АуылБасты жаңалықтар

Үйрене біл: үлгілі жаңалықтар

«Әділ» — өзгеше қожалық

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Елбасы алға қойған міндеттерді, облыс әкімі жүктеген тапсырмаларды орындауда, мемлекеттік  бағдарламаларды жүзеге асыруда Әйтеке би ауданы үлгілі өңірге айнала бастады. Таяу кезеңге ірі жобалар белгілеп, оларды нақты іске айналдыруда өзге аудандардан суырылып алға шықты. Аудан көлемінде жүзеге асып жатқан осы игі істердің алғашқы қарылғаштарын үлгі ретінде көрсету үшін бейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары мен мамандарын, аудан әкімдерінің ауыл шаруашылығы жұмыстарына жетекшілік ететін орынбасарларын, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшыларын алып, жолға шықты. Салғаннан-ақ, бұл шара  ауылшаруашылық жұмыстарын көрсетіп, таныстырудың далалық семинар-кеңесі іспетті болды.

Бірнеше көлікке отырған үлкен жүргінші топ, Қарабұтақтан асқасын, «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» дәлізінен түсіп, дала жолымен Қияқты ауылын басып өтіп, одан әрі тың сүрлеумен айдалаға тыңнан қоныс  салған «Әділ» шаруа қожалығына келді. Осы заманғы үлгідегі екі тұрғын үйдің, жаңа мал баздары мен аулалардың құрылыстары, күн мен желмен қуат беретін қондырғылар өзіне көпшіліктің назарын аударды.  Шаруа қожалығы туралы деректер жазылып қойылған тақта алдында  облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев әңгімесін:

— Бұл көптен ойластырылған семинар-кеңестің реті. Облыс әкімімен келісілген шара. Алдында облыс әкімінің қатысуымен, аудан әкімдерін шақырып өткізу көзделген еді. Оған қат-қабат жұмыстардың көбейіп, жұмыс кестесінің күрделене түсуі мүмкіндік бермей, осындай ұйғарымға тоқталдық.  Семинар-кеңеске қатысып отырған аудан әкімі Аманғали Бердалин өздерің таныспақшы жұмыстардың басы-қасында жүр. Өңірде ауыл шаруашылығына енгізіліп жатырған жаңалықтар көп. Елбасының, облыс әкімінің бүгінгі алға қойып отырған мақсаттарының бірі — жергілікті жерлерде кооперативтер құру. Бұл ретте қазір «Рахат +» өндірістік ауыл шаруашылығы кооперативіне барамыз, сол жерде көрсетеміз. Қазір жаңа үлгідегі «Әділ» шаруа қожалығының жұмысымен танысасыздар, — деп бастап, аудан әкіміне, шаруа қожалығының басшысына, мамандарға сөз берді. Шаруа қожалығының басшысы Берік Аяпов арғы түбі ырғыздық. Кейін Ақтөбе қаласына қоныс аударған. Іскер жігіттердің ауылды көтеруге бетбұрыс жасауы туралы мәселе көтерілгенде, алғашқылардың қатарында  өңірге келіп, тың істі қолға алып отырған жайы бар екен.  Ауданнан құрған оның бұл шаруа қожалығы асылтұқымды жылқы және асылтұқымды сиыр өсірумен шұғылданады. 2015 жылы «Құлан» бағдарламасымен 15 млн 250 мың теңгеге 57 бие алған. Ал биыл Ақмола облысынан 90 асылтұқамды ақбас  сиыр әкелген. Оның бәсі 30 млн 600 мың теңге құраған. Бұдан тыс 1 млн 146 мың теңгеге асылтұқымды бұқа сатып алған. Осы арқылы алда асылтұқымды малдың санын көбейтпек.

Кейінгі бірер жылдың ішінде осы тың жерден бірнеше миллион теңгенің құрылыстарын салып тастаған. Малшы тұратын тұрғын үйлер, мал қоралары мен аулалар сақадай сай тұр. Басқа да қосалқы құрылыстары бар. Екі жерге рулондап буылған шөптің мол қоры жасақталған.  Құдық қазылып, әлденеше ауылшаруашылық техникалары сатып алынған. Осының бәрін шаруа қожалығының басшысы «Агробизнес — 2020» бағдарламасының арқасында жүзеге асырып отыр.

Бұл маңда жоғары кернеулі электр желісі жоқ. Алайда шаруа қожалығы одан қиындық көрмейді. Өйткені желдің күші, күннің қуатымен жұмыс істейтін германиялық қондырғы жұмыс істеп тұр. Соның қуатымен жарық беріледі, үй жылытылады, мал суарылады. Бүкіл тұрмыстық тұтыну құралдары жұмыс істейді. Шаруа қожалығы үшін мұның бәрі тегін, өзгелер сияқты электр қуатына ақы төлемейді. Бізде көпшілік шаруа қожалықтары қоныстарына жоғары кернеулі электр қуатын тартып беруді сұрап, жиі шағымданады.  Бұл мәселені оңай әрі тиімді шешудің жолы осы.

Мамандар асылтұқымды  өзіміздің Мұғалжар жылқысын, оның құлындарын көріп, күтіміне, қазіргі қоңы мен ірілігіне риза болды. Шаруа қожалығының  басшысы әр іске талаптанып, ізденіп отыратын сыңайлы. Қорада 2 таза ағылшын жүйрігін бағып, болашақта бәйгеге қосуға дайындауда. Сондай-ақ шаруа қожалығы басшысының қыста да автоматты түрде мал суаратын қондырғысы, малды көліктерге аулалардан тікелей тиейтін  орындары семинарға аудандардан қатысқан шаруаға қарақты мамандардың  ықыласына бөленді. Мұның бәрі әдеттегі ауылдың шаруасындай қарадүрсін емес, еуропалық үлгідегі сән-салтанатпен атқарылған.

Сірә, шаруа қожалығы басшысының осындай істері баураған болу керек, облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Сабырұлы:

— Осындай жігіттерді іздесе, әр ауданда да табуға болады. Олар өз кәсіптерін ашып, жаңаша жұмыс ұйымдастырар еді, — деді семинарға қатысушыларға қарата.

— Бұл жердегі мақсат — ауылдан шыққан іскер азаматтарды шақырып, инвестиция тару.  Берік — жоғары деңгейдегі белгілі кәсіпкер. Өтініш жасап, ауданға шақырдық. Жалпы, осы жерге 100 миллион теңгеге жуық көлемде инвестиция тартылды. Біздерде қандай ауылшаруашылық  бағдарламалар бар, соның барлығы бойынша мемлекеттік қолдау алуға болады. Мәселен, баламалы қуат көзі, құдық қазу, ауылшаруашылық техникаларын алу, құрылысқа, асыл тұқымды малға берілетін субсидиялардың барлығын шаруа қожалығы алып отыр.  Мұны ұйымдастырғанда біз істің осы пайдалы жағын ойладық. Тікелей инвестиция салған жағдайда, жұмсалған қаржының жартысы үкіметтің жәрдемі арқылы қайтады, — деп жалғастырды әңгімені аудан әкімі.

«Рахат+» — 55 үйдің малын біріктірген кооператив

 Бұл да айдалада ірге салып жатырған шаруашылық екен. Трактордың сүргісімен даланы қырып салған жолмен жүріп жеттік. Тың істің қарқынды бастама алғаны көрініп тұр. Жаңадан қора-қопсы салынуда. Үр жаңа техникалар келе бастаған. Үлкен вагон-үй орнатылған. Шынында да, бұл — үйдің міндетін атқарып тұрған жақсы баспана. Төбесіне күннен қуат алатын қондырғы орнатылған. Ішкі  құрал-жабдықтар соның күшімен жұмыс істейді. Теледидар, компьютер қосулы. Мамандар бір бөлмеге қойылған компьютер  арқылы кооперативтің жұмысымен танысып, оның қарамағындағы малдың есебін білді, түрлі деректерімен танысты. Вагон-үйдің екінші бөлмесіне бірнеше кереуеттер қойылған, яғни жақсы жатақхана. Үшінші бөлмесі кеңсеге ыңғайланған.

Кооперативтің басшысы Асқар Нығметұлы әлде бір шаруамен қалаға кетіп оралмаған. Есесіне жұмыс басында болған әкесі Нығмет, ағасы Абзал көпшілікке кооперативтің бар шаруасын мөлдіретіп айтып берді. Әзірге бұл кооператив 55 үйдің малын біріктіреді. Қазір 620 еттік бағыттағы ірі қара, 20 асылтұқымды бұқа бар.

Жаңа құрылым басшыларының баяндауынша, бұл кооперативке кез келген ұсақ шаруа жаз айында  малын қоса алады. Ол үшін ақы төлемейді. Кооператив алатын субсидияның есебінен тегін бағылады.  Мұнда жекенің малының қоң қосуына, ветеринарлық күтім көруіне, тұқымын жақсартуына мүмкіндік бар. Жекенің малының жоғалмауын, аман сақталуына кооператив құрамы жауапкершілік алады.

Аралтоғай ауылдық округіне қарайтын «Рахат+» етті ірі қара бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативі  жекеден қабылданған малды бағып семіртеді. Оған бұл жерде жағдай толық. Іргеде үлкен көл бар, оның малға жұғымды балғын құрақ шөбі әр кез дайын. Осында бағылған малды иелері күзде «АкТеп», «Жантезер» «Райымқұл» мал бордақылау алаңдарына өткізе алады.

Әрине, бұл кооператив тәй-тәй басып енді құрылып жатыр. Алда оны дамытудың толып жатқан жоспар-жобалары бар. Басшыларының  әңгімесі оның жемісті болатынына сендірді. Осындай үлгідегі кооперативтер әр ауданда болу керек десті. Тек біреу-екеу емес , ол көп болу керек. Облыс әкімінің қойып отырған талабы — оның саны әр ауданда кемі онға жетуге тиіс.

 Ауданның өз астық қоры болады

Әйтеке би ауданын аралап жүріп, астықты өңірдің егінінен айналып өту мүмкін емес. Облыста ең көп егін салатын өңірдің биыл еңбегі жанып, бітік астық шықты. Мұны қонақтар «БұлақАгро» шаруа қожалығының егінжайында болған кезде өз көздерімен көрді. Ауа райының көптен жауын-шашынды болып, диқан қауымының қолын байлағанын жұртшылық біледі. Мұнда да бар астықтың 30 пайызы әлі жиналмай жатыр. Сондықтан кешелі бері күннің ашылғанын пайдаланып, орақ қапыл жүріп жатыр. Қатар-қатар сап түзеген комбайндар тоқтаусыз жүр. Комбайндар шетінен үр жаңа, ору қондырғылары алымды, кең. Шетелдік комбайн кабинасында отырған комбайншылар кеңседе отырғандай тап таза. Қайта, көнетоз «Хайс» көлігімен жеткен біз, ақпарат құралдарының өкілдері, баяғы кеңес кезінің комбайншылары сынды үсті-басымызды шаң басып, көзіміз сықсиып түстік…

Осы жерде семинарға қатынасушылар егін орағының барысымен, астық саласына байланысты құрылған «Темірлан» өндірістік ауыл шаруашылығы кооперативінің  жұмысымен танысты.  Аудан басшылары тұрғындарға берілетін нанның бағасын тұрақты ұстап тұруға байланысты алынған шараларын айтты. Ол үшін жаңа астықтан арнайы қор құрылған. Ауданда ұн дайындайтын диірмен іске қосылды.

«Шыңғыстың» қымызы

Бұл жаңалықты көру үшін біраз жыл азабын тартып, еңбек сіңіруге тура келді. Ақындары «Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі — Жабасағым» деп жырға қосатын өңірге таяп бардық. Дегенмен, сондай қашыққа барған мамандар бұған қуанбаса, ренжімеген сияқты. Өйткені бұл да әр аудан үшін керек, тың бастама екен. Тағы да оқшау, таза жерде жылқышы ауылдың қоныс тепкенін тамашалады. Осы заманғы үлгідегі әсем үйлер, өндірістік ғимараттар салынған. Бие сауатын, құлын бағатын орындар бөлек. Таяу маңнан өтіп жатқан жоғары кернеулі желіге қосылған бұл қоныстың  әлі ұлғаятын түрі бар.

Мұндағы үлкен жаңалық — қымыз өңдеу цехы. Ол кәдімгі қаладағы өндіріс орны сияқты көрікті ғимаратқа орналасқан. Әуелі көпшілік бие сауу жұмысын көрді. Қожалықтың 678 жылқысы болса, соның 300-і бие екен. Содан 100 бие сауылады.  Әрине, мұнша малды қолмен сауу оңай шаруа емес. Бұған дейін солай сауылыпты. Қазір арнайы голандиялық қондырғымен сауылады. Оның мұнда екеуі бар. Бұдан әрі дайындалған қымызды пісу, арнайы құтыларға құю автоматты түрде  атқарылады. Осы технологияларды сатып алуға 9 млн теңге жұмсалған. Бұрын 30 биені 5 әйел сауса, қазір 100 биені 2 оператор сауады.

Шаруашылық  басшысы Орынбай Жолмұратовтың атағы жылқы өсіріп қымыз дайындаумен де, өзге азаматтық қасиеттерімен де елімізге кең танылған. Ол өндірістік түрде саудаға қымыз шығарумен 10 жылдан бері айналысып келеді. Оның қымызының дәмін жұртшылық біледі. Кәсіпкер енді қымызбен қатар, сиыр сүтін шығаруды да меңгеруде. Қазірдің өзінде  құтыға құйылған ол өнімдері дайын. Таяу күндерде сараптаудан өткізу құжатымен сауда орындарына түсірмек.

Ауданды кең аралап, ауыл шаруашылығы саласындағы осындай жаңалықтарды көріп, танысқаннан кейін, семинар аудандық әкімдіктің мәжіліс залында жалғасты. Жан-жақтан жиналған мамандар барлығын ортаға салып, пікір алысып, тәжірибе алмасты.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button