Басты жаңалықтар

Той басталды!

Көне Әбжат жазуы бойынша, 19 саны – Бисмиллаһи рахмани рахим дегенді білдіреді екен. 19 ақпан күні «Ақтөбе» газеті де бісміллә деп өзінің 85 жылдық мерейтойын  бастады.

Әдетте қазақтың тойы ақсақалдардың батасымен басталушы еді ғой. Ата дәстүрге берік «Ақтөбе» бабалар жолынан жаңылған жоқ. «Іздегенге сұраған» дегендей, құдай  да солай үйлестіріп тұр. Мысалы, былтыр қазақ өлеңінің айтулы жүйрігі Мұхтар Құрманалин сексеннің сеңгіріне шыққан болатын. Ал  осы ақпан айында басылымның тізгінін 27 жыл ұстап, біраз абырой-атаққа жеткізген  Нұрқайыр Телеуов 80,  нарық өкпені қысқан қиын-қыстау кезеңде  екі тізгін, бір шылбырды қолға алып, ауыр жүкке иығын тосқан Идош Асқар 70 жасқа шығып отыр. Ендеше, торқалы тойымызды осы ақсақалдарымыздың батасын алудан бастаудың реті келіп тұр емес пе?!

«Екінші үйіне» (Мұхтар Құрманалин) келген ақсақалдар әуелі редакцияны түгел аралап шықты. Редакция қызметкерлерінің хал-жағдайымен танысты. Содан кейінгі әңгіме дастарқан басында жалғасты. «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы әр ақсақалға жеке сөз арнап, иықтарына шапан жауып, сыйлық тапсырды. ЖШС-ға қарайтын  екі облыстық, он аудандық газеттің жай-күйі туралы хабардар етті. Газеттің мерейтойын атап өту  туралы жоспарлармен бөлісті.

ЖШС басшысын мұқият тыңдаған  қариялар жақсы жаңалықтарға марқайып қалды. Газеттің әрбір санын қалт жібермейтін олар жас журналистердің аяқ алысына сүйсініп отырады екен.

–    «Ақтөбе» – менің екінші үйім! Осылай деп жазған өлеңім де бар. Өміріміздің сәулелі сәттерінің біразы осында өтті, – дейді Мұқаң тебіреніп.

–    Мені ерекше толқытқан дүние «Ақтөбенің» «кеудесіне» «Құрмет белгісі» орденінің қайта «тағылуы» болды. Менің кезімде алынған награда болғаны үшін  қуанғаным емес, бұл бүкіл бір толқынның еңбегіне берілген баға еді. Қазір біз, біз жұмыс істеген кезең тарихқа айналдық. Ал тарихты өзгертуге, бұрмалауға болмайды! – дейді Нұрқайыр аға.

–    Біздің зейнеттік демалысқа шыққанымыз рас. Бірақ азаматтықтың, кісіліктің демалысы деген болмайды. Елдік мәселелерге әлі де  елеңдеп тұрамыз. Осындағы әрбір іні-қарындасымның жетістігіне қуанып отырамын, – дейді  Идақаң ағынан жарылып.

Үлендердің әңгімелері ғажап. Әріптестер арасындағы қалжың, линотиптің кесірінен кеткен қате, қаһарлы партия өкілінің жасаған ескертуіне дейін бүгінде қызық. Жас журналистер аталары үйге келген баладай бір жасап қалды. Ал ағаларымыздың ізін басып келе жатқан Амангелді Смағұлов, Аманғос Орынғалиұлы секілді журналистер олардан алған тәлім-тәрбиелері туралы әдемі әңгімелер айтты. Мұқаң өлең оқып, Нұрқайыр аға әдеттегіше «Менің Қазақстанымды» бастады. «Осы әннің Әнұранға айналуына Нұрекең үлкен үлес қосты!» – дейді інілері күліп.

Сонымен, той басталды! «Ақтөбенің» тойы!

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button