Басты жаңалықтарСпорт

Ақтөбеде әлем чемпионаты өтіп жатыр!

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 26 қазанда, яғни сәрсенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Қоныс» спорт сарайында гір көтеруден әлем чемпионаты басталды. Дүбірлі додаға әлемнің 37 елінен 400-ден аса спортшы жиналды. Төменде біз соның аясында өткізілген шаралар туралы материалдар мен бірқатар спортшылардың пікірін ұсынып отырмыз.

…Басталды!

Бейсенбі күні «Қоныс» спорт сарайында гір көтеруден әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Дүниежүзінен «сен тұр, мен атайын» деген ең мықты қыз-жігіттерді жинаған додада сөз алған өңір басшысы:

— Осы әлем чемпионатына қатысушылар мен жанкүйер болуға келіп отырған ақтөбеліктерді ашылу рәсімімен құттықтаймын. Ақтөбе облысына осындай деңгейдегі жарысты ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойы қарсаңында ұйымдастыру үлкен құрмет деп ойлаймын. Ел Президентінің саясатының арқасында спорт әрдайым мемлекетімізде ерекше маңызға ие. Ақтөбеде осындай чемпионаттың өтуі жұртшылықтың арасында салауатты өмір салтын ұстанушылардың көбеюіне, жалпы спорттың дамуына игі әсерін тигізеді деп ойлаймын. Барлық қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілеймін, — деді.

Одан соң сән-салтанатпен киінген қыздар 37 елдің Туын ортаға алып шығып, артынша әр мемлекеттен келген спортшылармен залды айналып өтті. Салтанатты шара жергілікті мәдениет саласының қызметкерлерінің дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Бұл ретте сол күні-ақ жарыстың негізгі бөлігі басталып кеткенін айта кеткен ләзім. Өкініштісі, мұнда ақтөбелік спортшылар ең биік тұғырға көтеріле алған жоқ. Евгений, Сергей Гончаровтар күміс медальға қол жеткізді.

 

38 команда: 440 спортшы

Жаһандық жарыстың жай-жапсары жөнінде ұйымдастырушылар мен сала мамандары баспасөз мәслихатында айтып берді. Оған облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ескендірбек Маханов, гір спортынан облыстық федерацияның президенті Бөгежан Аманбаев, гір көтеруден 12 дүркін әлем чемпоны, Ақтөбе қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаров пен ұйымдастырушылық штабтың басшысы Владимир Кореньков қатысты.

Алғаш боп сөз алған Ескендірбек Маханов әлем чемпионатының ұйымдастырушылық жұмыстары туралы баян етті:

— Соңғы екі жылдан бері облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен гір спортынан облыстық федерациясы бірлесе бірқатар жұмыстарды атқарған болатын. Айталық, 2015 жылы Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізілді. Енді, міне, біздің қаламызда гір көтеруден әлем чемпионаты ұйымдастырылып отыр. Бұл біз, спортшылар үшін, үлкен мейрам деп есептеймін.

Әу баста бұған 20 команда қатысады деп жоспарлаған едік. Қуантарлығы сол, соңғы сәтке дейін 38 команда ұсынысын білдіріп, бүгінде соның барлығы Ақтөбеге келіп отыр.

Жалпы, гір спорты біздің өңірімізде жақсы дамып келе жатыр деп айтуға болады. Спорт мектептерінде арнайы секцияларымыз жұмыс жасайды. 300-ден аса ақтөбелік бала осы спорт түрімен айналысып жүр. Олардың арасында ауылдың кішкентай тұрғындары да бар. Аталған чемпионатқа Ақтөбенің өзінен 20-ға жуық спортшы қатыспақ. Олар өз деңгейінде өнер көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деген үміттеміз, — деді.

Әлем чемпионатына әзірлік жұмыстарының екі жылға созылғанын айтқан ұйымдастырушылардан бұл мақсатқа қанша қаражаттың жұмсалғаны туралы сұрағанымызда, жалпы сомасы 23 миллион теңгенің бөлінгенін білдік.

— Облыстық бюджеттен бұл жарысқа он миллион теңге аударылды. Сонша сома гір спорты облыстық федерациясынан берілді. Сондай-ақ, демеушілерден 3 миллион теңге түсті, — деді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы.

Ал Бөгежан Аманбаев чемпионатты Ақтөбеде өткізу қаншалықты қиын болғаны туралы былай деді: «Бұл жарысты өткізу туралы бастаманы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көтерді. Ол біздің федерацияға бұл ұсынысын жолдаған соң, гір спортынан халықаралық одаққа әлем чемпионатын өткізу жөніндегі сұранысымызды білдірдік. Екінші тарап та біздің тілегімізді бірден мақұлдады. Сөйтіп, көпшіліктің қалауымен гір спортынан ауқымды сайысты осы Ақтөбеде ұйымдастыратын боп шештік».

Ақтөбе қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаров өз сөзінде жалпы командалық есеп бойынша көршілес Ресей Федерациясының ең мықты қарсылас екенін атап өтті. Оның сөзінше, одан кейінгі орындарды Қазақстан, Украина мемлекеттері еншілеп тұр. Өзі де осы додаға қатысатынын айтқан ол журналистердің дайындығы мен допингтің алдын алуға қатысты шаралар туралы сауалдарына жауап берді.

— Допингке қарсы тексеріс жұмыстарына, жалпы осыған қатысты шараларға  біз өткізіп отырған чемпионатта ерекше маңыз берілген. Мұны бақылайтын сала мамандары Ақтөбеге келіп жетті. Допингке қарсы комитеттің жұмысы да ойдағыдай жүргізіліп жатыр.

Ал дайындыққа келсек, жарыстың қатысушысы ғана емес, ұйымдастырушысы да болғандықтан, жауапкершілік жүгі екі есе десем болады. Қайткенде де барымды салуға тырысамын, — деді ол.

Айта кету керек, Ақтөбедегі «Қоныс» спорт сарайында өтіп жатқан байрақты бәсеке 30 қазанға дейін жалғасады. Оған ұзын саны 38 командадан бас-аяғы 440 спортшы қатысып жатыр. АҚШ, Германия, Жапония, т.б. дамыған мемлекеттердің атлеттері күш сынасатын жарысқа тұңғыш рет қатысқалы отырғандар да бар. Олар — Оңтүстік Африка Республикасы мен Үндістан елдерінің өкілдері.

Баспасөз мәслихаты барысында келушілерге, соның ішінде шетелдік қонақтарға қазақтың тұрмыс-салтын, жалпы мәдениетін көрсету мақсатында «Қоныс» спорт сарайының алдында үш киіз үйдің тігілгені айтылды. Оның ішінде ұлттық киімдер һәм бұйымдар, қолөнер шеберлерінің жұмыстары, көне жәдігерлер, т.б. көрмеге қойылған.

Не дейсіз? 

 Газет тілшісі әр елден келген бірқатар спортшыларды әңгімеге тартып, олардың жарыс туралы ой-пікірін білген еді.

 Айбек Қуандық, Ақтөбе облысы:

— Серпе көтеруден екінші орында келе жатырмын. 48 келіні 96 рет көтердім. Енді жұлқып көтеру қалды. Қатысушылар өте көп, бірақ солардың арасынан озып шығамын деп ойлаймын.

Чемпионат өте әдемі өтіп жатыр. Залдың безендірілуі де керемет. Қазақстанның спорт шебері ретінде мұндай сайыстарға жиі қатысатындықтан, өзіміздегі ұйымдастырылу деңгей өте жоғары деп айта аламын.

 Мансұр Нұржанов, Қостанай облысы:

 

— Мен жарыстың алғашқы күнінде өнер көрсеттім. Бірақ, қатты қобалжығанымнан болар, бұл жолы сәтсіздік серік болды. 24 келілік гір тасын ойдағыдай көтеріп шыға алмадым.

Жасым — 16-да. Осы спорт түрімен айналысып жүргеніме бір жыл болды. Сондықтан алар асуым әлі алда деп ойлаймын.

 Альберт Ганиев, Ресей Федерациясы:

 — Осыдан 20 минут бұрын ғана алаңға шықтым. Әзірге алғашқы қорытындылары ғана белгілі боп тұр. 48 келіні 120 рет көтердім. Тап қазіргі сәтте екінші орында тұрмын. Егер бәрі мен ойлағандай болса, жүлделі орынға ие боламын деп ойлаймын.

Мен әуесқой спортшымын. Мұнда өзімді сынап көру үшін келдім. Бұған дейін де жер-жерде ұйымдастырылатын әлем чемпионаттарына қатысып жүрмін. Бір айтарым, Ақтөбедегі әлем чемпионатының ұйымдастырылу деңгейі өте жақсы. Барлығы көңілімнен шығып жатыр.

Памела Джейн Уит, Канада мемлекеті:

 — Жасым елуге келгеніне қарамастан, соңғы екі жылдан бері осы гір көтеру спортымен шұғылданып жүрмін. Әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысып отырмын. Алған әсерім тамаша, өте қонақжай халық екенсіздер.

Мен 16 келілік гір тасын 197 рет көтердім. Әзірге нәтижем жаман емес, қарсыластарымның нендей өнер көрсететінін күтіп отырмын.

Біздің елден Ақтөбедегі осы жарысқа қатысуға 3 спортшы келді.

Коллин Харрис, Оңтүстік Африка Республикасы:

— Гір спортына ден қойғаныма 3 жылдың жүзі болды. Осы жарыс болатынын естігеннен бері тынбай дайындалғанымның арқасында болар, жақсы нәтиже көрсеттім. Бірақ, бәсекелестерімнің әзірлігі менікінен де мықты боп шықты. 4-орын да жаман көрсеткіш емес деп ойлаймын.

Роберт Юнджевский, Польша Республикасы:

— Польшадан осында 3 адам боп келдік. Бәріміздің де жеңіске деген ұмтылысымыз жақсы. Әуесқой спортшы болсақ та, жүлделі орын алатынымызға сенімім кәміл.

Ақтөбеде мұндай кең спорт сарайының барына тамсанып тұрғанымды жасыра алмаймын. Меніңше, мұндай орталығы бар қала тұрғындарының баршасы спортпен қарқынды айналысады. Көрермен болып келушілер де көп екен.

25 төреші, 6 медицина маманы, 70 ерікті

Ұйымдастырушылардан білгеніміздей, байрақты бәсекеге 25 төреші тартылған. Оның біразы — шетелдік спорт мамандары.

Сондай-ақ, спортшылар үшін арнайы құрылған дәрігерлік қызмет өкілдері жұмыс істеп тұр. Оның құрамында 3 дәрігер және сонша медбике бар. Ақ халатты маманның бірі Гүлзада Болатованың айтуынша, әзірге анау айтқандай күрделі жарақат алғандар жоқ.

Дүбірлі додаға 70 ерікті де жұмылдырылған. Негізінен өңірдегі жоғары оқу орнының студенттерінен тұратын мақсатты топ шетелдік спортшыларға тілмәш қызметін атқарып, олардың «қолын ұзартып» жүр. Осы орайда газет редакциясы журналистің спортшыларға қойған сұрақтарын тәржімалауға жәрдемін көрсеткен еріктілер — Манас Сүйінғарин мен Альбина Серіковаларға ризашылығын білдіреді.

P.S. Чемпионаттың алғашқы күнінің нәтижесіне көз жүгірткенде, барлық салмақ дәрежесі бойынша ресейліктердің оқ бойы озық тұрғанын байқадық. Бұл түсінікті де, әлемдік рейтингте гір спорты бойынша Ресей Федерациясы көш бастап тұр. Екінші орында — Қазақ елі. Дүбірлі доданың соңына дейін жерлестеріміздің жұлдызы жанатынына үмітіміз зор…

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Суретке түсірген автор.

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button