БілімТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Тәуелсіздіктің жемісі: 266 қазақ мектебі, 373 қазақ балабақшасы

1989 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданғанда қазақ мектептерінің саны 50 пайызға да жетпейтін еді. Ал қазіргі көрсеткіш — 64 пайыз.  Сол жылы облыста 185 орыс мектебі болса, қазір содан қалғаны — 27. Балабақшаларда да солай. 1991 жылы балапандардың небары 26 пайызы ғана қазақ топтарында тәрбиеленген болса, қазір — 67,2 пайыз. 1991 жылы өңірдегі 435 балабақшаның 160-ы қазақ балабақшасы болса, қазір олардың саны 373-ке жетіп отыр. Мұның бәрі — Тәуелсіздіктің жемісі!

Біз облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Құлыбековамен егемендіктің арқасында білім беру саласында мемлекеттік тілдің мәртебесінің қалай көтерілгендігі туралы әңгімелескен едік.

Мектеп және мемлекеттік тіл

Тәуелсіздіктің арқасында еліміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Білім беру саласында да солай. Мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөліп, айрықша мән берді. Соның нәтижесінде қазақ мектептері, қазақ балабақшалары көп ашылды. Тәуелсіздікке дейін қазақ тілінде оқитын балалардың да саны аз болған еді, — дейді Гүлжан Құлыбекова. Мысалы, 1989 жылы өңірдегі 505 мектепте білім алған 133 905 оқушының 37 пайызы ғана қазақ сыныптарында оқыды. Ал қазір қазақ тілінде білім алушылардың үлесі — 76,6 пайыз. Жалпы облыста 128 953 оқушы бар. Оның 98 806-сы қазақ сыныптарында оқиды. Ал сол жылы, «Тіл туралы» Заң қабылданған жылы 185 орыс мектебі болған  еді. Арада екі жыл өткен соң олардың саны 121 болды.  Тағы бір дерек: 1989 жылы облыста қазақ мектептерінің үлесі 49 пайыз болса, ел Тәуелсіздігін алған жылы аз да болса, қазақ сыныптарында оқитын оқушылардың саны өсті: 51,5 пайызға жетті. Ал қазір 64 пайызға жетіп отыр. Біздің облыста 416 мектеп (327-сі — ауыл мектебі) бар. Оның 266-сы — қазақ мектептері. Орыс мектептерінің саны — 27. Аралас мектептердіңң үлесі — 123.

Егемендік алған жылдан бастап-ақ, қазақ мектептері, қазақ гимназиялары  ашыла бастады. Мысалы, 1991 жылы Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп мәртебесін өзгертіп, қазақ мектеп-гимназиясы атанды. Бұл білім шаңырағы — облыс орталығындағы тұңғыш қазақ гимназиясы. Сол жылы бұл гимназияны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашқан болатын. Сондай-ақ, 1991 жылы Ақтөбе қаласында №21 мектеп-гимназиясы еңсе көтерді. №35 орыс мектебі де мәртебесін өзгертіп, аралас мектеп болды.

Айта кету керек, орыс тілінде білім беретін мектептердің азаю себебі балаларын мемлекеттік тілде оқытуға ата-аналардың ынта-ықыласының артуына байланысты, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары. Оның айтуынша, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары (1992-1993 оқу жылында) Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе ауданында жалпы 20 орыс мектебі болған. Қазақ мектебі — 10, аралас мектеп — 35. Ал Ақтөбе қаласында 7-ақ қазақ мектебі болды.

Тәуелсіздіктің арқасында дарынды балаларға арналған мектептер пайдалануға берілді. Бұл туралы Гүлжан Құлыбекова былай дейді:

Мәселен, облыста Назарбаев зияткерлік мектебі, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған 4  мектеп-интернат, инновациялық режимде жұмыс жасайтын 7 гимназия, 15 мектеп-гимназия, 3 мектеп-лицей ашылды.

Арнайы стандарт және сабақ

 Облыстағы 27 орыс мектебінің көпшілігі Мәртөк ауданында орналасқан. Аталған ауданда 13 орыс мектебі бар. Мәртөктегі 33 мектептің 4-еуі ғана қазақ мектебі. Аралас мектеп — 16.

Тәуелсіздікке дейін де солай болды. Қазір де орыс және аралас мектептердің көп болуының басты себебі, басқа аудандармен салыстырғанда аталған ауданда өзге ұлт өкілдерінің саны басым. Қарғалы ауданында 17 мектеп бар. Оның екеуі ғана — қазақ мектебі. Екеуі — орыс мектебі. 12-сі — аралас мектеп, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары (1992-1993 оқу жылында) Қарғалыда бір ғана қазақ мектебі болған. Орыс мектебінің саны — 17. Аралас мектептің үлесі — 8.

Деректерге сүйенсек, 1991 жылдан кейін аралас мектеп саны күрт көбейіп кеткен. Мысалы, 1989 жылы 71 аралас мектеп болса, арада екі жыл өткен соң олардың саны 128 болған. Қазір бұл мектептердің саны — 123.

Аралас мектеп дүбәра ұрпақ тәрбиелейді.

Дегенмен, аралас мектеп ашпасқа амал жоқ. Соның есебінен қазақ сыныптарының саны артты, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.

Облыста аралас мектептері басым аудандар: Алға, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Қарғалы. Мысалы, Қобдадағы 29 мектептің 16-сы — аралас мектеп. Алға, Мәртөк, Мұғалжар ауданындағы көрсеткіштер де солай. Мәртөктегі 4668 баланың — 1981-і орыс тілінде оқып жүр. Қарғалыдағы 2256-ы баланың  жартысынан көбі 1152-сі орыс сыныптарында білім алады. Бұл екі ауданда да аралас мектептердің саны көп.

Мемлекет басшысы орыс мектептеріндегі, орыс сыныптарындағы қазақ тілінің  сапасын арттыруды тапсырды. Соның нәтижесінде соңғы 5 жылдан бері  орыс сыныптарындағы қазақ тілі пәнінің сағаттар саны артты. Бұл орыс сыныптарында оқып жатқан балаларға мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгертуге мүмкіндік беріп отыр.  Сондай-ақ, кейбір орыс сыныптарында қазақ тілі пәнімен қоса, Қазақстан тарихы пәні қазақ тілінде оқытылып жатыр, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Айта кету керек, өткен оқу жылында өзге ұлт өкілдері оқитын сыныптарда сағаттарды тиімді ұйымдастыру үшін арнайы стандарт та бекітіліпті.
Былтырдан бері сол стандарт негізінде Ақтөбе қаласындағы №26 және Қарғалы ауданының Бадамша кентіндегі №1 мектептер қазақ тілі оқулығымен толық қамтамасыз етілді. Мұғалімдерге әдістемелік құралдар берілді, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Тәуелсіздіктің тартуы: 113 мектеп. 37 656 орын

Ата-аналардың өтініш-тілектері ескеріліп, соңғы жылдары қазақ мектептерінің саны артып жатыр. Облыста бой көтерген мектептердің басым бөлігі — қазақ мектептері, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде біздің облыста 113 жаңа мектеп еңсе тіктеді.  Сыйымдылығы — 37 656 орын.

— Мұның ішінде 51  мектеп орын тапшылығын жою мақсатында салынды. Елбасы үш ауысымда оқыту мәселесін шешуді, апатты мектептерді жоюды міндеттеген болатын. Бала көптігіне байланысты үш ауысымда оқытуға мәжбүр мектептердің мәселесін шешу үшін 10 мектеп бой көтерді. Апатты мектептердің  орнына  жаңадан 48 мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, бейімделген ғимараттардың орнына 4 мектеп салынды, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.

Балапандардың балабақшалармен қамтылу көрсеткіші — 65,4 пайыз

Қазір облыста 555 балабақша мен шағын орталық бар. Онда 46 448 бала тәрбиеленіп жатыр. Осы балапандардың 52 пайызы қазақ балабақшаларына барып жүр. Жалпы 555 балабақшаның 67,2 пайызы,  яғни 373-і — қазақ балабақшалары. Орыс балабақшаларының саны — 19. Аралас балабақшалардың үлесі — 163.

1991 жылға дейін қазақ балабақшаларының үлесі 36,7 пайыз болды. Бұл балабақшалардағы 45 191 балдырғанның 11 923-і (26 пайыз) қазақ топтарында тәрбиеленді. Қазақ топтарының дені ауылда, негізінен қазағы басым  ауылдарда болды, — дейді Гүлжан Құлыбекова. Оның айтуынша, 90-шы жылдардағы қаржылық қиындықтың салқыны балабақшаларды да айналып өткен жоқ. 1999 жылы облыста небары 68-ақ балабақша болды. Балалардың 9,3 пайызы ғана балабақшамен қамтылды. Ал қазір мектепке дейінгі мекемелердің саны 8 есеге артты: 555 балабақша бар. 1-6 жастағы балдырғандардың мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылуы — 65,4 пайыз. Ал 3-6 жастағы балапандардың балабақшалармен қамтылу көрсеткіші — 91,6 пайыз.

Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты мемлекеттік балабақшалармен қатар жеке балабақшалардың да саны артты. Қазір облыстағы 66 жеке балабақшада 8433 балапан тәрбиеленіп жатыр.

—  Тек бір ғана жылдың ішінде, биылдың өзінде облыста 37 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Оның 33-і —Ақтөбе қаласында іске қосылды. Мұның 25-і — жеке балабақша. Нәтижесінде,  3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен  қамту 3,7 пайызға өсті, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру қазақ балабақшаларына баратын өзге ұлт өкілдері балаларының санының артуына да септігін тигізді. Бүгінде қазақ балабақшаларында 600-ге жуық басқа да ұлт балалары тәрбиеленіп жатыр.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button