Спорт

Тәуелсіз елдің түлегі

Қазақ жанкүйерлері су спорты түрлері бойынша жарыстарға бұрын-соңды қызығушылық танытпайтын. Ал 2015 жылдың жазында осы спорт түрінен өтетін әлем чемпионатын кәдімгідей күттік. Бізді өзгерткен, бұрын немқұрайлы қарайтын жарысқа деген қызығушылығымызды оятқан — 20 жасқа ғана жеткен спортшы Дмитрий Баландин еді.

2014 жылдың күзінде Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия Ойындарында брасс әдісімен жүзуден үш бірдей қашықтықта алтын иемденген отандасымыз енді әлемдік деңгейде нендей нәтижеге жетер екен деп елеңдегенбіз… Баландин ол жолғы әлем чемпионатында жүлдеге қол жеткізе алмағанмен, мықтылардың қатарында екенін дәлелдеген еді: 100 метр қашықтықтағы жарыста төртінші нәтиже көрсетті. Ал әлем біріншілігінде 4-орын алған спортшыға Олимпиадада үміт артуға әбден болады емес пе?! Ол үмітіміз ақталды: Дмитрий Баландин Рио-де-Жанейро Олимпиадасында ел қоржынына алтын медаль салды.

Аллаға шүкір, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында топ жарған Бекзат Саттархановтан бастап, әр Олимпиадада бір қазақстандық жас таланттың жарқ етіп көрінуі дәстүрге айналды. 2004 жылы Афиныда — 21 жастағы Бақтияр Артаев, 2008 жылы Пекинде 20 жастағы Илья Ильин ең жоғары нәтиже көрсетсе, үстіміздегі жылы өткен Рио-де-Жанейро Олимпиадасында олардың жолын жалғау жүзгіш Дмитрий Баландинге бұйырыпты.

Ең алғаш ол, жоғарыда айтқанымыздай, 2014 жылдың күзінде Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия Ойындарында үлкен жетістіктерге жетіп, жанкүйерлер назарына ілікті. Су спорты түрлерінен Азияда жапондар мен қытайлар мықты саналатыны белгілі. 2006 жылы Дохада (Катар) өткен Азия Ойындарында брасс әдісімен жүзуден 200 метр қашықтықта отандасымыз Владислав Поляков алтын жүлдеге қол жеткізген болатын. Инчхонға дейін Азия Ойындарында суға жүзуден осыдан өзге алтын бізге бұйырмаған еді. Ал Инчхонда бұрын аты аталмаған 19-ақ жастағы қазақстандық спортшы үш бірдей қашықтықта бірінші орын иемденіп, оның үстіне, үш бірдей Азия Ойындары рекордын жаңартты! Бастапқыда қарапайым жанкүйерлерге мұны қабылдау оңайға соқпады. «Бұл бала қайдан пайда болды — өзіміздің спортшы ма, әлде легионер ме? Басқа елден тағы дайын спортшы әкелген бе?» — деп дағдарысты. Қарапайым жанкүйерлер ғана емес-ау, тіпті шетелдердегі үлкен жарыстарға шығып жүрген журналистердің өзіне Баландин есімі таныс болмаған. Инчхонға дейін Баландиннен үлке-ен үміт күтуге болатыны суға жүзуден ұлттық құраманың бапкерлеріне, яғни тек мамандарға  ғана аян еді.

Спортшының жеке бапкері Алексей Казаковтың сол кезде журналистерге берген сұхбатында: «Ол — Алматыда туып-өскен бала, өзіміз тәрбиелеген спортшы. Менің тобыма алғаш келгеннен-ақ, одан үлкен жетістіктер күтуге болатынын түсіндім. Себебі, бала өз ісіне қатты берілген, өте еңбекқор екен. Бассейннен шықпайды. Көптеген жүзгіштеріміз «Қазақстанда жаттығу үшін жағдайлар жасалмаған» дегенді сылтау етіп, Еуропаға, АҚШ-қа кетіп жатады. Ал Дмитрий ешқандай сылтау айтпастан, тынбай жаттығумен болды. Міне, енді Қазақстанда жүріп-ақ, осындай табыстарға қол жеткізуге болатынын дәлелдеп отыр» — деген еді. Дмитрийдің өзі Инчхонда медаль алу үшін барын салып әзірленгенін, бірақ үш бірдей алтын алу түсіне де кіріп-шықпағанын айтты.

2014 жылғы Азия ойындарынан кейін, қазақ жанкүйерлері су спорты түрлерінен өтетін үлкен жарыстарға: «Біздің Баландин қайтер екен?» — деп, ерекше елеңдейтін болды. Бапкерлерінің айтуынша, ол Инчхондағы жарыстардан кейін небәрі бір-ақ апта демалып, содан соң қайта жаттығуға кіріскен.

2015 жылдың жазында Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен жазғы Универсиадада Дмитрий Баландин екі жүлде алды: брасс әдісімен 100 метр қашықтықта жүзуден — алтын, ал 50 метр қашықтықта жүзуден қола жүлдеге ие болды.

Ал 2015 жылы шілденің соңы мен тамыздың басында Қазан қаласында өткен әлем чемпионатында Баландин, жоғарыда айтқанымыздай, 100 метр қашықтықта төртінші орынмен шектелді. Өзінің айтуынша, осы қашықтық бойынша жарыста үшінші болып келе жатып, тек соңғы 5 метрде ғана қола жүлдеден айырылып қалған. Бұдан соң, Риодада Баландиннен 100 метр қашықтықта жүлде күту керек деп түйгенбіз. Ол нақ осы қашықтықта сәттірек өнер көрсететініне сенімді болдық.

Бірақ, Дмитрий Олимпиадада 100 метрде брасс әдісімен жүзуден жарысты сегізінші орынмен аяқтады. 200 метр қашықтықта финалға тек сегізінші нәтижемен ілікті. Сонда-дағы жанкүйерлер үміті сөне қоймады. «Тым болмаса қолаға ілігер» деген үміт…  мыңдаған қазақстандықтарды теледидар алдында жіпсіз байлады. Және бұл 200 метр қашықтықтағы жарыс — Дмитрийдің Рио-де-Жанейро Олимпиадасындағы соңғы мүмкіндігі болды. Өйткені Олимпиада бағдарламасына брасс әдісімен жүзуден сайыстар тек осы екі қашықтық бойынша ғана енгізілген.

Әрине, Дмитрий Баландиннің үмітті ақтағаны баршаңызға белгілі. 2016 жылдың 11 тамызын ол қазақ спорты тарихында алтын әріптермен жазылатын айтулы күнге айналдырды. Нақ осы күні Қазақстаннан жүзу спорты бойынша тұңғыш Олимпиада чемпионы шықты. Бұрын Владислав Поляковтың Афины Олимпиадасындағы брасс әдісімен жүзуден 100 және 200 метр, яғни екі бірдей қашықтықтағы бесінші орнының өзін әлем сенсация сынды қабылдаған еді. «Жүзу спортынан бүкіл дүниежүзі бойынша ең мықты бес спортшының қатарында қазақстандық та бар» — деп, нақ бір жерден жеті қоян тапқандай болған. Ал Дмитрий Баландиннің жеңісі тіпті үлкен сенсация болды. Спорт мамандары Риода бұл қашықтықта  германиялық Марко Кох, америкалық Кевин Кордес сынды мықтылардан жеңіс күткен екен. Енді олар кейінге ысырылды. Мықтылар көшін қазақстандық спортшы бастайтын күн келді.

Сонымен қатар, Дмитрий Баландин есімін біз үшін ерекше қымбат ететін тағы бір маңызды жайт бар: ол — тәуелсіздік жылдарында туған буыннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы.

Дмитрийдің отбасында ата-анасы, өзінен үлкен бауыры бар. Әкесі Игорь Баландин жас кезінде волейболмен, ал анасы коньки спортымен айналысқан. Өздері спортқа жақын болғандықтан, балаларын да спортқа баулуды көздеген. Сөйтіп, Диманы алты жасында бассейнге апарған. Айтуларынша, алға «баламыз болашақта осы спортпен кәсіби түрде айналыссын» деген мақсат қоймаған, бар болғаны жүзуді үйренсе екен деген ниет болған. Кейіннен Дима мамандар көзіне түсіп, Алматыдағы талантты балаларға арналған спорттық мектеп-интернатта оқыған. 2009 жылдан бастап Алексей Казаковтың қарамағында жаттығып жүр.

Дмитрий Баландин — әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің 4-курс студенті. Жеке бапкері секілді, оқытушылары да оның жауапкершілігінің жоғарылығын айтады. Үнемі жарыстарда, жаттығуда жүретін Дмитрий, негізінен, қашықтықтан оқу жүйесі бойынша білім алып жүрген көрінеді. Айтпақшы, Риодағы жеңісінен кейін ҚазМҰУ-де ашылған бассейнге Баландиннің есімі берілді. Оқу орны ел даңқын асқақтатқан студентіне осылай құрмет көрсетті.

Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін Дмитрий Баландинге көрсетілген құрмет бір ғана бұл емес екені белгілі. Ол Елбасы Жарлығымен ІІ дәрежелі «Барыс» орденін иемденді. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек оған үш бөлмелі пәтер мен Toyota Land Cruiser-200 машинасын берді. Дмитрий әкім берген машинаны әкесіне сыйлайтынын айтты. «Маған мұндай үлкен машинаны иемденуге әлі ертерек» — деді Олимпиада чемпионы журналистерге берген сұхбатында. Ал сыйға алған пәтерінде Баландин өзі тұрмақшы. Баспана мәселесін шешкенмен, үйленуге асықпайтынын, алдымен спортта жаңа жетістіктерге жетуге ұмтылатынын да айтқан болатын.

Өте ұяң еді

Амангелді Сейітхан, белгілі спорт журналисі:

— Баландинді алғаш 2014 жылы Инчхондағы Азия Ойындарында көрдім. Инчхонға барған журналистер: «Бұрын мұндай бала бізде жоқ еді ғой?» — дегенімізде, бапкерлері: «Өз елімізде, Алматыда туып-өскен бала» — деп жауап берді. «Хабар» арнасынан әріптесім Галина Полевая екеуміз сұхбат алу үшін Баландиннің өзіне де бардық. Жас та болса бойы биік, сырт тұлғасы нағыз спортшыға тән екен. Бірақ өте ұяң көрінді. Жүзуін керемет жүзгенімен, чемпион ретінде сұхбат беруге келгенде, қатты қысылды. «Дима, бұл басы ғана, сен алда бұдан да үлкен жетістіктерге жетесің, талай сұхбаттар бересің, үйренуің керек» — деп, үгіттеуімізге тура келді…

Ал жүзу спортында жаңа табыстарға жету тіпті де оңай емес, өз нәтижеңді секундтың бестен бір бөлігіндей уақытқа ғана жақсарту үшін кемінде 1-1,5 жыл бойы үзбей жаттығу керек. Мысалы, Риода 200 метр қашықтық бойынша финалда Баландиннің нәтижесі — 2 минут 07,46 секунд болса, Инчхонда нақ осы қашықтық бойынша финалдық бәсекедегі нәтижесі — 2 минут 07,67 секунд болған. Дмитрий Инчхондағы нәтижесін жақсарта алмаған күнде, Рио-де-Жанейрода күміспен ғана шектелер еді, өйткені америкалық жүзгіш Приноттың 200 метр қашықтықты 2 минут 07,53 секундта жүзіп өткенін Олимпиада жылнамасынан білесіздер.

Жалпы, Дмитрийдің жетістіктері елімізде жүзу спортының дамуына серпін беріп отыр. Қазақстанның ірі қалаларында бассейнге баратын балалар саны күрт артты. Осы спорт түрінен ұлттық құрамаға спортшыны су астынан бақылауға болатын құрылғы сатып алынған. Бұрын ондай құрылғы бізде болмаған. Спортшыны су астынан бақылау арқылы қандай қимылдары оның жүзуін баяулатып отырғаны, т.б. маңызды жайттар анықталады. Бұл құрылғы тек Дмитрий ғана емес, басқа да құрама мүшелерінің өз нәтижелерін жақсартуына септігін тигізбек. Ал Дмитрий бір сұхбатында су спорты түрлерінен қазақстандықтардың эстафеталық жарыстарда да үлкен нәтижеге жетуін армандайтынын айтқан еді.

Достарының айтуынша, өмірде Дмитрий — ақжарқын, қарапайым жан. Бос уақытын достарымен өткізгенді ұнатады. Сондай-ақ, басқа да жастар секілді, арасында компьютермен ойнайды, футбол қарайды. Ағылшынның «Ливерпуль» және испанның «Реал» командаларына жақтасады. Анасын өзінің нөмірі бірінші жанкүйері санайды.

Баландин қайырымдылық акцияларына да қатысып жүр. «Charity tour de Burabay 2016» қайырымдылық аукционында оның футболкасы 1 миллион 450 мың теңгеге сатылды.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button