Денсаулық

Балалар мен аналар денсаулығын қорғау мәселелері қозғалды

Конференция

 Ақтөбеде «Балалар денсаулығын және репродуктивті денсаулықты қорғаудағы инновациялық технологиялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде өткен конференцияға Қазақстандағы жетекші ғылыми орталықтар ғалымдарымен бірге, Ресей, Польша, Италия, Германия елдерінен зерттеушілер қатысты.

Қатысушыларға арнап сөйлеген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов:

— Ақтөбеде өз өңіріміз бен көрші өңірлер тұрғындарына жоғары дәрежелі қызмет көрсететін медициналық кластер құрылады. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп, республикалық ғылыми орталықтармен байланыс орнатылды. Осы жиын да әріптестік байланыстарды одан әрі тереңдете түсуге септігін тигізеді деген ойдамыз, — деп атап өтті.

Жиында ғалымдар қазір бүкіл әлем үшін үлкен проблема болып отырған бедеулік мәселесіне орай өз зерттеулері нәтижелерін, ой-пікірлерін ортаға салды. Ресейлік мамандар бұл мәселенің басты себептерін экологияның нашарлығы мен ауыр жұмыстан іздеу керектігін айтты. Орынборлық ғалымдар қоршаған ортаның ластануы қарапайым ағзалардың, бауырмен жорғалаушылардың, т.б. тіршілік иелерінің өсіп-өнуіне кері әсерін тигізетінін тәжірибелер арқылы анықтаған. Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тұжырымы бойынша, адам денсаулығы 30 пайыз жағдайда экологияға тәуелді.

Италиялық L.Aguila университетінің профессоры Гидо Макиарелли қазіргі заманда бедеуліктің кең таралуын клеткалық деңгейдегі өзгерістермен байланыстырады. Еуропа жұртшылығы көп жағдайда консервантты тағамдармен тамақтанады. Ал бұл ағзада клеткалық деңгейдегі өзгерістерге соқтырады екен.

Жиында Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов та сөз сөйледі. Ол бүгінде денсаулығын ойлаған адамның екі мәселені ерекше ескеруі керектігін айтты: біріншісі — салауатты өмір салтын ұстану, екіншісі — өмірге деген құштарлық.

— Қандай жағдайда да еңсеңді түсірмей, алға үмітпен қарау керек. Адамдарға деген мейірімділік, жақсылықтар жасау, үнемі күліп жүру денсаулық үшін де маңызды. Сонымен қатар, ұрпақтар арасындағы сабақтастық үзілмеуі тиіс. Және, әрине, көп қозғалуға тырысқан дұрыс, — деді академик Төрегелді Шарманов.

 Әсем ӘМІРЕ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button