Басты жаңалықтар

Қызылордалықтар: Ақтөбенің дәмі де, әні де ерекше!

ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ КҮНДЕРІ

 

Сенбі күні Қызылорда қаласындағы Тағзым алаңында Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған облыстан 120-дан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатысты. Жәрмеңкеге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

 300 тонна өнім: арзан баға және жоғары сапа

Бұл күні ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне келген қызылордалықтардың қарасы көп болды. Қала тұрғындарының келуімен сауда қызып, жәрмеңкенің айрықша ауқымы, сән-салтанаты ертеңгісін-ақ айқын сезілді. Алаңға үлкен киіз үйлер тігіліп, ұзыннан шұбақ сөрелер қойылды. Ал кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары тұрғындар келгенше азық-түлігін белгіленген орындарға орналастырып, оларға қолайлы жағдай жасауға тырысты. Біздің өңірден барған ауыл шаруашылығы өкілдері жәрмеңкеде сапалы өнімдерін 10-15 пайызға дейін арзан бағаға ұсынды. Тұрғындар ақтөбеліктердің табиғи өнімдері мен ауылдың дәмін таласып алып жатты.

Жәрмеңкенің қызған шағында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев алаңда тігілген киіз үйге келіп, дәмнен ауыз тиіп, жиналған жұртшылыққа жылы лебіздерін білдірді. Жәрмеңкеде «Ваниль» кондитерлік дүкені Қызылорда облысының басшысына ақтөбеліктер атынан сый-құрмет көрсетіп, өздерінің ерекше шоколадын ұсынды.

Жәрмеңкеге Ақтөбе облысынан 300 тоннадан астам өнім жеткізілді. Оның ішінде 80 тонна ет, 100 тонна картоп және басқа да көкөніс түрлері, 15 тонна сүт өнімдері, 15 тонна өсімдік майы, сондай-ақ балық, ұн, шұжық өнімдері, жұмыртқа, құс еті, кондитерлік өнімдер, т.б. бар.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Аян Ықыластың айтуынша, жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсат — қызылордалықтарға өзіміздің ең жақсы деген өнімдерімізді арзан бағаға ұсыну, олардың ризашылықтарына бөлену, сондай-ақ екі облыс арасындағы әріптестік ынтымақтастықты нығайту.

Бұл жәрмеңкеге Ақтөбе облысынан 300 тоннадан астам өнім әкелініп отыр. Оның ішінде биыл ашылған «Айбек» ауылдық тұтыну кооперативі ет консервілерін алып келсе, өткен жылы өз жұмысын бастаған «АкТеп» ет комбинаты вакуумды қаптамадағы ет өнімдерін тұтынушыларға арзан бағаға ұсынып отыр. Сондай-ақ жәрмеңке сөрелеріне «Айс+», «Молочные истории», «Атамекен нан-2000», «Ақтөбе нан», «Жаңа Әлжан диірмен комбинаты», «Степное», «Рокос» жеке шаруашылық серіктестіктері мен басқа да шаруа қожалықтары өздерінің табиғи өнімдерін қойып отыр, — дейді ол.

Ауылдың дәмі

Қызылордалықтар күзгі жәрмеңкені ерекше күткен сыңайлы. Өйткені біздің облыстың ауыл шаруашылығы өкілдері алып келген өнімдерін бірсыпыра тұрғын «әлдеқайда арзан» десе, енді біреулері «Ақтөбеде ауыл шаруашылығы өнімдерінің  түр-түрі бар екен» деп өз  бағаларын беріп жатты. Қалай дегенде де жәрмеңкедегі баға арзан болды. Мәселен, сиыр етінің бір келісі — 1000, қой еті — 950, жылқы еті — 1200, түйе еті — 1050, қоян еті — 1500, құс еті — 580 теңгеден, ал сүттің 1 литрі — 180-240, айран — 180-260, қаймақ — 1200, ешкінің сүті — 550, шұбат пен қымыз — 450, сүзбе 600 теңгеден сатылды.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне өз өнімін әкелгендердің бірі — Хромтау ауданы Бөгетсай селолық округіндегі «Асылан» шаруа қожалығының иесі Жұмабай Бекмұхамбетов. Ол жәрмеңкеге екі сиырдың етін әкелген.

Сиыр етінің бір келісін 1000 теңгеден сатып жатырмыз. Мақсат — тұрғындарға таза, табиғи өнімімізді сатып, өткізу. Бұл жаққа өнімдерімізді арнайы көлікпен әкелдік. Жәрмеңкеде сиыр, жылқы еттері жақсы өтіп жатыр. Тұрғындар риза. Жалпы біздің шаруашылығымызда 400 ірі қара, 1500 қой-ешкі, 150 жылқы бар. Шаруамыз бірқалыпты, — дейді шаруа.

Ал Шалқар ауданының әкімінің орынбасары Жанболат Жидехановтың айтуынша, жәрмеңкеге шалқарлық шаруалар 3,5 тонна ет, 200 литр шұбат, 200 келі құрт-ірімшік әкелген.

Бұл жәрмеңкеге біздің ауданнан 11 шаруашылық келіп отыр. Олар сиыр, түйе, жылқы етін, сондай-ақ сүт өнімдерін әкелді. Қызылордалықтар ауылдың дәмін таласып алып жатыр. Халыққа қызмет етіп, өз өнімдерімізді қолжетімді бағамен ұсынып жатқанымызға біз де ризамыз. Осындай шаралар арқылы екі облыстың халқы жақсы қарым-қатынас орнатып, ауызбіршілікте болады деп сенемін, — дейді Ж.Жидеханов.

Қызылорда халқына өз өнімдерін арзан бағаға ұсынғандардың бірі — темірлік шаруа Әлкен Мырзағұлов. Ол Алтықарасу ауылынан келіпті.

«Құмды» шаруа қожалығынан бұл жәрмеңкеге 145 келі сиыр етін, сондай-ақ сүт өнімдерін әкеліп отырмыз. Халық біздің өнімдерімізді мақтап, алып жатыр. Барлық шаруалар мен кәсіпкерлер дән риза. Біздің шаруашылықта 150 ірі қара, 700 қой, 30 шақты жылқы бар. Соның өнімдерін күзде осындай жәрмеңкелерге апарып, арзан бағаға сатамыз. Бізге де, тұтынушыларға да жағдай жасап жатқан облыстағы ауыл шаруашылығы өкілдеріне алғысымыз шексіз, — дейді ол.

Жәрмеңкеде байқағанымыздай,  шаруа қожалықтары бұл жолы ірі қара, жылқы, қой етінен басқа құс етін (күркетауық, қаз, үйрек)  көп әкеліпті. Атап айтсақ, Қарғалы, Мәртөк аудандары 800 келіге дейін алып келген.

Құс етінен басқа, шаруалар қоянның етін, сондай-ақ 200 келі бал, 600 банкі көкөніс консервілері мен 20 банкі саңырауқұлақ әкелді, — дейді Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары Нұрбақыт Барбосынов.

 Спортшылар жарысып, қолөнершілер көрме өткізді

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде ақтөбеліктер мен қызылордалықтар тоғызқұмалақтан жолдастық кездесу өткізді. Екі командаға бөлінген спортшылар өзара сынға түсті.

Сондай-ақ іс-шара барысында Ақтөбенің өнерпаздары кең сахнада әннен шашу шашып, мың бұралған бишілер ортада би биледі. Жәрмеңкеге келген жұртшылық ақтөбелік әншілердің өнеріне ерекше қол шапалақтап, ризашылықтарын білдірді.

Жәрмеңке аясында алаңда ұйымдастырылған көрмеде 20-ға жуық ақтөбелік шебер моншақтан, киізден, былғарыдан жасаған қолөнер бұйымдары мен қыз жасауын, ұлттық кәдесыйларын көпшілікке ұсынды. Жәрмеңкеге келушілер әсіресе көрмеге қойылған торсық, қамшы, ат әбзелдері мен әшекей бұйымдарын қызығып сатып алып жатты.

Шара соңында қызылордалықтардың ерекше ілтипатына бөленген ауыл шаруашылығы өкілдері «кездескенше күн жақсы» деп тарасты.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

Ақтөбе-Қызылорда-Ақтөбе.

Суретті түсірген А.Дәрібаев.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button