БілімЖаңалықтар

12 жылдық білім беру жүйесіне көшу — уақыт талабы

Брифинг

 Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн  режимінде 12 жылдық білім беру жүйесіне арналған брифинг өтті.

Шараға қатысқан Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және жалпы орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтова білім беру мазмұнын жаңартудың қажеттілігі туралы жан-жақты айтып берді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру міндетін қойып отыр. Экономикамыздың қарқынды дамуы білім беру жүйесіне де байланысты. Жаңа жүйе ең алдымен, оқушыларға сапалы білім беруді, болашақта олардың әлемдік бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етуді көздейді, — деді Зейнеп Мақсұтова.

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептердің 1-сынып оқушылары жаңа жүйе бойынша білім алып жатыр. Жаңартылған білім мазмұны арнайы кестеге сәйкес, 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізіледі. Нақтырақ тоқталсақ, биылғы оқу жылында 1-сынып оқушылары көш бастады. 2017 жылы —  2, 5, 7-сыныптар; 2018 жылы —  3, 6, 8, 10-сыныптар; 2019 жылы – 4,9, 11, 12-сыныптар жаңа стандартқа көшеді. 2020 жылға қарай 12 жылдық құрылыммен жаңартылған білім мазмұнына көшу барлық сыныптарда аяқталады.

Жаңартылған білім беру мазмұны — әлемдік тәжірибенің озық үлгісі.  Бұл жүйеге көшу мәселесі 15 жыл бойы талқыланды, сараланды. Министрліктің 2014 жылғы бұйрығына сәйкес, республика бойынша 30 мектепте бастауыш білім берудің оқу бағдарламалары апробациядан өткізілді. Сондай-ақ, жаңа стандарт бойынша сабақ беретін мұғалімдер біліктілік арттыру курстары, оқыту семинарлары арқылы арнайы даярлықтан өтті, — деді Зейнеп Мақсұтова.

Жиын барысында журналистер Зейнеп Мақсұтоваға түрлі сауалдар қойып, жауаптар алды.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button