Жаңалықтар

Шағын және орта бизнестің қайтарымы қайда?

Бердібек Сапарбаев бизнестің даму қарқынына риза емес.

Шағын және орта бизнестің проблемалық мәселелері мен перспективасы облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға мемлекеттік органдардың, даму институттарының, екінші деңгейдегі банкілердің басшылары, кәсіпкерлер қатысты.

Облыс басшысы Мемлекет басшысының еліміздің экономикасының басым бағыты ретінде анықталып отырған шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше назар аударып отырғанын атап көрсетті.

Бердібек Сапарбаев кәсіпкерліктің даму қарқынына қанағаттанбайтындығын білдірді. Оның сөзіне қарағанда, мемлекет тарапынан өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытуға жыл сайын бөлінетін қаржының ұлғайып отырғанына қарамастан, бұдан экономикамыз тиісті тиімділік көре алмай отыр.

— Соңғы бес жыл ішінде «Бизнестің жол картасы — 2020» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламалары аясында бөлінген қаржы көлемі төрт есе өсті, алайда біз өндіріс көлемінің елеулі өсуін, шағын және орта бизнеспен шұғылданушылар санының артуын, салық түсімінің көтерілуін  көре алмай отырмыз.

2011 жылы 173 жобаны жүзеге асыруға 1,3 миллиард теңге бөлінді, ағымдағы жылы 623 жобаға бөлінген қаржы 5,6 миллиард теңгеге жетті. Өсім төрт еседен асады. Ал жаңадан құрылған жұмыс орындарының саны өсуі қаржыландыру қарқынына сәйкес келмейді. Нәтиже қайда, мемлекет қолдауына қайтарым қайда? — деді облыс әкімі.

Бердібек Машбекұлы бүгінгі күні шағын және орта бизнестің өңір экономикасына үлесі 22 пайыз құрайтынын атап көрсетті. Соңғы бес жылда өзгеріссіз қалып отырған бұл ағым бизнесті дамытуға бағытталған бірлескен жұмыс пен есептің болмауынан деп сын айтты ол мемлекеттік органдардың басшыларына.

Облыс әкімі «Бизнесті жүргізу» жаһандық рейтингіне сәйкес соңғы бес жылда Қазақстан Бельгия, Италия, Ресей, Түркия сияқты елдерді басып озып, 189 елдің арасында 59-орыннан 41-орынға көтерілгенін еске салды.

Облыс ұлттық кәсіпкерлер палатасының зерттеу нәтижелеріне сәйкес қолайлы бизнес-климат бойынша екінші орынды иеленеді.

Үкімет тарапынан әкімшілік кедергілерді азайту, рұқсат құжаттарын рәсімдеу, оларды беру мерзімі процедураларын жеңілдету, рұқсат беру жүйесін оңтайландыру бойынша  бірқатар нақты шаралар қабылданды. Осы шаралардың нәтижесінде бүгінгі күні шағын және орта бизнес субъектілерін халыққа қызмет көрсету орталығында бір сағаттың ішінде тіркеуден өткізуге болады. Жеке кәсіпкерлікті үйден шықпай-ақ, электронды үкімет арқылы тіркеу мүмкіндігі берілді.

Облыстың бірінші басшысы биылғы жылы рұқсат беру қағаздарын қысқарту және рұқсат беру процедураларын оңтайландыру мәселелері бойынша ҚР Заңы күшіне енгенін атап көрсетті. Соның нәтижесінде 153 рұқсат түрі қысқарды, бұл таяудағы үш жылда бизнестің қаржылай алымдарын 1,5 миллиард теңгеге қысқартуға алып келеді.

Аймақ басшысы аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдеріне селолық округтерде болып, кең ауқымды түсінік жұмыстарын жүргізу негізінде шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.

— Біздің облысымызда кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар. Тек қана жұмыс істеу керек. Кәсіпкерлермен ұдайы кездесіп, жобаларды жүзеге асыру, бизнесті дамыту, технологиялық прогресс пен инновацияны көтеру бойынша бизнес-идеяларды, ұсыныстарды қабылдау қажет. Жергілікті мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс. Төрешілдікті түбірінен жою керек, — деп жиынды тұжырымдады Бердібек Сапарбаев.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button