Тарих

Ұлытау сапары

ХIV–ХV ғасырдағы түркі жұртының тарихында айрықша маңызды орын алатын, даналығына қаһармандығы сай, кезінде Алтын Орданың әмірі, бектердің бегі атанған Ер Едіге Құтлықия ұлының Ақтөбе, Атырау өңіріндегі өмірі мен ұлы істеріне, осы аймақтағы жер-су аттарына қаншалықты қатысы барлығын дәлелдеу мақсатында құрылған «Едіге тану» ынталы тобының зерттеу экспедицияның жұмысы Ұлытау жерінде жалғасын тапты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы 2050: Бір мақсат, Бір мүдде, Бір болашақ» атты Жолдауында: «Біз үшін ортақ тағдыр — бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел — жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы, бабаларымыздың арманы», — деп атап көрсеткен болатын.

Мәңгілік Ел болуымыз үшін бізге ең алдымен ұлттық сенім қажет. Ұлттық сенім нық орнау үшін өзінің өткен тарихын, тарихи тұлғаларын танып-білу, ұрпақтан-ұрпаққа  ұлағат ету елін сүйген әр перзентінің парызы екенін естен шығармағанымыз дұрыс.

Осы орайда 2007 жылы Ер Едігені зерттеудің ынталы тобы құрылып, ғылыми-зерттеу бағытындағы топ жетекшілігіне филиология ғылымының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, Жұма-Назар Асанұлы сайланды.

Экспедицияның басты мақсаты Едігенің өлген, жерленген жерлерін анықтау болды. Зерттеу жұмыстарының барысында облыстық, республикалық баспасөз беттерінде, теледидарда біраз ақпараттар жарияланды. Оған оқырмандар көптеген пікірлер жазды (Қараңыз: «Ақтөбе газеті» 5.07.16; 21.07.16)

Сонымен, бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Ұлытаудағы «Едіге шыңына» зират етіп барған сапарымыз. Шілде айының 26 жұлдызында Хромтау бекеті арқылы №37 Атырау-Астана жүрдек пойызына отырып Астана бағытына жылжып кеттік. Күн бұлтты, 3-4 күннен бері еліміздің көп жерлерінде жауын-шашынды. Алдымызды қандай ауа райы күтіп тұр, бір Аллаға аян, екі тәулік шамасы болғанда Ұлытау өңіріне табан тірейміз.

Әлбетте, бұл сапар бұдан бір-екі айлар бұрын ойластырылып, оған алдын ала, Астана қаласындағы досым Асқар Өмірбаевпен жоспар құрғанбыз. Асқар Ұлытау жерінің тумасы, әкесі Сейтжан Өмірбаев ақсақал — ҚР мәдениет қайраткері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, оған қоса Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайының көп жылдар бойғы басшысы. Әрине, бұның бәрі маған үлкен сенім. Купеге жайғасып, біраз уақыт терезеден жазық даланы тамашалап болған соң, портфелімді ашып Едіге бабамызды зерттеу бағытында жасаған жұмысымызды баяндайтын, Ұлықұм, Сағыз, Ортаңғы Бөрте жерінде түсірілген бейне суреттері бар екі дана альбомды тағы бір қарап өттім, жақсы дайындалған сияқты. Альбомның бір данасын Сейтжан ағаға беремін, екінші данасын Ұлытау ұлттық мұражайына табыс етемін. Заттарымды түгелдей келе протфелімнің екінші бөлігінен ақ орамалға оралған бір жұмыр тас пен Жұма-Назар ағамыздың «Едіге» атты қызыл кітабын алып шықтым. Кітаптың бірінші бетінде мұражайға арналып жазған автордың қолтаңбасы бар.

Жұмыр тасқа тоқтала кетейін. Өткен жолы шілде айының 20-сы күні Жұма-Назар аға, тарих ғылымының кандидаты Әлібек Аман, немере інім Ерболат Серікбайұлы төртеуміз, Ортаңғы Бөрте саласына барғанбыз (екінші рет), қолымызда темір іздеуге арналған сайман болатын, ойымызда найзаның ұшын немесе қылыштың қаңқасын тапсақ деген үміт. Қайдан табыла қойсын, күн жаңбырлы, оның үстіне  күн кештетіп барады. Біраздан соң темір іздегіш сайман белгі берді, қаза келе бір жұмыр тасқа кезіктік. Маған бір ой келді, қазақ жерінде қанаттанып барша түркі жұртының амандығы үшін өз басын құрбан етуге дайын болған ер бабамыздың құрметіне «Едіге шыңының» биігіне, бірнеше ғасырлардан соң жеткен бір белгі есебінде неге апармасқа.

27 шілдеде түс ауа Астана вокзалында Асқар екеуіміз қауыштық, жарты сағаттан соң

№308 Астана-Жезқазған бағытындағы пойызға отырдық. Уәделескендей Мейрамбек Сүлейменов бауырымыз Қарағандыдан қосылып ертеңіне Жезқазған қаласына келдік. Сейтжан ағамыздың шаңырағына түсіп әулетімен таныстық, әзірленген астан дәм таттық. Аға бізге Ұлытау ауылында тұратын, сол араның жай-жапсарын білетін жігіттерді дайындап қойған екен: «Бүгін телефон желісі істемей тұрған болу керек, хабарласа алмадым, кеше ауа райы жаңбырлы, желкем болды», — деп ертерек шыққанымыз жөн екенін айтты. Дұрыс, жол ақысы жүрмек демекші, қос көлікпен 7 адам Ұлытау бағытына жүріп кеттік.

Сайын даланы сағалай келе тау жоталарына жолықтық. Жолбасшымыз Сейтжан ағаның әңгімелерін бейнетаспаға түсіріп келеміз. Аяққамыр, Басқамыр ауылдарының тұсына келгенде ағамыз: «Археологтар дәлелдеп берген үш мың жылдық өркениет өрнегі бар қалашық табылды, мыс балқытатын пеші бар екен», — деді. Жергілікті ауызекі халық шығармашылықтарында Ұлытау тек қана Батыс Сарыарқаның ең биік нүктесі емес, сонымен қатар оның «кіндігі», барлық жаратылыс бастау алатын тамыр, «Әлем орталығы» екенін айғақтайды делінген. Демек, Ұлытау — Құдайдың назарына ілінген, көкпен тілдесетін орын санатындағы тау.

Бір жарым сағат уақыт шамасында Ұлытау ауданының орталығына жеттік. Жол айырығында бізді екі жолсерік жігіт күтіп алды: Алмаз Бейболов және Ерлан Омаров. Сейтжан ағамен ақылдаса отырып жоспар құрдық. Баратын жеріміз «Едіге тауы», Ұлытау ауданынан батысқа қарай 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Бірақ жолсерік жігіттер бұл бағытты құптамады, себебі  көп уақыт жоғалтамыз, тік жарлау, шығу қиындыққа түседі. Екінші жоба шығыс жақ беткейінен көтерілу. Ол үшін біз 20 шақырымдай тау- тастақпен жолсыз жүруіміз керек. Тоқтамға келдік. Жеңіл «Мерседес» көлігін қалдырып, екі биік машинамен 9 адам болып сапарға шықтық. Сәкең ағамыз музей қызметінде жүргенде талай  азаматтарды күтіп алып, шығарып салған ел ағаларының бірі, «Талай адамдар шыға алмай кейін қайтқан  кездері де болған, адасып бірнеше сағаттан соң әрең табылған жағдайлар да кездескен», — дейді өз әңгімесінде. Біраздан соң біз межелі жерге жеттік. Ауа райы бұлтты. Ұлытау маған бір қарағанда маңғаз да сұсты көрінді. Шығатын биіктік теңіз деңгейінен 1300 метр шамасында, 2,5-3 шақырымдай жоғары көтерілуіміз керек. Ұрыста тұрыс жоқ дегендей 7 адам болып биікке шығуға бел байладық. Олар: Асқар Өмірбаев, Мейрамбек Сүлейменов, Айдар Батырбеков, Сабыр Ыбраев, Нұржан Дәріпбаев, Алмаз Бейболов және мен, Мұздыбай Сәнкібаев. Сейтжан аға мен Ерлан екеуі төменде қалды.

Жапатармағай жүру көп кедергіге әкеп соқтырады. Себебі қалың өскен тобылғы, қараған және де біз білмейтін сан түрлі өсімдіктер аяқтан шалады. Қаз-қатар әңгімелесе жүріп келеміз, бір түсіп, бір көтерілетін жерлер де кездеседі. Әңгімелесуді де қойдық, биіктеген сайын жүріс-тұрыс та қиындады. Арасында сәл кідіріп демалған боламыз. Әне бір шағылдың түбінен шіл құсы жер бауырлай бір жүгіріп, бір ұшып барады, бірнеше балапаны бар екен, қорғаштағаны ғой, сірә. Қасымыздағы бір бауырымыз денсаулығына байланысты жарты жолда қалуға мәжбүр болды.

Мен 53 жаста екенімді ұмытып кеткендеймін, қасымдағы жігіттерден 10-15 жастай үлкендігім бар. Тауда өскен жігіттер Қарқаралы, Ұлытаудан, Ұлықұмның перзенті екенімді енді түсінгендеймін. Бір жарымдай сағат өтті, жоғарылаған сайын қан қысымым да көтерілгенін сеземін. Соңғы 100-150 метр тіктеу жарқабақ, алқынып қалғам. Асқар бауырым жолдан тосып тұр екен, сәл демалдық, қандай қиындық болса да шығуға тиістімін, себебі еліміздің бір қиырынан ниеттеніп келіп, осы бір қасиетті жерге жете алмай кетсем, кейін оның өкінішін өмір бойы ұмыта алар ма едім. Шыңның ең басына сәлден соң мен де шықтым. Бабамыздың тас белгісін қос қолыммен сыйпап, бетіме тигіздім. Екінші  тынысым ашылғандай кең демала бастадым, ысқырып жел есіп тұр, аспанға қараймын, бұлттар да жақын тұста тұрғандай, аспанды да өзіне иілдіре білген қандай құдіретті десеңші деген ой келді.

«Едіге шыңы», «Едіге биігі» атанған бұл биікте Едіге батырмен қатар Алтын Орданың атақты ханы Тоқтамыстың да сүйегі жатыр… Едіге есімімен аталуы, Тоқтамыс хан есімімен мүлдем аталмауында  қандай себеп бар… Ер Едігенің ел арасындағы  беделінің  үстемдігінде шығар…

Қос арысқа арнап Асқар екеуміз Құран бағыштадық. Фәни дүниеде арпалысып өткен бұл екі тұлғаның бақилықта бір биіктің, бір таудың басында  қатар жерленуінде қандай сыр жатыр?.. Бірде Асқар айтқан: «Аңыз бойынша Едіге батыр өлген соң өзін Тоқтамыс ханның қасына жерлеңдер деп аманат айтқан екен» деген сөзі есімде. Бәлкім, ұрпақтары бір-бірімен тату болсын деген, ерліктің-елдіктің  мәңгілік бір белгісі болар. Ортаңғы Бөрте жерінен алған жұмыр тасты баба белгі тасының алдына қойдым. Мүмкін, бұл да бір туып-өскен елінен келген ғасырлар куәсі болар… Құран бағыштадық.

Едіге бабамызды ұлықтау, іс-шаралар өткізу жөніндегі жоспарлар Ақтөбе облыстық әкімшілік назарына ілікті. Ортаңғы Бөртеге де белгі тас қойылар деп үміттенемін. «Едіге шыңынан» шағын тасты орап ала кеткенді жөн көрдім. Баба аруағы риза болсын! Сейтжан ағамыз тауға шығудың да және түсудің де өз қиындықтары болады деп айтқан. Дегенмен шаршап-шалдыққандарымыздың бәрі сол биіктің басында қалған секілді. Тау етегінде дайындалған дастарқаннан біраз дәм татып, Ұлытау аулындағы мұражайға ат басын бұрдық.

Бұл өңірде бұрын-соңды болып көрмеген бізге, музей қорының бас қор сақтаушысы Талғат Абжаппаров негізгі-негізгі деген тарихи орталарды атап шыққанда Мейрамбек бауырымыз екеуміз біраз абдырап қалған едік. Бәріне де барғың келеді. Бәрін көзіңмен көргің келеді. Бірақ әттең уақыт жетпейді. Мен Талғат бауырымызға Жұма-Назар Асановтың «Едіге» кітабымен бірге «Ұлықұмнан — Ұлытауға дейін» атты альбомын естелік белгісі ретінде музейге тарту еттім. Осы тұста Талғат ініміз санаға ой салатындай бір сауал қойды: «Бабаңның осы жерде жатқанына сенесің бе?», — деп. Мен бұған: «Зерттеуші Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Едігенің Ұлытауда аманат жерленгені туралы жазған дерегін айтып отырған шығарсыз», — деп жауап бердім. Аманат жерлеу туралы Сейтжан ағаға айтылғанда ол кісі: «Менің әкемнің әкесі де Едіге осы тауда жерленген деп отыратын», — деп, бұндай сауалды ауыр қабылдағандай болды…

Күн кешігіңкіреп қалған мезгіл, оның үстіне №307 Жезқазған-Астана пойызының қозғалуына бір сағаттан сәл астам уақыт қалған, тездетіп жеткенді жөн көрдік. Жолшыбай Сейтжан ағамыздың Ұлытауға қатысты біраз әңгімесін тыңдап, бұл өңірге деген ықылас- ынтаның арта түскенін сөзбен айтып жеткізу қиын екенін іштей ұққандаймын. Осы орайда Шор Смаханұлының мына бір өлең шумақтары ойға келді:

Туған жер, тауың түгіл,төбең биік,

Анамдай бауыр басып өстім сүйіп.

Жатсаң да жарты әлемді түгел алып,

Кішкентай жүрегімде  тұрсың сыйып.

Сейтжан ағамызға, бізбен бірге ниеттес болған Ұлытау жерінің азаматтарына алғысымыз шексіз. Ауызбіршіліктен таймаған, несібесі ортаймаған осындай қариясы, ел ағасы бар ел — бақытты ел емес пе, ағайын. Мейрамбек, Асқар үшеуміз пойызға отырдық. Ұлытау жерінде болған сапарымызға дән ризамыз.

 Мұздыбай СӘНКІБАЕВ,

өлкетанушы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button