БілімЖаңалықтар

Франция елшісі университетте болды

Ақпарат ағымының, жаңа инновациялық технологиялардың қарыштап дамуымен жастардың да біліміне, біліктілігіне қойылатын талаптар күшейе түсуде.  Қазіргі кезде қазақ, орыс тілдерімен қатар, өзге де шет тілін меңгерген жастарға әлемнің жоғары оқу орындарында білімдерін толықтырып, біліктілігін жетілдіруге жол ашық. Ақтөбенің Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеті студенттердің осы мүмкіндіктерге қол жеткізулері үшін барлық жағдайлар жасап келеді.

Жуырда Қазақстандағы Франция елшісі Тома Юэт университетіміздің шетел тілдері факультетінің студенттерімен кездесті. Алдымен франция елшісі физика-математика факультеті орналасқан ғимаратты аралап, заманауи технологиялармен жабдықталған нанотехнология зертханаларының жұмысымен танысты. Одан кейін шетел тілдері факультетінің ғимаратында болып, олардың техникалық базасына оң бағасын берді.

Кездесу барысында шетел тілдері факультетінің деканы Салтанат Ескендірова, ғылыми-инновациялық бағдарламалар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Ақторғын Ағысбаева қонақтарға осындағы оқу ерекшеліктері туралы айтып берді.

Франция елшісі Тома Юэт жастарға Campus FRANCE мемлекеттік агенттігінің жұмысы туралы баяндады.

— Франция елінің білім саласындағы ұтымдылығы — қолжетімділігінде. Жыл сайын бұл елге 260 мыңға жуық студент шетелдерден білім алуға немесе білімін жалғастыруға келеді. Францияның білім саласы сапалы білімімен, оқу бағдарламаларының әртүрлілігімен ерекшеленеді. Campus FRANCE  қазақстандық студенттерге Францияның жоғары оқу орны жайында, стипендияға қол жеткізу мүмкіндіктері,  визаны алу жолдары қақында әр кез толық ақпарат бере алады, — деді ол өз сөзінде.

Елші алдағы уақытта университетпен тығыз байланыста жұмыс жасағысы келетіндігін ашық айтты. «Өкінішке қарай, Франция елінің жоғары оқу орны мен университет арасында байланыс әлі жолға қойылмай келеді. Алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек», —  деді Франция елшісі. Студенттер де бұл ұсынысқа қызығушылық танытты.

 Жадыра АРЕН.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button