Қандай суық, қорқынышты сөз едің. «Ал осы соғыс не себепті болады? Осы адамзат атаулыға не жетпейді?» Осы сауалдар үнемі көкейімді мазалайды.

Менің ойымша, бар адам бейбіт күнді қолдайды. Дегенмен қара ниетті адамдардың пиғылынан тыныштық қантөгіс ұласып жататындығы — өмірдің шындығы. Соғыс өрті қаншама адамдардың өмірін қиды, қаншама сәби ата-анасынан айырылып, жетім қалды.

Осындай қасірет қазақ халқының басында да болды.

Ел басына қиын-қыстау іс түскенде ер-азаматтарымыз туған жердің топырағын жат жұртқа бермеу үшін күресе білді. Бүгінгідей мамыражай бейбіт күнге халқымыздың қайсар болмысының, ерлігінің арқасында ғана қол жеткіздік. Менің тілейтінім, ешқашан соғыс болмай, жерімізде әрдайым бейбітшілік болып, қазақ елі гүлдене бергей.

Қазіргі кезде де әлемде болып жатқан соғыс өрті елімізден аулақ болса екен деймін… Еліміздегі балалардың сыңғырлаған күлкісі ешқашан үзілмесе екен…

Сол үшін де ел басындағы ағаларымыз тер төгіп отырған жоқ па?! Әсіресе, Елбасымыз Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты еліміздің бейбіт өмір сүріп отырғандығының кепілі емес пе?!

Біз, кішкентай бүлдіршіндер, осы бейбіт күнді бағалай білуіміз керек. Аспаннан бұлт төнбей, аяулы анамыздың ыстық құшағында, аялы алақанында бар мейірім-шапағатты бойымызға сіңіріп, бақытты күндер кешудеміз. Лайым солай болғай!

Азамат ЖАЛМҰРАТОВ,

№4 орта мектептің 4-сынып оқушысы,

Шалқар қаласы.

Жас талап

«Жас жүрек жайып саусағын…»

Облыстық халық шаруашылығы үйінде осы тақырыппен жас айтыскерлердің жазба өлеңдеріне арналған әдеби кеш болып өтті.

Кешті ұйымдастырған «Жас айтыскерлер» мектебінің жетекшісі ақын Нұрлыбек Қалауов кеш қонақтарына жас айтыскерлердің шығармашылығы мен хал-ахуалы туралы әңгімелеп берді. Бұдан кейін сөз алған ақындар Кәрім Айнабеков, Жолдыбай Айтқұлов, айтыскерлер Талғат Тілеулес, Есентүгел Әзиев, т.б. өздерінің жүрекжарды пікірлерін ортаға салып, талапкер ақындарға тілектерін айтты.

Әдеби кеш барысында А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің студенттері Ұ.Саттарова, Д.Шынарбаева кеш қонақтарын Мұхиттың, Қызылдың әндерімен сусындатты. Кеш соңында талапкерлерге ескерткіш сыйлықтар ұсынылды. Кеш мазмұнды да тартымды өтті.

Гүлмира ЖҰМАҒАЗИНА,

облыстық халық шығармашылығы үйінің әдіскері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button