Жаңалықтар

Су қоймасы қайта жаңғыртылады

Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту үшін облыстың су қоймалары қайта жаңғыртылуда.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Сазды су қоймасындағы  қайта жаңғыртудың барысын қарады. Бұл жобаны жүзеге асыруға  бастамашы болған аймақ басшысының өзі болатын. Ол жоба суармалы жерлердің алаңын ұлғайтуға, Ақтөбе қаласындағы жасыл алқаптарды тұрақты суаруға және су ресурстарын тиімді пайдалануға жағдай жасайды.

«ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе филиалының басшысы Бекзат Наметовтің баяндауынша, пайдалануға берілгеніне 49 жыл болып, әбден тозған гидроқұрылыстың бірқатар құрылымдары осы жолы қайта жаңғыртылатын болады. Мұнымен бірге, су қоймасының сыйымдылығы қазіргі 6 млн текше метрден 7,5 млн текше метрге жетеді.

Нәтижесінде, су қоймасының суару қуаты 400 гектардан 1000 гектарға дейін ұлғаяды. Артық су Сазды өзеніне жіберіліп, Ақтөбе қаласының гүлзарлары мен көгалдарын, жасыл алқаптарын тұрақты суарып отыру, ауызсу шығынын болдырмау  проблемаларын шешеді.

Жаңғырту барысында су қоймасының су айдау тетіктерін, шөгінді қалдықтарын тазалау шаралары жүргізіледі. Су есептегіш құрылғылар орнатылады. Электр қуатымен жабдықтау желілері, бөгетті сыртқы жарықтандыру, күзет бекеті, бейнебақылау қойылады.

Бөгет үсті жолы асфальтталып, белгі бағандар орнатылып, басқа да жұмыстар жүргізіледі.

Қайта жаңғыртудың жалпы құны 131,8 млн теңгеге түседі. Жобаны жүзеге асырған кезде қосымша 10-12 жаңа жұмыс орны ашылады.

Облыс әкімі жұмысты қарап, оның барысын құптады.

— Біз қалалықтарға Сазды жаз айларында тәуір демалыс орны болады деп, уәде берген едік. Аталған жобаны жүзеге асыру кезінде,  қай жерде демалыс аймағы болатынын, әсіресе балаларға арналған орындардың қалай жүзеге асатынын ертерек ойластыру керек — деп,  Бердібек Сапарбаев бұл жұмысты жауапты жергілікті атқарушы органдарға тапсырды.

Мұнымен бірге, аймақтағы жұмыс істеп тұрған су қоймаларының техникалық жағдайын жақсартуды, жаңа құрылыстар салу мүмкіндіктерін қарауды тапсырды.

Сондай-ақ облыс басшысының бастамасымен Сазды өзенін Ақтөбе су қоймасымен жалғастыратын 11 шақырым су бұрмасы құрылысын салу жоспарлануда. Осы су бұрмасы арқылы артылған су өзенге түсіп, одан әрі қосымша салынатын су жолдарымен облыс орталығындағы жасыл алқаптарды күтуге пайдаланылады.  Қазіргі кезде «Құрылысконсалтинг ҰО» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы жобаның экономикалық-техникалық негіздемесін жасап, ол сараптамадан өтті. Ендігі кезекте жұмыс жобасы жасалуда. Қаржыландыру Еуропалық қайта құру және даму банкі тарапынан күтілуде.

Ақтөбе — жасыл-желекке бай қала. Оның көгалды алқаптары мен гүлзарлары, жасыл желекті демалыс орындары, отырғызылған бұрынғы ағаштары және жас көшеттері орасан зор аумақты алып жатыр. Сазды және Ақтөбе су қоймасы сонша жерді сумен қамтамасыз ететін болады. Мұнымен бірге, шаруа қожалықтарының, бау-бақша өсірушілердің суармалы жерлерді ұлғайтуына мүмкіндік береді.

 «Ақтөбе-ақпарат» орталығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button