Спорт

Сенбі күні ххv чемпионат аяқталды

Премьер-Лига

«Ақтөбе» маусым басындағы жоспарына сәйкес алғашқы алтылықтан орын алды

 Сонымен ең соңғы турға дейін үшінші орын иесі мен бірінші лигаға түсіп қалатын командалар, оған қоса Еуропа Лигасында ойнауға тиіс клуб анықталмай келген кезекті ХХV чемпионат аяқталды.

«Астана» қатарынан үшінші рет чемпион атанса, «Қайрат» тағы да екінші орынды қанағат тұтты. Ал 2012 жылдан бері жүлдесіз келе жатқан «Ертіс» үшінші орынға ілікті. Төртінші орынға табан тіреген «Ордабасы» командасының Еуропа Лигасында ойнауына әлі де Қазақстан Кубогы бәсекесінде күш сынасып жүрген «Атырау» бөгет жасауы мүмкін. Бірақ жанкүйерлердің басым тобы, расын айту керек, «Атыраудың» Кубок иесі болатындығына аса сенімді емес.

Қазақстан чемпионаттарында бұған дейін қатарынан 11 жыл бойы алғашқы үштіктен көрінген «Ақтөбе» биылғы маусымды 6-орынмен аяқтады. Егер биыл ақтөбелік команданың түгелдей дерлік жаңадан жасақталғанын ескерсек, оның үстіне жеңімпаз һәм жүлдегер командалардағы сырт жұрттан келген қымбат легионерлерді санамалап шығар болсақ, оның есесіне біздің облысымызда бірқатар жергілікті жас түлектеріміздің алғашқы шыңдалу мектебінен өтуіне мол мүмкіндік болғанын және олар жанкүйерлердің көңілінде үміт отын жаққанын есепке алсақ, өз командамыздың бұл көрсеткішін қомсынуымыздың реті де жоқ тәрізді.

Жерлестеріміз чемпионаттың соңғы ойынын сырт алаңда өткізді.

Шымкенттегі бұл кездесуді негізінен жастардан жасақталған «Ақтөбе» оқыс бастады. Қонақтардың алғашқы шабуылы бірден нәтижелі аяқталды. 5-минутта Дидар Жалмұқан тастаған оңтайлы пасты Асланбек Кәкімов тиімді пайдалана қойды, шымкенттік қорғаушылар да, қақпашы Сергей Бойченко да шарасыз халде қалды, теңбіл доп жібек торды бүлк еткізді — 0:1.

Әрине, шымкенттіктер намысқа қамшы басты. Біресе Еркебұлан Тұңғышбаев, біресе Отар Марцваладзе, енді бірде Самат Смақов біздің қақпаны нысанаға алумен болды. Бірақ ақтөбелік қорғаушылар қатесіз қимылдады, оның үстіне жас қақпашы Игорь Трофимец қай допты да қақшып түсіп, алаң иелерінің діңкесін құртып бақты. Ең қызығы, Асланбек пен Дидар 20-минутта «Ордабасының» қақпасына тағы бір доп соқты да, бірақ футболшылар ойыннан тыс қалғаны себепті бұл гол есептелмеді. Бұған келесі кезекте Асланбек тағы бір голдың авторы атана жаздағанын қосып қойыңыз. Дегенмен ақырында шымкенттіктердің айы оңынан туғандай сәт жетті. 35-минутта өз айып алаңында Бағдат Қайыров допқа талас барысында Еркебұлан Тұңғышбаевты ережеден тыс әдіспен құлатқаны жөнінде өте даулы шешім шығарған төреші Александр Алиев он бір метрлік айып добын белгіледі. Бірақ Александр Гейнрих дуылдай қостаған жанкүйерлерді тіпті де шаттандыра алмады, допты маңдайшадан асыра теуіп жіберді.

Дегенмен көп ұзамай шымкенттіктерге есепті теңестірудің реті келді. Төреші қонақтар қақпасына таяу маңнан тағы бір айып добын белгіледі де, Мардан Төлебек тоғыздықты дәл көздеді — 1:1.

Жинақы қимылдап, қарымта шабуылдар ұйымдастырып, шымкенттік қорғаушыларды қыспаққа алған ақтөбеліктердің бұдан соң да есепті қайтадан өз пайдаларына өзгертерліктей мүмкіндіктері болып еді, әттең, Никита Бочаров баспен соққан добын қақпа маңдайшасынан асырып жіберді.

Екінші таймда бұдан әрі шегінерге жолдары қалмаған «Ордабасы» қалай болғанда да жеңіске жетуге ұмтылып бақты. Александр Гейнрих, Қайрат Әшірбеков, Абдулай Диакате біздің қақпаға кезекпе-кезек шүйілумен болды. Бірақ Игорь Трофимец бұл сындардан да мүдірмей шықты. Дегенмен Игорьдың да мүмкіндігі шексіз емес екендігі түсінікті ғой. 88-минутта төреші «Ақтөбенің» қақпасына екінші рет пенальти белгіледі де, бұл жолы тәжірибелі Александр Гейнрих қателескен жоқ, жас қақпашы Игорь доп бағытын аңдағанымен тосқауыл жасап үлгермеді — 2:1.

Бұл есепті қайта теңестіру үшін ақтөбеліктерге уақыт жетпеді. Әйтсе де бұл кездесуге бұрын көз үйренбеген жаңаша құраммен шыққан «Ақтөбе» тоқсан минут бойы сауатты қимылдап, алаң иелерінің ащы терін сығып алды. Еш ойыншы да аянып қалмады, «Орабасының» тәжірибелі футболшыларына лайықты жауап қайтарып отырды. Әттең, тайм соңындағы он бір метрлік айып добы қатты өкіндірді. Дегенмен бұл да келер жолдары бармақ тістемеу үшін пайдаланылуға тиіс қажетті тәжірибенің бір нұсқасы ретінде есепке алынатындығына дау жоқ. Айтпақшы, бұл кездесуге ақтөбеліктер сапында әлі он алты жасқа тола қоймаған Антон Скворцов шықты. Бұрын алаңға дәл осындай жас талапкер Әбілхан Әбдікәрімов те шыққанын жанкүйерлер ұмыта қоймаған болуы керек.

Осылайша өтірікті-шынды жеңіске жеткен «Ордабасы» алдағы маусымда Еуропа лигасында ойнау мүмкіндігіне ілгері бір қадам жасады. Егер алдағы ойындарда «Атырау» Қазақстан Кубогына ие бола алмаса, әрине, шымкенттіктерге даңғыл жол ашылады.

Дегенмен, жасыратыны жоқ, шымкенттік журналистер ойыннан соңғы баспасөз мәслихатында «Ордабасы» командасының бас бапкері Бахтияр Байсейітовті «жеп қоя» жаздады. «Айтыңызшы, біздің жергілікті түлектеріміз қашан ойнайтын болады? Ылғи бір келімсектер, қартамыстар. Қараңыз, «Ақтөбе» қалай ойнап жүр — жартысынан көбі өз түлектері. Ал бізде ылғи отыз жастан асқандар. Тіпті қырықты алқымдағандары да бар. Жыл сайын бізді алдайсыңдар да отырасыңдар. Кім болса соны сүйреп әкелесіңдер. Жергілікті балаларды ойнату керек. Шынын айтсақ, біз төртінші орынға да лайық емеспіз» немесе «Несіне шаттанбақпыз? 35-36 жастар шамасындағы легионерлер келеді де жатады, 20 мың долларлап қалтаға басады, ал алаңда аяңдап жүруден аспайды. Мысалы, бүгін «Ақтөбе» бізді қаншама есе басып озды, біздің ойыншылар оларға ілесе алмай қалып жатты. Бұл шындық емес пе, біздің өз пікірімізді айтуға құқымыз да бар ғой, бұл жеке клуб емес» деген тәрізді айыптаулар қарша жауды.

 «Ордабасы»-«Ақтөбе» — 2:1

Гол авторлары: Асланбек Кәкімов, 5-минут (0:1); Мардан Төлебек, 40-минут (1:1); Александр Гейнрих, пенальти, 88-минут (2:1).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: А.Симчевич, 75-минут; Қ.Әшірбеков, 77-минут («Ордабасы») — Б.Қайыров, 37-минут; А.Кәкімов, 51-минут; Н.Бочаров, 73-минут; К.Шестаков, 90+2 минут («Ақтөбе»).

37-минутта пенальти орындаған А.Гейнрих («Ордабасы») қақпаны дәл нысанаға ала алмады.

«Ордабасы»: Сергей Бойченко, Александр Гейнрих, Абдулай Диакате, Доминик Чатто (Филип Касалица, 84-минут), Александр Симчевич, Отар Марцваладзе (Қайрат Әшірбеков, 67-минут), Гогита Гогуа (Бақдәулет Қожабаев, 46-минут), Ренат Абдулин, Мардан Төлебек, Еркебұлан Тұңғышбаев, Самат Смақов (капитан).

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец, Игорь Бойчук (Антон Скворцов, 69-минут), Бобир Давлатов, Марат Ситдиков, Никита Бочаров, Вук Митошевич, Егор Азовский, Дидар Жалмұқан (Кирилл Шестаков, 46-минут), Бағдат Қайыров (капитан), Асланбек Кәкімов, Виктор Крюков (Нұрбол Жұмашев, 46-минут).

29 қазан. Шымкент. Қажымұқан атындағы стадион. 3000 адам.

*   *   *

 

Басқа кездесулер:

«Ертіс»-«Астана» — 0:0

85-минутта екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін Абай Жүнісов («Ертіс») жасыл алаңнан қуылды.

Бұл ойында «Астана» ұпайға зәру емес еді, олар бұдан бір тур бұрын қатарынан үшінші рет алтын медальға қол жеткізіп қойған. Сол себепті олар жасыл алаңға бұрын қалыптасқан қуатты құраммен шықпады, азулы ойын да көрсетпеді. Бұлардан бір мойын жоғары ойнаған «Ертіс» жеңіске жете алмағанымен, бір ұпай олжалады да, қола медальға қол жеткізді, сонымен қатар келер жылы Еуропа Лигасында ойнау мүмкіндігіне ие болды.

«Қайрат» — «Оқжетпес» — 5:0

Гол авторлары: Жерар Гоу, 1-минут (1:0); Исаэль, 46-минут (2:0); Бауыржан Исламхан, 49-минут (3:0); Исламбек Қуат, 67-минут (4:0); Ғафуржан Сүйімбаев, 86-минут (5:0).

49-минутта пенальти орындаған Бауыржан Исламхан қақпашыдан айласын асыра алмады.

Қанша тырмысса да биыл тағы да алтын медальға қол жеткізе алмаған «Қайрат» өшін «Оқжетпестен» алды. 1-минутта соғылған допқа ілескен голдар көкшетаулықтардың төртінші орынға шығып, Еуропа Лигасында ойнау жөніндегі армандарын біржола тас-талқан етті. Сөйтіп, бұдан бұрынғы екі турда жалпы есеп бойынша 1:9 есебімен ұтылған «Оқжетпес» бұл кездесуде де алматылықтардың алдындағы дәрменсіздіктерін толық мойындады.

*    *   *

 

Ал 7-12 орындардағы командалар арасында өткен кездесулер төмендегідей есептермен аяқталды:

«Тараз»-«Шахтер» — 2:1

Гол авторлары: Давронжан Эргашев, 54-минут (1:0); Деслей Уббинк, 73-минут (1:1); Александр Киров, 77-минут (2:1).

Алғашқы голды екінші таймда әзер соққан «Тараздың» жағдайы қақпасына қарсыластар тарапынан қарымта доп соқтырып алған сәтте тіпті қиындап кеткен болатын. Дегенмен төрт-бес минут шамасында Александр Киров командасын қайтадан алға шығарды да, тараздықтар осы есепті ойын соңына дейін ұстап қала алды.

Әрине, ұтылғанмен де қарағандылықтардың есебі түгел еді, олардың Премьер-Лигада қалатыны өткен турда-ақ анық болған. Ал «Тараз» енді Премьер-Лигада қалу үшін 5-қазанда «Астана Аренада» бірінші лигадағы семейлік «Алтаймен» өтпелі ойында күш сынасады.

«Жетісу»-«Ақжайық» — 0:2

Гол  авторлары: Эдуард Сергиенко, 33-минут (0:1); Фредди Ортиз, 58-минут (0:2).

50-минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Нарек Бегларян («Жетісу») жасыл алаңнан қуылды.

Бұл кездесуде «Жетісуға» тек жеңіс қана қажет еді. Бірақ бұдан бұрынғы жеті ойында бір-ақ рет жеңіске жеткен жетісулықтар өз бойынан асыра секіріп түсе алмады, жеңілді. Ал екінші айналымда Құрбан Бердиев бас бапкер болып келген соң аяқ астынан күшке мініп, бес рет жеңіске жеткен «Ақжайық» маусымның соңғы ойынын да сенімді өткізді. Команданы су түбіне кетуден футболшылардың шеберлігі ғана емес, бапкердің терең тактикасы да құтқаратыны тағы бір рет дәлелденді. Сөйтіп, «Ақжайық» еш алаңсыз 10-орынға жайғасса, «Жетісу» бірінші лигаға түсуге мәжбүр болды.

«Атырау»-«Тобыл» — 3:0

Гол авторлары: Вячеслав Шарпар, 3-минут (1:0); Фернандо Кассай, автогол, 46-минут (2:0); Ги Стефан Эссаме, 67-минут (3:0).

Бұл кездесудің есебі екі команда үшін де ешқандай маңызды роль атқармайтын. Дегенмен биылғы маусымда «Атырауды» бірде-бір рет жеңіп көрмеген «Тобыл» намысқа тырысуы керек-ақ еді. Тырысқан да шығар, бірақ барлығы да бұрынғыша дерлік аяқталды, қостанайлықтар қақпасына үш гол енгізіп алды.

Енді «Тобыл» келесі жылдың қамына кіріседі, ал «Атырау» Қазақстан Кубогы үшін болатын жартылай финалдық ойында «Қайратпен» қалай күш сынасу керектігін зерделейтін болады.

 

32-турдың нәтижелері

 

Бұл турда қақпаларға 10,20,21,28-турлардағы секілді 16 гол енді.

Алаң иелері 12 гол соқты, қонақтар 4 доп өткізді.

4 кездесуде алаң иелері жеңсе, 1 ойында қонақтар басым түсті, 1 кездесу тең есеппен аяқталды.

2:1 есебі екі рет қайталанды. Екі ірі есеп нәтижесі (5:0; 3:0) тіркелді.

1 гол пенальтиден соғылды, 2 пенальти нәтижесіз аяқталды, 1 допты футболшы өз қақпасына соғып алды.

Шапшаң гол авторлары — Жерар Гоу, 1-минут («Қайрат»); Вячеслав Шарпар, 3-минут («Атырау»); Асланбек Кәкімов, 5-минут («Ақтөбе»).

 

Негізгі фактілер

 

Чемпионатта барлығы 192 кездесу өтті. 98 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 57 тайталаста қонақтар басым түсті, 37 кездесу тең есептермен аяқталды.

Қақпаларға 491 гол соғылды (алаң иелері — 279, қонақтар — 212), сөйтіп, әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,55 гол енді.

Кездесулер барысында ең көп (47 рет) қайталанған есеп — 1:0. Ал 2:1 есебі 29 рет, 2:0 есебі 27 рет қайталанды.

Бір рет қана тіркелген есептер — 6:0; 6:2; 5:2; 4:0; 4:2; 4:3; 4:4.

6 турда 6 кездесу 6 түрлі есеппен аяқталды — 9, 12, 14, 16, 20, 29-турлар.

Мергендер көшінің басында 22 гол соққан Жерар Гоу («Қайрат»), одан кейінгі орында 18 гол соққан Роман Муртазаев («Ертіс») пен 17 гол соққан  Бауыржан Исламхан («Қайрат») тұр.

 

ҚОРЫТЫНДЫ КЕСТЕ

 

Команда      О         Ж        Т         Ұт        Д         Ұп

 

1-6 ОРЫНДАР

 

1.Астана      32      23       4          5          47-21    73

2.Қайрат      32        22      5          5          75-30    71

3.Ертіс          32      14       7          11       52-36    49

4.Ордабасы 32        13      9          10       41-44    48

5.Оқжетпес  32      13       6          13       42-44    45

6.Ақтөбе       32        9        9          14        37-52   36

 

7-12 ОРЫНДАР

 

7.Тобыл           32       12      5         15          40-40     41

8.Атырау         32       10      9         13          35-39     39

9.Шахтер         32       10      6         16          25-40     36

10.Ақжайық    32       11      2         19          27-50     35

11.Тараз           32       10     5         17          33-42      35

12.Жетісу         32       8      7          17          37-53     31

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

 

«Ақтөбенің» көрсеткіштері

 

Біздің мергендеріміз:

Никита Бочаров — 7;

Алексей Щеткин — 6;

Дидар Жалмұқан — 6 гол (екеуі — он бір метрлік айып добы);

Самат Смақов — 5 (4);

Асланбек Кәкімов — 3;

Тоқтар Жаңғылышбай — 2;

Бобир Давлатов — 1;

Сандро Цвейба — 1;

Кирилл Шестаков — 1;

Дмитрий Голубов — 1;

Лассина Дао — 1;

Виктор Крюков — 1;

Егор Сорокин — 1.

Бір голды С.Әбілғазы («Оқжетпес») өз қақпасына өзі енгізіп алды.

«Ақтөбе» өз алаңымызда 16 кездесу өткізіп, 6 ойында жеңіске жетті, 5 тең ойын нәтижесі тіркелді, 5 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 21:22. Ұпай — 23.

Ал сырт алаңда 16 ойын өткізіп, 3 кездесуде жеңіске жетті, 4 ойынды тең аяқтады, 9 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 16:30. Ұпай — 13.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button