Спорт

Чемпион да, бірінші лигаға түсетін команда да анықталған жоқ

Премьер-Лига

Чемпионаттың 31-туры ең мықты мен ең әлсізді нақты анықтап берген жоқ.  Алтын медальдан үміткер «Астана» мен «Қайраттың» екеуі де жеңіске жетті. Дегенмен бір ойыны кем «Астананың» уайымы аздау. Ал жеңіліске ұшыраған «Ордабасы» командасына үшінші орыннан үмітін үзумен бірге Еуропа Лигасында ойнауға мүмкіндік беретін төртінші орынға табан тіреудің өзі қауіп болып тұр.

Премьер-Лигамен қош айтысып, бірінші лигаға баратын үш бірдей кандидат бар — «Ақжайық», «Тараз», «Жетісу». Бұлардың тағдыры чемпионаттың соңғы турында шешіледі.

Бұл турда елордалық команда «Ақтөбені» биылғы төрт ойында төртінші рет тағы да бір доп артықшылығымен ғана ұтты (1:0; 1:0; 2:1; 1:0).

Чемпиондық тұғырға көтерілудің аз-ақ алдында тұрған «Астана» бұл кездесуді шабуылмен бастайтыны әуелден-ақ мәлім еді. Солай болды да. Әуелі алыстан Дмитрий Шомко қауіпті соққы жасады, бірақ доп маңдайшадан жоғары ұшып кетті. Одан соң Джордже Деспотович допты ыңғайына келтіре алмай, тиімді сәтті құр жіберіп алды. Дегенмен сол Джордже 12-минутта өкінішінің орнын толтырды, ақтөбелік қақпашы Игорь Трофимецті қапы қалдырып, Юрий Логвиненко берген тамаша пасты голға айналдырды да қойды — 1:0.

Бұдан соң да «Астана» екпінін баса қоймады. Джуниор Кабананга мен Патрик Твумаси бүйір қанаттан тастаған тамаша қос пасты алаң иелері тиімді пайдалана алмады. Әрине, қонақтар да қарап қалмады. Ақтөбеліктер бірнеше қарымта шабуылдар ұйымдастырды. Әсіресе, Марат Ситдиков соққан қауіпті доптан қақпаны Ненад Эричтің шеберлігі ғана құтқарып қалды.

Екінші таймды да астаналықтар шабуылмен бастады. Ақтөбелік қақпашы Игорь Трофимец тыным таппады. Юрий Логвиненко соққан доп маңдайшадан қайтса, Патрик Твумаси мен Джордже Деспотовичтің әлсіздеу соққыларын қақпашы сөндіріп үлгерді. Ақтөбеліктер, расын айту керек, мағыналы шабуылдарымен көзге түсе қоймады. Ал ойын соңына таман астаналықтар да белсенділіктерін жоғалтып алды. Олар өздеріне аса қолайлы осы есептен айырылып қалмау жағын көбірек ойлады.

Тұтас ойын барысында ақтөбелік команда допқа иелік ету жөнінен алаң иелеріне он пайыз шамасында ғана артықшылықтар берді. Сырт алаңда бұл, бәлкім, аса олқылыққа жатпайтын да шығар. Дегенмен қақпаға доп бағыттау жөніне жерлестеріміз көш кейін қалды. Онсыз да бар-жоғы үш соққының біреуі ғана қақпаға тура бағытталды. Бұрыштама доп соғу мүмкіндігінің аз болғаны да қақпа маңында қарбалас тудыруға жеткіліксіз болып шықты.

Осылайша «Ақтөбе» биылғы чемпионатта «Астанада» төрінші рет ұтылды.

«Астана»-«Ақтөбе» — 1:0

Гол авторы: Джордже Деспотович, 12-минут (1:0).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: С.Цвейба, 29-минут; К.Куаджа, 58-минут; Е.Сорокин, 78-минут («Ақтөбе»).

89-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Егор Сорокин жасыл алаңнан қуылды.

«Астана»: Ненад Эрич (капитан), Марин Аничич, Рохер Каньяс, Патрик Твумаси, Джордже Деспотович, Джуниор Кабананга (Таңат Нөсербаев, 79-минут), Игорь Шитов (Абзал Бейсебеков, 52-минут), Дмитрий Шомко, Серікжан Мужиков, Юрий Логвиненко, Асхат Тағыберген (Неманья Максимович, 54-минут).

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец, Игорь Бойчук (Кирилл Шестаков, 46-минут), Куасси Куаджа (Неманья Николич, 61-минут), Бобир Давлатов, Егор Сорокин (капитан), Сандро Цвейба, Марат Ситдиков, Никита Бочаров, Дидар Жалмұқан (Асланбек Кәкімов, 77-минут), Бағдат Қайыров, Виктор Крюков.

23 қазан. Астана. «Астана Арена» стадионы. 5500 адам.

*   *   *

 

Басқа кездесулер:

«Оқжетпес»-«Ордабасы» — 3:0

Гол авторлары: Серж Бандо Нганбе, 60-минут (1:0); Ристо Ристович, 62-минут (2:0); Санат Жұмаханов, 90-минут (3:0).

«Ертіс» — «Қайрат» — 1:3

Гол авторлары: Жерар Гоу, 54-минут (0:1); Бауыржан Исламхан, 67-минут (0:2); Карлуш Фонсека, 85-минут (1:2); Жерар Гоу, 90+3 минут (1:3).

*   *   *

 

Біздің мергендеріміз:

Никита Бочаров — 7;

Алексей Щеткин — 6;

Дидар Жалмұқан — 6 гол (екеуі — он бір метрлік айып добы);

Самат Смақов — 5 (4);

Тоқтар Жаңғылышбай — 2;

Асланбек Кәкімов — 2;

Бобир Давлатов — 1;

Сандро Цвейба — 1;

Кирилл Шестаков — 1;

Дмитрий Голубов — 1;

Лассина Дао — 1;

Виктор Крюков — 1;

Егор Сорокин — 1.

Бір голды С.Әбілғазы («Оқжетпес») өз қақпасына өзі енгізіп алды.

«Ақтөбе» өз алаңымызда 16 кездесу өткізіп, 6 ойында жеңіске жетті, 5 тең ойын нәтижесі тіркелді, 5 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 21:22. Ұпай — 23. Сырт алаңда 15 ойын өткізіп, 3 кездесуде жеңіске жетті, 4 ойынды тең аяқтады, 8 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 15:28. Ұпай — 13.

 

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 

1-6 ОРЫНДАР

 

Команда      О         Ж        Т         Ұт        Д         Ұп

 

1.Астана      30       23       2          5          47-21    71

2.Қайрат      31       21       5          5          70-30    68

3.Ертіс          31       14       6          11       52-36    48

4.Ордабасы 31       12       9          10       39-43    45

5.Оқжетпес   30       13       5          12       42-39    44

6.Ақтөбе       31        9         9          13       36-50    36

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*   *   *

 

29 қазан, сенбі күні 32-тур ойындарында «Ақтөбе» Шымкентте «Ордабасы» командасымен ойнайды.

Басқа турлар:

29 қазан, сенбі

«Ертіс» (Павлодар) — «Астана» (Астана)

«Қайрат» (Алматы) — «Оқжетпес» (Көкшетау)

 

Үш команданың бір үміті

 

7-12 орындардағы командалар арасында 22 қазан күні өткен кездесулер төмендегідей есептермен аяқталды:

«Ақжайық»-«Атырау» — 3:1

Гол авторлары: Константин Дудченко, 16-минут (1:0); Фредди Коронель, пенальти, 37-минут (2:0); Вячеслав Шарпар, 60-минут (2:1); Фредди Коронель, 70-минут (3:1).

«Тараз»-«Тобыл» — 2:1

Гол  авторлары: Малик Мане, 20-минут (1:0); Йоан Мера, 23-минут (2:0); Чиприан Деак, 88-минут (2:1).

«Шахтер»-«Жетісу» — 4:1

Гол авторлары: Юлиус Сзоке, 12-минут (1:0); Мақсат Байжанов, 43-минут (2:0); Деслей Уббинк, 69-минут (3:0); Мақсат Байжанов, 88-минут (4:0); Максим Азовский, 90+1 минут (4:1).

*   *    *

 

Бұл турда 7-12 орындардағы командалар арасындағы ойын кестесіне біршама өзгеріс енді.

Сенімді жеңіске жеткен «Шахтер» соңғы турдың нәтижесіне қарамастан «Тобыл» мен «Атырау» секілді келер жылы да мықтылар сапында ойнау мүмкіндігіне ие болды.

Ал «Шахтерден» ойсырай ұтылған «Жетісу» ең соңғы орынға түсіп қалды.

Жеңіске жеткен «Ақжайық» пен «Тараз» бір-бір сатыға көтерілді.

Бұл топта соңғы үш орында келе жатқан үш команданың («Ақжайық», «Тараз», «Жетісу») қайсысы бірінші лигадан келетін қызылордалық «Қайсарға» орын беретіні соңғы, 32-турда анықталғалы отыр.

Турнир кестесіне көз салсақ, 7-орында 41 ұпаймен бұрынғыша «Тобыл» тұр.

8-9 орындарға 36 ұпаймен «Шахтер» мен «Атырау» жайғасты.

10-11 орын иелері —  32 ұпайдан жинаған «Ақжайық» пен «Тараз».

Ең соңғы, 12-орында 31 ұпаймен «Жетісу» тұр.

*  *   *

 

32-тур кездесулері:

29 қазан, сенбі

«Тараз» (Тараз) — «Шахтер» (Қарағанды)
«Жетісу» (Талдықорған) — «Ақжайық» (Орал)
«Атырау» (Атырау) — «Тобыл» (Қостанай)

 

31-турдың нәтижелері

 

Бұл турда қақпаларға 17,26-турлардағы секілді 20 гол енді.

Алаң иелері 14 гол соқты, қонақтар 6 доп өткізді.

5 кездесуде алаң иелері жеңсе, 1 ойында ғана қонақтар басым түсті, тең есеп болған жоқ.

3:1 есебі екі рет қайталанды. Екі ірі есеп нәтижесі (3:0; 4:1) тіркелді.

Алты гол соңғы минуттарда соғылды — 85; 88; 88; 90; 90+1; 90+3.

Пенальтиден гол соғылған жоқ.

22 ескерту қағазы көрсетіліп, 1 футболшы жасыл алаңнан қуылды. Футболшылары ескерту қағазын алмаған командалар — «Астана», «Ордабасы», «Ертіс».

Шапшаң гол авторлары — Джордже Деспотович, 11-минут («Астана»); Юлиус Сзоке, 12-минут («Шахтер»); Константин Дудченко, 16-минут («Ақжайық»).

Бір кездесу барысында 3 футболшы екі голдан соқты: Фредди Коронель («Ақжайық»); Мақсат Байжанов («Шахтер»); Жерар Гоу («Қайрат»).

Мергендер көшінің басында 21 гол соққан Жерар Гоу («Қайрат»), одан кейінгі орында 18 гол соққан Роман Муртазаев («Ертіс») тұр.

Чемпионат басталғалы 185 кездесу өтті. 95 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 55 тайталаста қонақтар басым түсті, 35 кездесу тең есептермен аяқталды. Қақпаларға 475 гол соғылды (алаң иелері — 267, қонақтар — 208), сөйтіп, әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,56 гол енді.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button