Білім

Үш жылдан бері қайда жүр? Темір ауданында 10 жастағы оқушы шетел асып кеткен

Мектепке жол

 Оқушылардың мектепке толық баруын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған «Мектепке жол» акциясы аяқталды. Қорытындысында, облыс бойынша 27 004 оқушыға 143 836,2 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, 1647 рейд жүргізілді. Рейд барысында мектепке бармаған 8 бала анықталды. Оның бірі үш жылдан бері іздестіріліп жатыр. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Райхан Нұрхожаевамен акция аясында жасалған жұмыстар туралы сөйлескен едік.

 — Темір ауданы Шұбарқұдық кентіндегі Жансен Кереев атындағы мектепте бір оқушыны үш жылдан бері іздеп, таба алмай жатырмыз. Баланың анасы теріс ағымға кірген. Жақын туыстарының айтуынша, бала анасымен бірге Венгрияға кетіпті. Дегенмен, шын мәнінде оның нақты қайда кеткені, қай елде тұрып жатқаны бізге белгісіз. Бір білетініміз, бала еліміздің аумағында жоқ. Өйткені бала мектепке келмеген 2013-2014 оқу жылында (2-сыныпқа көшкен  кезде) құзырлы органдарға хабарласып, дабыл қағып, ел бойынша іздеу салдық. Одан кейінгі жылдарда да іздестіру жұмыстары жүргізілді. Өкінішке қарай, оның Қазақстанда жоқтығы анықталды.

— Халықаралық іздеу жариялауға не кедергі?

— Заң талабы бойынша, жоғалған балаға халықаралық іздеу жариялау үшін арызды жақын туыстарының бірі жазуы тиіс. Біз баланың әжесіне заң талабын түсіндіріп, іздеу жариялау үшін арыз жазуы керектігін бірнеше рет айттық. Дегенмен, әжесі көнбей қойды. «Қызым да, немерем де аман. Skype арқылы сөйлесіп тұрамын» дейді. Шетелдің мектебіне баланың қабылдануы үшін қажетті құжаттардың жоқтығын,  еліміздің заңы бойынша ата-ана мектеп жасындағы баланы оқытуға міндетті екендігін айтсақ, әжесі: «Мектепке бармағанмен, курста оқып жатыр» деп жауапты қысқа қайырды.

— Рейд барысында мектепке бармаған қанша бала анықталды?

— 10 күн сабақтан қалған балалар жөнінде Білім және ғылым министрлігіне есеп береміз. Тексеру барысында мектепке бармаған жалпы 8 бала анықталды. Оның біреуі, жоғарыда айтқан бала. Қалған үшеуі қазір мектепке барып жүр. Бұл қыркүйектің 10-ынан кейінгі мәлімет. Біз аудандардан есепті ай сайын аламыз. Сол себепті, қалған төрт оқушы туралы мәліметті осы айдың 10-ында аламыз.

— Балалардың мектепке бармауына не себеп?

— Мектепке келмеген оқушылардың арасында шетелден көшіп келген балалар да бар. Ата-аналарына телефон соғып, мән-жайды сұрағанымызда олар шетелдегі туыстарына қонаққа кеткендігін, елге қайтуға пойызға билеттің болмай жатқанын айтты. Сондай-ақ, сабақ оқығысы келмейтін де оқушылар бар. Мектеп инспекторлары, мұғалімдер үйіне бірнеше рет іздеп барғанда, ата-аналары: «Менің баламда шаруаларың болмасын» деп, түрлі балағат сөз айтып, қуып жіберген жағдай да болды. Талап бойынша, біз баланы кәмелетке толғанша бақылауға, қадағалауға міндеттіміз. Тіпті ол 9-сыныпты бітіргеннен кейін колледжге оқуға түссін, түспесін, бәрібір оның қайда жүргендігін, немен айналысатынын анықтап, оған бағыт-бағдар беріп, қажет болса, уақытша болса да жұмыспен қамтамасыз етеміз.

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық,  аудандық, облыстық комиссиялар бар. Сабаққа келмеген оқушыны, ата-ананы тиісті комиссиялар шақырып, мәселені қарайды. Нәтиже болмаған жағдайда баланы мектепке жібермегені үшін ата-ана жауапқа тартылады. Әкімшілік айыппұл төлейді.

АКЦИЯ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: 27 004 ОҚУШЫ. 143 836,2 МЛН ТЕҢГЕ

— Акция аясында жалпы қанша балаға көмек көрсетілді?

— Облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен 15 оқушыға көмек көрсетілді. Сөйтіп, педагогтердің өзі бас болып, республикалық «Мектепке жол» акциясына атсалысты.

Акцияны ұйымдастыру және сапалы өткізу мақсатында облыс әкімі орынбасарының бекітуімен облыстық ұйымдастыру штабы құрылды. Штаб мүшелері шара барысындағы жасалған жұмыстарды жіті бақылады.

Жалпы акция қорытындысында облыс бойынша 27 004 оқушыға 143 836,2 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді.

Сондай-ақ, 6-24 тамыз аралығында «Мега Ақтөбе», «Астана», «Мега Шығыс» сауда орталығының алаңында мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде тауарлар базар бағасынан 10-15 пайызға төмен бағада сатылды.

Шараға «Анвар», «Лучшее решение», «Азайа» жауапкершіліктері шектеулі серіктестіктері, «Кlass» ательесі және  «Мега Шығыс» базарындағы кәсіпкерлер қатысты.

Айта кету керек, Хромтау, Темір, Қобда отбасы үлгісіндегі балалар үйінің және кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілерінің армандарын орындау мақсатында қаламыздың түлектерінің өз қолдарымен «Тілек ағашын» жасап, мектеп жәрмеңкесіне шығарды. «Тілек ағашына» балалардың тілектері «ілінді». Қала тұрғындары, білім беру ұйымдарының басшылары балалардың тілектерін орындап, олардың қалауындағы затты алып берді.

Білім басқармасының бұйрығы негізінде базарлар мен дүкендердегі мектеп формасы мен кеңсе тауарларының бағасына мониторинг жүргізу мақсатында жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы «Мега Ақтөбе»  сауда орталығындағы «Мектеп жәрмеңкесі», «Аққу», «Арай», «Астана» сауда үйлері, «Анвар» супермаркеті, «Абди» дүкені,  «Знание Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Мега Шығыс», Орталық базарларды аралап, бағаларды бақылады.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button