Басты жаңалықтар

Дін және азаматтық қоғам министрі жастармен кездесті

Бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының ғимаратында

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жастармен кездесу өткізді. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Басқосуда облыс басшысы өңірдегі жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, Елбасы тапсырмасына сәйкес облыста әлеуметтік-экономикалық мәселелердің оң

шешім тауып жатқанын айтты.

  • Елбасы тапсырмасына сәйкес, біздің өңірде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде облыста қоғамдық, саяси тұрақтылық бар. Негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелер Елбасы берген тапсырмасына сәйкес шешіліп жатыр. Ең негізгі міндетіміз — экономиканың дамуын сақтай отыра халықтың әлеуетін,

жағдайын жақсарту, сол арқылы өңірде тұрақтылықты қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта  ең негізгі көрсеткіштің бірі —  халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықтың санын көбейтпеу. Бүгінгі күні облыс бойынша жұмыссыздық 4,9 пайызды көрсетіп отыр. Ал  жастар арасындағы жұмыссыздық — 4,2 пайыз. Өңірдегі халықтың 27 пайызы — жастар. Ал олардың саны бүгінде — 202 мың — деді Б.Сапарбаев.

Аймақ басшысы өз сөзінде бүгінгі күні жастармен мемлекеттік органдар ғана емес, мемлекеттік емес ұйымдар да белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.

Қазіргі таңда облыста мемлекеттік емес 37 ұйым жұмыс жасайды. Біз оларға  жергілікті бюджеттің есебінен мемлекеттік тапсырыс береміз. Биылғы жылы осы бағытта 94 миллион теңгедей қаржы бөлінді. Сондай-ақ өңірде 82 діни бірлестік бар. Олардың негізгісі — ислам дінін насихаттайтындар. Сонымен қатар православиеліктер мен католиктер де бар, — деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев жиында жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға да тоқталды. Облыс басшысының айтуынша, қазір 5 мыңға жуық жас «Жасыл ел», 1370 жас  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша қызмет етіп жүр. Сондай-ақ облыста «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында 950 жас пәтермен қамтылған.

  • «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қазір мұғалімдер, дәрігерлер ғана пайдаланады. Болашақта басқа саладағы қызмет ететін жастарды да осы бағдарламаға қатыстыруымыз қажет. Бұл жөнінде біз үкіметке өз ұсынысымызды білдірген болатынбыз. Жалпы, қазір ауылды қажетті мамандармен қамтамасыз ету үшін барлық мамандарды мемлекеттік тарапынан қолдау қажет, — деді Б.Сапарбаев.

Кездесуде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев ақтөбелік жастармен кездескеніне қуанышты екенін жеткізіп, бүгінгі күні елімізде жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.

  • Жастарға қатысты мәселелер мен жастар саясаты әрдайым Мемлекет басшысының ерекше назарында. Биылғы жылдан бастап Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы күшейтіліп, Премьер-министрдің орынбасары осы құрамға төрағалық етеді. Оның құрамында министрлік басшылары да бар. Сондай-ақ биылғы жылдың аяғында I республикалық жастар форумы өтеді. Бұл форумға Елбасының қатысуы жоспарланып отыр, — деді Н.Ермекбаев.

Өз сөзінде министр бүгінгі күні елімізде Елбасының салихалы саясатының арқасында жастардың жоғары білім алып, еңбек етуіне қолайлы жағдай жасалып отырғанын, әсіресе жастардың бәсекеге қабілетті болуы үшін шетелде білім алуына мүмкіндік мол екенін жеткізді. Сондай-ақ ол биыл Ақтөбеде маусым айында болған оқиғаға байланысты да өз ойын білдірді.

  • Ақтөбеде болған жағдай уақытша. Болашақта ондай оқиғалар болмайды. Оған бүкіл мемлекеттік органдар күш-жігерін салып жатыр. Біз сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ете аламыз. Ол үшін алаңдамауға болады. Қазақстан — зайырлы мемлекет. Дін мемлекет істеріне кедергі келтірмеуі қажет. Бұл — әр адамның жеке мәселесі, оның рухани дүниесі. Мемлекет қоғамдық қатынастарды шариғат негізінде емес, заң негізінде реттейді. Бірақ бұл адамдардың дінге сенуіне кедергі келтірмейді.

Дінге берілген, сенетін адамдарға мемлекет барлық жағдайды жасайды. Алайда түрлі теріс ағымдар азаматтарға үлкен қауіп әкеліп отыр. Мұның бәрі басымыздан өткен. Мысалы, бұрын сатанистер де болған. Сол уақытта түрлі секталар көбейгеннен кейін олар өзінен-өзі жойылып кетті. Сол сияқты қазіргі салафизм, басқа да теріс ағымдар уақыт өте келе сәннен шығып қалады. Бірақ сәннен шығып қалғанша, олар  қаншама өмірді шайқалтуы мүмкін. Сондықтан жастар, сіздер олардың еркіне ермеңдер, дінге қызығушылықтарың артып, сұрақтарың болса, имамдардан жөн сұраңдар, — деді Н.Ермекбаев.

Басқосуда министр жастардың қойған сұрақтарына тұшымды жауап беріп, елдегі жағдайдың тұрақты екенін жеткізді.

Шара соңында белсенді жастар дінге қатысты өз ұсыныстарын айтып, ой-пікірлерін білдірді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button