Ауыл

Аудандағы алғашқы минимаркеттің тауарлары — қазақстандық өнімдер

Мемлекеттік бағдарлама

 Аудан орталығындағы жас та болса еңбекқор кәсіпкерлердің бірі — Айнагүл Ізімова. Жеке кәсіпкердің өз бизнесін қолға алғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Әуелі ол жолдасы екеуі ақылдасып, «Даму» қоры арқылы несие алып, пластик терезе-есіктер жасады. Осылайша іcі  алға басқан кәсіп иесі  бизнесін кеңейту мақсатында «Әсем» сауда дүкенін ашып, кейіннен минимаркетке айналдырды.

Минимаркеттен азық-түлік, жеміс-жидек пен көкөніс түрлерін, шаруашылық тауарларын өз таңдауыңызбен алуға мүмкіндік бар. Оның ішінде отандық өнімдер де  баршылық.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық өндірушілерді қолдауға шақырып, «Қазақстанда жасалған!» жалпыұлттық акциясын өткізуді тапсырған болатын. Осыған орай «Әсем» минимаркетінде отандық өнімдер үшін арнайы сөрелер орнатылып, онда елімізде өндірілген тауарлар қойылған. Оның ішінде Ақтөбенің «Жаңа Әлжан», «Рамазан»  ұны мен өнімдері, Қостанайдың сүт өнімдері мен тәттілердің түрі самсап тұр. Сонымен қатар, Алматының тәтті халуасы мен Қарағандының түрлі макарон өнімдері көз сүріндіреді.  Алматының «Цин Каз» томаттары мен кетчуп консервілері, Қызылорданың ақ күріші  де сөреден табылады.  Минимаркет сөрелерінде сұрыпталған өнімдерге «Қазақстанда жасалған» бірыңғай белгісі ілінген. Басқа да отандық өнімдермен кәсіпкердің өзі таныстырды.

— Отандық өнімді қолдай отырып, ауыл тұрғындарын өз өнімімізбен қамтамасыз етіп келеміз. Бүгінде сөрелеріміздегі өнімдердің көбісі отандық деп айтуға болады. Ақтөбе қаласының «Анвар» супермаркетімен ортақ келісімшарттасып, азық-түліктер мен шаруашылық бұйымдары уақтылы жеткізіліп тұрады. Оның ішінде Көкшетау қаласының «Му  муня», «Одари» сияқты сүт өнімдері бар.  Қостанайдың және Солтүстік Қазақстан облысының «Қаз Гер Құс», «Адель Құс» ЖШС-ның жұмыртқаларын тұтынамыз. Бұдан басқа Сарыағаштың минералды сулары мен Қостанайдың «Солнечный нектар» шырындарымен сөрелерімізді үздіксіз толықтырып отырамыз. Өзіміздің Ақтөбе қаласынан шығатын «Silla» сауда белгісінің түрлі ет өнімдерін де таба аласыз. Жалпы азық-түліктердің  жарамдылық  мерзіміне назар аударып, қадағалап отырамыз. Бұл біздің басты  мақсатымыздың бірі, яғни сапалы, дәмді және жаңа күйінде тұрғындарға жеткізу, — дейді кәсіпкер.

Минимаркет тұтынушылары өздері арнайы азық-түлік корзинасын алып, тауарлардың шекесінен шертіп жүріп қалауынша таңдап ала алады. Сауда орнының  екінші қабатында құрылыс бұйымдары сатылады. Ұсақ-түйек шегеден бастап, күрек, балға және әктеу, сырлау сияқты жұмыстарға арналған сыр, «Alinex» сияқты бояулар, т.с.с. бұйымдар бар. Яғни жаныңызға керекті заттарды таба аласыз. Бұйымдар ыңғайлы, кең бөлмеде әдемі орналастырылған.   Сауда жасауға өте ыңғайлы, заманауи  үлгіде жабдықталған.  Ауданның 5 тұрғынын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейтпек ниетте  супермаркет салуды да мақсат етіп отыр.

«Минимаркетімізде қайырымдылық бұрышы бар. Әлеуметтік жағдайы төмен аз қамтылған отбасыларға тауар бағасын әдеттегіден төмен бағамен беріп тұрамыз. Әрине, бұл айына бір реттен беріледі. Мүмкіндігімше басқа да қайырымдылық шараларға қатысып, қол ұшы көмегімді тигізуге өз үлесімді қосып  отырамын. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының жағдайларын ескеріп, қарызға  тауарларды беріп тұрамыз. Ол да болса аудан тұрғындарына деген тигізген  көмегіміз деп білеміз. Бұл біздің азаматтық парызымыз», —  дейді кәсіпкер Айнагүл Ізімова.

 М.МАНАРБЕКҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button