Құқық

Съезд шешімдері сот жүйесін дамытады

Заң

 Еліміз тәуелсіздік алғалы Судьялардың алты съезі өтті. Мемлекет басшысы барлық съезге арнайы қатысып, соттар жұ­мысы жайлы пікірін ашық жариялаумен қатар, алдағы атқарылар шараларды да айқындап беріп отырды.

Біз үшін әрбір съездің маңызы ерек­ше. Өйткені сот жүйесінің дамып, азаматтардың сот әділдігіне сенімінің артуына Қазақстан Республикасы Судьялар съездерінің қосар үлесі зор. Әр съезде қабылданған шешімдер мен міндеттемелер орындалып, олардың игі нәтижесін беріп жатқанына да көпшілік куә. Бұл туралы Елбасы ІV съезде: «Соттарға міндеттелген міндетті тапсырмалардың орындалуы заң мен әділеттіліктің үстемдік жасауымен бірге ел экономикасының дамуына орасан үлес қосады», —  деген болатын. Мәселен, тұңғыш съезде «Қазақстан Республикасының Судьялар одағы» құрылып, Әдеп кодексі қабылданды. Ал екінші съездегі ең үлкен жетістік — Парламент Судьялар одағының халықаралық Орталық Азия судьяларының ассоциациясы мен халықаралық «Заңгерлер одағына» мүше болуын бірауыздан қолдады. Бұдан кейінгі басқосуда Елбасы тапсырмалары негізінде соттағы іс жүргізуді оңтайландыру бастамасы көтеріліп, сот корпусын жасақтауды демократиялық негізде жүзеге асыру талаптары қатайтылды. Төртінші және бесінші съездер аралығында да сот жүйесіндегі  соны істер одан әрі жетілдіріліп, мамандар білім-білігін көтеретін Сот академиясы институты құрылды.

2009 жылғы съезде жергілікті соттардың  рөлін арттыру мен судьялардың тәуелсіздігін, істерді қарау тәртібін жетілдіру, сондай-ақ, сот төрелігіне қолжетімділік пен жариялылықты қамтамасыз ету, т.б. міндеттерді басты назарға қойған Елбасы әділ соттың демократиялық және құқықтық мемлекеттің негізі екенін баса айтты. Бұған қоса Мемлекет басшысы  соттардың шын мәніндегі тәуелсіздігін — егемен Қазақстанның қол жеткізген ең басты жетістігіне балады.

VI съезде: «Бейтарап және әділетті сот — кез келген мемлекеттің негізі», — деген Мемлекет басшысы бес институционалдық реформада заң үстемдігін қамтамасыз ету шараларын нақты көрсетіп берді. Солардың бастысы — сот жүйе­сінің тәуелсіздігін нығайту, сот төрелігінің тиімділігін арттыру, жалпы танылған халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сот жүйесін құру. VI съезде дауларды шешудің баламалық әдісі — медиация институтын дамыту, бұған қоса Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасын әзірлеу тапсырылды. Бүгінде бұл тапсырмалардың да шешімін тапқаны баршаға аян.

Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа нұсқасына биыл Мемлекет басшысы Қазақстан халқының алдында қол қойды. «Медиация» туралы заң толықтырылып, Азаматтық іс жүргізу кодексінің тұтастай бір тарауы татуластыру шараларына арналды. Билер институтының жалғасы медиация тәсілін жандандыру мақсатында соттарда медиация кабинеттері ашылып, олар бүгінде халыққа кеңінен қызмет көрсетуде. Соңғы съезде сот өндірісінде ақпараттық технологиялардың пайдалану ауқымын кеңейту әзірге жеткіліксіз екендігі аталған болатын. Соған сай, қазіргі күні соттардың материалдық-техникалық базасы заманауи технологиялармен толыққанды жабдықталды. «Төрелік» ақпараттық жүйесі енгізілді. Ең елеулі жетістіктердің бірі — сот отырыстары аудио-бейне жазбалар көмегімен өткізілуде.

Жалпы айтқанда, алтыншы съезден кейін республика соттарының негізгі мәселесі — жүктеме жайы шешімін тапты. 2014 жылы судьялар корпусының құрамы мен сот аппараттары қызметкерлерінің саны ұлғайтылды. Съездер нәтижесінде Қылмыстық, Қылмыстық процестік, Азаматтық іс жүргізу, Атқарушылық, т.б. кодекстер жаңартылды. Өмірге сотқа дейінгі өндірісті бақылаудағы соттардың рөлін арттыратын тергеу институты келді.  Қазақстанның сот корпусының кәсіби біліктілігін жоғарылату мақсатында судьялыққа үміткерлерге қойылар талаптар жоғарылатылды. Судьяның кәсіби және моральдық бейнесіне талаптардың арта түскенін ескере отырып, дайындалған Әдеп кодекс жобасы қазан айына жоспарланып отырған VII съезде талқыланып, қабылданады. Мемлекет басшысының съездердегі тапсырмаларына сәйкес, бүгінде сот жүйесінің ашық және әділ болуын қамтамасыз ету мақсатында белсенді жұмыстар атқарылуда деуге толық негіз бар.

 Назира АМАНҚҰЛОВА,

Қарғалы аудандық сотының төрайымы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button