ЖаңалықтарСпорт

Әлем чемпионатының нәтижесі: екінші орынды еншіледік

Өткен жексенбі күні Ақтөбеде гір көтеруден әлем чемпионаты өз мәресіне жетті.

Естеріңізге сала кетсек, шаһардағы «Қоныс» спорт сарайында өткен жаһандық жарысқа әлемнің 37 елінен 400-ден аса спортшы жиналған еді. Ал спортшылардың аяқ алысын жер-жерден келген 25 төреші бақылады. Сондай-ақ, додаға 70 ерікті жұмылдырылды. Негізінен өңірдегі жоғары оқу орнының студенттерінен тұратын мақсатты топ шетелдіктерге тілмәш қызметін атқарды.

Гір спорты біздің өңірімізде жақсы дамып келе жатыр деп айтуға болады. Спорт мектептерінде арнайы секцияларымыз жұмыс жасайды. 300-ден аса ақтөбелік бала осы спорт түрімен айналысып жүр. Олардың арасында ауылдың кішкентай тұрғындары да бар. Аталған чемпионатқа Ақтөбенің өзінен 20-ға жуық спортшы қатысты, — дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ескендірбек Маханов.

Спорттық сайыстың бас төрешесі Мұрат Қазиевтің айтуынша, қатысушылардың барлығы шараның ұйымдастырылу деңгейіне разы болып тарасқан. Сонымен, чемпионаттың қорытындысына тоқталсақ, кәсіпқой атлеттердің арасында жалпыкомандалық есеп бойынша I орынды Ресей, одан кейінгі орындарды Қазақстан мен Украина елдері еншілеген. Ардагерлер арасында да жерлестеріміз ресейліктерге жол беріп, екінші орыннан көрінді, ал үздік үштікті АҚШ-тан келген егде жастағылар түйіндеді. Жалпы есеп бойынша, Ресей Федерациясы он, Қазақстан Республикасы 7 алтын медальді жеңіп алды.

Жарыста қола медаль алғанына қарамастан, жүзі бал-бұл жанған, қуаныштан марапаттау рәсімінде екі езуі бір жиылмаған сербиялық Александр Милетичті әңгімеге тарттық. Оның бұлай шаттануының себебі бар екен, Сербия Республикасы гір көтеруден ұйымдастырылған әлем чемпионатында тұңғыш рет медальға ие болыпты. Орыс тіліне судай спортшы «Отаныма құр қол қайтпайтын болдым. Ур-р-ра, әйтеуір бір медаль бұйырды», — деп балаша мәз болды. 24 келілік екі гір тасын 79 рет көтерген Саша қазақтардың өте қонақжай екенін, мұндай сыйластықты ешқашан ұмытпайтынын айтты. Онысы түсінікті де, әңгімелесушіміздің сөз ләмінен түсінгеніміздей, сербиялық жұртшылық та оларға медаль сыйлаған Ақтөбедегі чемпионатты ұзаққа дейін ұмытпайтын сияқты. Үшінші орын иесін олар ерекше сән-салтантпен күтіп алуға сақадай сай отыр екен…

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button