Білім

Қобдалық студенттерге білім гранттары тағайындалады

Аудан күндері аясында  Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбетов Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде қобдалық студенттермен кездесті.

«Жастар елімнің ертеңі» атты кездесу кешінде аудан әкімі Тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне кеңінен тоқталып, өңірдің одан әрі көркеюі үшін білімді де білікті жастардың қажет екендігін атап өтті. Жастарды туған жерде еңбек етуге шақырды. Аудан басшысы қазіргі таңда, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы мамандарының тапшы екендігін тілге тиек етті. Студенттердің толғандырған сауалдарына жауап берді.

Кездесу барысында аталған университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі прорекоры Мұхтар Миров, педагогика ғылымдарының кандидаты Боранбай Моменовтар сөз сөйледі. Сонымен қатар, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқытушысы Айгүл Құрманбекова кеш қонақтарына естелікке «Қобда ауданының тарихы» атты кітапты сыйға тартты.

Кеште аудан әкімі студенттердің қойған сауалдарына орай алдағы жылы аудан әкімінің атындағы білім гранттары қарастырылатынын айтып, жастарды бір серпілтіп тастады. Кездесу барысында жастар тарапынан да бірқатар мәселелер алға қойылды. Соның бірі — ауданға тарихи-өлкетану мұражайына жаңа  ғимарат керек. Қобданың батырлар мекені екенін айшықтайтын белгіні аудан орталығына кіреберіс тұсқа орнату секілді ұсыныс-пікірлер де жастар тарапынан айтылды.

Бүгінде Қобда ауданындағы студенттердің 20 пайызы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде білім алады. Соңғы 5 жылда ауданға 300-ге тарта жас мамандар барып, туған жерінде жемісті қызмет атқаруда.

Кеш соңында аталмыш оқу ордасында  білім алып жатқан қобдалық белсенді студенттер мен түлектер аудан әкіміне  өз ризашылықтарын білдірді.

 

                                           Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button