Спорт

Кахабер Цхададзе: бұл мен «Қайратқа» келгеннен бергі ең қиын жеңісіміз болды деп ойлаймын

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Қайрат» — 0:1

28-турда «Астана» мен «Қайрат» әзер дегенде үш ұпайдан олжалады. Бұлар қарсыластарын өткен турда да бір гол артықшылығымен ғана ұтқанын және ұмыта қойғанымыз жоқ. Бұған дейін қатарынан бес рет ұтылған «Ертіс» сырт алаңда «Оқжетпесті» ойсырата жеңіп, қайтадан үшінші орынға оралды.

Ақтөбеде өткен турдағы өкініш тағы да қайталанды. Бұл жолы да бір гол басымдық қонақтарға үш ұпай әперді. Ал «Ақтөбе» сол үш ұпайды өз қоржынына салғанда да ешкім дау айта алмас еді.

Жерлестеріміз бұрынғыша тізгінді бірден қолға алуды ойлаған алматылықтарды ойын басталысымен-ақ қысымға алды. Таймның алғашқы бөлігінде-ақ «Ақтөбе» қайта-қайта қауіпті шабуылдар ұйымдастырумен болды. Қонақтар Дидар Жалмұқанның жолын кесіп үлгерді. Бірге-бір шыға келген Виктор Крюковтың соққысына Стас Покатилов тосқауыл қойды. Никита Бочаровтың алыстан зымырата соққан добына дәлдік жетіспей қалды. Қонақтар өз бөлігінен шыға алмай шаршады. Дидар Жалмұқан соққан доп алыс діңгекті жанай ұшты. Никита Бочаровты қолмен тоқтатқаны үшін алматылық Исламбек Қуат ескерту қағазын алып үлгерді. Дегенмен, алаң иелері сондай-сондай сәтті шабуылдарға нүкте қоя алмай діңкеледі. Мұндайда футболдың жазылмаған заңы бар: сен соқпасаң, ол соғады. Дәл солайша «Қайрат» оңтайлы сәтті тиімді пайдалана қойды. 35-минутта қолайлы пас алған Андрей Аршавин біздің қақпамыздың тоғыздығын дәл нысанаға алды — 0:1.

Жерлестеріміздің бұдан соң тіпті де ұнжырғасы түсе қойған жоқ. Шабуылдан тартынбады. Тіпті таймның соңғы минуттарында әбден күшке мінді. Бірақ есе қайтарудың ретін келтіре алмады.

Екінші тайм да ақтөбеліктердің белсенді шабуылдарымен басталды. Және бұл екпін одан әрі жалғаса берді. Виктор Крюковтың соққан добы маңдайшадан биік ұшып кетті. Дидар Жалмұқан соққан доп діңгектен ауытқып түсті. Никита Бочаровтың соққысына алматылық қақпашы Стас Покатилов төтеп берді. Кирилл Шестаков бірнеше сантиметрге ғана қателесті. Ойынның соңғы ширегінде ақтөбеліктер Покатиловке тіпті тыным бермей қойды. Бірақ, өкінішке қарай, бәрібір гол соғылмады. Бұған алматылықтардың тым сақтық жасап, өздеріне қолайлы есепті ұстап тұрудың барлық шараларын қарастырғандары да әсер етті.

Иә, бұл кездесуде «Ақтөбе» өз қақпасына бір гол өткізіп алғаннан басқа әлсіздік көрсете қойған жоқ. «Қайраттың» бас бапкері Кахабер Цхададзе мойындағандай, «Ақтөбе» бұл күні өзін тамаша жағынан көрсетті.

Ал бұл жеңістен соң «Қайрат» өзін биыл күміс медальмен алдын ала қамтамасыз етіп қойды. Ал алтын медальдан «Астана» айырыла қояр ма екен?..

«Ақтөбе»-«Қайрат» — 0:1

Гол авторы: Андрей Аршавин, 35-минут (0:1).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Б.Қайыров, 9-минут; М.Ситдиков; 70-минут, Е.Сорокин, 90-минут («Ақтөбе») — И.Қуат, 26-минут; А.Дарабаев, 90-минут («Қайрат»).

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, Куасси Куаджа, Бобир Давлатов, Егор Сорокин (капитан), Сандро Цвейба, Марат Ситдиков, Никита Бочаров (Неманья Николич, 83-минут), Дидар Жалмұқан, Бағдат Қайыров, Виктор Крюков (Асланбек Кәкімов, 63-минут), Кирилл Шестаков (Игорь Бойчук, 81-минут).

«Қайрат»: Стас Покатилов, Исаэль, Анатолий Тимощук, Жарко Маркович, Андрей Аршавин (Аслан Дарабаев, 66-минут), Тавамба (Жерар Гоу, 61-минут), Сезар Ампоста, Михаил Бакаев, Бауыржан Исламхан, капитан (Тимур Рудосельский, 84-минут), Исламбек Куат, Ғафуржан Сүйімбаев.

25 қыркүйек. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион. 7500 адам.

*   *   *

 

Басқа кездесулер:

«Ордабасы»-«Астана» — 0:1

Гол авторы: Жуниор Кабананга, 44-минут (0:1).

70-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Самат Смақов («Ордабасы») жасыл алаңнан қуылды.

«Оқжетпес» — «Ертіс» — 1:4

Гол авторлары: Карлос Фонсека, 17-минут (0:1); Марат Хайруллин, пенальти, 37-минут (1:1); Роман Муртазаев, 52-минут (1:2); Роман Муртазаев, 55-миинут (1:3); Казбек Гетериев, 76-минут (1:4).

59-минутта ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін М.Хайруллин («Оқжетпес») жасыл алаңнан қуылды.

*   *   *

 

Біздің мергендеріміз:

Никита Бочаров — 6;

Алексей Щеткин — 6;

Дидар Жалмұқан — 5 гол (екеуі — он бір метрлік айып добы);

Самат Смақов — 5 (4);

Тоқтар Жаңғылышбай — 2;

Асланбек Кәкімов — 2;

Бобир Давлатов — 1;

Сандро Цвейба — 1;

Кирилл Шестаков — 1;

Дмитрий Голубов — 1;

Лассина Дао — 1;

Виктор Крюков — 1;

Егор Сорокин — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымызда 15 кездесу өткізіп, 6 ойында жеңіске жетті, 4 тең ойын нәтижесі тіркелді, 5 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 19:20. Ұпай — 22. Сырт алаңда 13 ойын өткізіп, 3 кездесуде жеңіске жетті, 4 ойынды тең аяқтады, 6 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 14:22. Ұпай — 13.

 

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 

1-6 ОРЫНДАР

 

Команда      О         Ж        Т         Ұт        Д         Ұп

 

1.Астана      27       21       2          4          43-19    65

2.Қайрат      28        19       4          5          64-28    61

3.Ертіс          28       13       5          10       43-29    44

5.Ордабасы 28        12       7          9          35-36    43

4.Оқжетпес   27       12       4          11       37-34    40

6.Ақтөбе       28        9         8          11        33-42   35

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*   *   *

 

1 қазан, сенбі күні «Ақтөбе» Павлодарда «Ертіс» командасымен кездеседі.

Басқа турлар:

1 қазан, сенбі

«Астана» (Астана) — «Оқжетпес» (Көкшетау)

«Қайрат» (Алматы) — «Ордабасы» (Шымкент)

 

«Тобыл» 90-минутта жеңді

 

7-12 орындардағы командалар арасында 24-25 қыркүйек күндері өткен кездесулер төмендегідей есептермен аяқталды:

«Тобыл»-«Жетісу» — 3:2

Гол авторлары: Деян Джерманович, 4-минут (0:1); Томаш Шимкович, пенальти, 14-минут (1:1); Сергей Хижниченко, 56-минут (2:1); Вадим Боровский, 60-минут (2:2); Сергей Хижниченко, 90-минут (3:2).

«Ақжайық»-«Шахтер» — 1:2

Гол  авторлары: Евгений Горячий, 30-минут (0:1); Юлиус Сзоке, 45-минут (0:2); Мирослав Лечич, 61-минут (1:2).

«Атырау»-«Тараз» — 1:0

Гол авторы: Куретян Александр, 63-минут (1:0).

*   *    *

 

Бұл тур 7-12 орындардағы командалар арасындағы ойын кестесіне еш өзгеріс енгізген жоқ.

Екінші топтың басында тұрған үш команда да жеңіске жетті. «Тобыл» бұл жеңісіне 90-минутта қол жеткізді.

«Атырау» екінші кезең басталғалы бері алғаш рет ұтысқа ие болды.

Ал бұдан кейінгі үш орындағы клубтар жеңіліске ұшырады.

Бес тур бойы үзіліссіз жеңіске жетіп келе жатқан «Ақжайық» өз алаңында ұтылып қалды.

Турнир кестесіне көз салсақ, 7-орында 38 ұпаймен «Тобыл» тұр.

8-9 орын иелері — 33 ұпайдан жинаған «Шахтер» мен «Атырау».

10-орын иесі — 27 ұпайы бар «Жетісу».

«Ақжайық» 26 ұпаймен, «Тараз» 25 ұпаймен 11-12 орындарда келе жатыр.

*  *   *

 

29-тур кездесулері:

1 қазан, сенбі

«Тараз» (Тараз) — «Ақжайық» (Орал)

«Шахтер» (Қарағанды) — «Тобыл» (Қостанай)

«Жетісу» (Талдықорған) — «Атырау» (Атырау)

 

28-турдың нәтижелері

 

Бұл турда қақпаларға 10, 20, 21-турлардағы секілді 16 гол соғылды.

1:0 есебі үш рет қайталанды.

Алаң иелері 6 гол соқса, қонақтар 10 доп өткізді.

2 кездесуде алаң иелері жеңсе, 4 ойында қонақтар басым түсті, тең ойын болған жоқ.

2 гол пенальтиден соғылды.

28 ескерту қағазы көрсетіліп, жасыл алаңнан екі футболшы (С.Смақов, «Ордабасы», М.Хайруллин, «Оқжетпес») қуылды.

Шапшаң гол авторлары — Д.Джерманович, 4-минут («Жетісу); Т.Шимкович, пенальти, 14-минут («Тобыл»); Карлос Фонсека, 17-минут («Ертіс»).

Бір кездесу барысында екі футболшы екі голдан соқты: С.Хижниченко («Тобыл»); Р.Муртазаев («Ертіс»).

Мергендер көшінің басында 18 гол соққан Жерар Гоу («Қайрат») тұр.

Чемпионат басталғалы 167 кездесу өтті. 84 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 52 тайталаста қонақтар басым түсті, 31 кездесу тең есептермен аяқталды. Қақпаларға 414 гол соғылды (алаң иелері — 227, қонақтар — 187), сөйтіп, әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,47 гол енді.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button