Денсаулық

Тұмауға берілмеудің жолы көп

Қазіргі мезгіл — тұмау және өткір респираторлық вирус инфекциясы (ӨРВИ) ауруларының тарайтын кезең. Мұның үстіне қысы алты айға созылатын өңірімізде желтоқсан басталса да, қарсыз, аязсыз, ылғалды ауа райы да ауру түрлерін өршітуге себепкер болып отыр. Тұмаудың түр-түрінен қорыққан жұрт аузы-мұрнын тұмшалап алатын болды.

Міне, осыған байланысты облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті эпидемиологиялық жағдайға күнделікті талдау жасап, тіркеуге алуда. Тұмауға қарсы күрес шараларын жүргізуде.

1 қазан-25 қараша аралығында облыс бойынша ӨРВИ-мен 10453 адам ауырған, оның 5823-і — 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылы бұл көрсеткіш төмендеу болатын, биыл 1,3 есеге артып отыр.

Қыркүйек айынан бері тұмауға қарсы вакцинациялар жүргізілуде. Қазіргі кезде маусымдық тұмауға қарсы 40135 адам егілген. Ал тұрғындардың белгілі бір санаты мен медицина қызметкерлерін егу жергілікті бюджет есебінен жүргізілген.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары аурудың нышаны байқалысымен дәрігерге қаралуды, күтінуді, үй-жайларды ылғал шүберекпен сүртіп отыруды, спортпен айналысуды ұсынады. Сондай-ақ тамақтанған кезде пияз, сарымсақты пайдаланып, лимонмен шай ішкен жөн. Әрине, С дәруменіне бай (қырыққабат, қарақат, таңқурай) көкөніс түрлерінің пайдасы зор.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button