Ресми

Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу — басты міндет

Азық-түліктің негізгі түрлері мен жанар-жағармайдың бағасын қол қойылған меморандумның деңгейінде ұстап тұру – бағаны тұрақтандыру жөніндегі облыстық штаб осы саланы басқаратын мемлекеттік органдардың, жергілікті тауар өндірушілердің және сауда жүйелерінің алдарына осындай міндеттер қойды.

Өткен жұма күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Ізбақ Өмірзақовтың төрағалығымен өткен тұрақты жұмыс істейтін облыстық штабтың кезекті мәжілісінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі қойған міндеттер тұрғысында «Туркуаз Эдибл Ойл Индастриес» ЖШС шығаратын күнбағыс  майының жіберу бағасын өсіруінің негізділігіне және шетелдік жеміс-көкөніс өнімдерінің бөлшек сауда бағасының қалыптастыру мәселелеріне арналды.

Ақтөбе қаласы кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Анар Ерғалиеваның, «Туркуаз Эдибл Ойл Индастриес» ЖШС директоры Бақытжан Түрметовтің, кедендік бақылау департаментінің бастығы Құрманғали Тасмағанбетовтің және ҚР Бәсекелестікті қорғау жөніндегі агентігінің аймақаралық инспекциясының басшысы Азамат Қамшымбаевтардың тұтыну рыногындағы бағаның жағдайы және бірқатар азық-түлік тауарларының бағаларының негізсіз өсуі туралы хабарларын тыңдады. Олардың хабарларын тыңдай келе облыстық штаб мүшелері әлеуметтік мәні бар тамақ өнімдері мен жанар-жағармайдың бағаларын тұрақтандыру жөніндегі алынған шаралар әзірге тиісінше тиімділік бермей отыр деген қорытындыға келді. Ірі жеткізушілер мен тауар өндірушілермен қол қойылған меморандумдардағы көрсетілген бірінші қажеттіліктегі азық-түліктердің бағасының жедел өсуіне жол бермеу талабы барлық уақытта бірдей орындала бермейді.

Штаб кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына тұтыну рыногындағы жағдайды қалыптастыру үшін жауапкершілікті анықтап, шаралар жоспарын жасауға және бірінші тоқсанның қорытындысымен облыстық әкімдіктің мәжілісінде қарауға бұл мәселені  ұсынуға тапсырма берді.

Ақтөбе қаласы әкімдігіне, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы басқармаларына азық-түліктің негізгі түрлерінің және жанар-жағармайдың бағаларына тиімді бақылау жасауды тапсырды.

Монополияға қарсы комитетке тамақ өнімдерінің бағасын белгілеуде келісіп алуға, ішкі рыноктағы бәсекеде жөнсіздікке жол бермеуді жүктеді.

Мұнымен бірге тиісті органдарға аймақтық рынокты сұранысқа ие азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыруға тапсырма берілді. Ол үшін делдалсыз өнім өндірушілердің сауда орындарына тікелей жетуіне жағдай жасау мақсатында коммуналдық рыноктарды бақылауға алуға тиіс.

Облыстық штабтың төрағасы Ізбақ Өмірзақовтың пікірінше, азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің бағаларын түсіруге ауыл шаруашылығы  жәрмеңкелерін өткізу жәрдемдеседі. Ол ауыл шаруашылығы басқармасына осы аптадан бастап жәрмеңкелерді өткізудің кестесін жасауды тапсырды.

Облыс әкімінің бірінші  орынбасары Ізбақ Өмірзақов мәжілісті қорытындылай келе, штаб мүшелерінің баға белгілеу жағдайларына сергек қарауын және бағаның негізсіз өсуін тез бақылауға алуды ерекше атап көрсетті. Қажет болған жағдайда бұл аталған мәселелерді шешуге құқық қорғау органдарын қосудың керектігі айтылды.

Азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің бағалары өсуіне жол беруге болмайды. Ізбақ Өмірзақовтың атап көрсеткеніндей, бұл – тек облыстық штаб қана емес, барлығымыз үшін басты міндет.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button