Білім

Мектептер мәселесі шешіле ме?

Өткен оқу жылында біздің облыста қамыстан салынған 6, ағаштан салынған 17, саманнан салынған 47, 1945 жылға дейін салынған 21 мектеп болған-ды. Бұл жағдай былтыр күзде аймақтың тыныс-тірлігімен танысуды мақсат еткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың іссапарларының барысында анықталды. Заман талабына сай келмейтін құрылыс материалдарынан салынған ескі мектептердің бірқатарын өзі аралап, көзбен көрген өңір басшысы аудан әкімдерін, тиісті мекемелердің басшыларын сынға алып, оларға дереу тапсырма берген болатын. Ескі білім шаңырақтарының басым бөлігі пешпен жылытылады. Облыста мұндай  64 мектеп бар. Облыс басшысы әлі күнге дейін пешке от жағатын мектептердің бар екеніне де қынжылыс білдіріп, бұл мәселені де шешу қажеттігін айтқан-ды.

Аймақ басшысының тапсырмасынан кейін жылға жуық уақыт өтті. Осы уақыт аралығында құзырлы мекеме — облыстық білім басқармасы аудандық әкімдіктермен бірлесіп, қаншалықты жұмыс істеді, не тындыра алды? Біз бұл жөнінде нақтырақ білмек ниетпен облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбековамен тілдескен едік. Сонымен…

Кешенді жоспар құрылды

 Биыл мамыр айының 11-і күні облыс әкімі саманнан, қамыстан, ағаштан салынған мектептердің санын азайту жөнінде хаттамалық тапсырма берді. Соған байланысты 2020 жылға дейін аталған мектептердің проблемасын кезең-кезеңмен шешу үшін кешенді жоспар құрылды. Осы құжатқа сәйкес,  мәселені бала саны аз бастауыш мектептерді жабу, ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізу, жаңа құрылыс салу арқылы шешу жоспарланып отыр, — дейді Сәуле Өмірбекова. Оның айтуынша, жыл сайын қамыстан, ағаштан, саманнан салынған мектептерге мониторинг жүргізіледі. Соған байланысты мектептердің жағдайы анықталады.

Апатты, апат алдындағы мектептерге бірінші кезекте көңіл бөлінеді. Қай мектепке күрделі жөндеу жүргізілу керектігі де мониторинг барысында белгілі болады. Соған сәйкес, жұмыс жоспарын құрамыз, — дейді басқарма басшысы.

Саманнан салынған 46 мектеп 

Соңғы бес жылдың ішінде біздің облыста саманнан салынған мектептердің саны 24-ке қысқарыпты. Бұл жаңа құрылыстың, мектептердің жабылуының негізінде іске асырылған. Қазір саманнан салынған 46 мектеп бар.

Жалпы бұл мәселені шешу тек қана облыстық білім басқармасының жұмысы емес, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар да мәселені бірлесіп шешуде мүдделі болуы керек.

Саманнан салынған мектептердің арасында жағдайы жақсы мектептер де бар. Оларды бұзып, орнына жаңа мектеп салу көп шығын. Сол себепті, мұндай мектептердің мәселесін күрделі жөндеу жүргізу арқылы да шешуге болады, — дейді Сәуле Өмірбекова.

Негізінен саманнан салынған мектептер халық саны аз ауылдық жерлерде орналасқан. Мұндай мектептер Темір мен Хромтау аудандарында ғана жоқ.  Саманнан тұрғызылған ғимараттар, әсіресе, Байғанин ауданында көп (10 мектеп). Сондай-ақ, Алға, Мәртөк, Мұғалжар аудандарының әрқайсысында да 6-7 мектептен бар.

Ағаштан салынған 17 мектеп

Облыста ағаштан салынған 17 мектеп бар. Олар Ақтөбе қаласында және төрт  ауданда — Әйтеке би, Ырғыз, Шалқар, Байғанинде орналасқан. Ағаштан тұрғызылған меттептердің көпшілігі Әйтеке би ауданына тиесілі.

Облыста 1945 жылға дейін салынған мектептердің саны — 21. Олардың 10-ы Ақтөбе қаласында орналасқан. Бұл мектептердің дені саманнан және  кірпіштен салынған.

Аймақтағы ең ескі екі мектептің бірі — Мұғалжар ауданындағы Тас бастауыш мектебі (1905 жылы салынған), екіншісі —  Шалқар ауданындағы №5 мектеп (1907 жылы пайдалануға берілген).

Облыстағы мектеп ғимараттарының басым бөлігі негізінен 1960-1990 жылдары бой тіктеген. Осы 30 жылдың ішінде 264 мектеп еңсе көтеріпті.

Қамыстан салынған мектептерден құтыламыз

Өткен оқу жылында қамыстан салынған 6 мектеп болған еді. Биылғы оқу жылында Ырғыз ауданындағы Қалалыкөл бастауыш мектебі жабылып, қамыстан салынған 5 мектеп қалды.

Ырғыз ауданына қарасты Ақши ауылында жаңа мектеп салу үшін  жобалық- сметалық құжат әзірлеу мақсатында бюджеттен қаржы бөлінді. Қазір аталған құжат мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. 100 орынға арналған мектеп 2017 жылы пайдалануға беріледі. Сөйтіп, қамыстан салынған мектептердің саны азайып, 4 мектеп қалады, — дейді Сәуле Өмірбекова.

Айта кету керек, бұл құрылыс 1981 жылы бой көтерген М.Төлегенов атындағы мектептің орына салынады. Аталған мектепте былтыр облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі болып, қаржылық мүмкіндікке қарай қамыстан салынған білім шаңырағының мәселесінің шешілетінін айтқан болатын.

Күл шығарып, от жағатын 57 мектеп

Қазір облыста пешпен жылытылатын 57 мектеп бар.

Саманнан, қамыстан салынған мектептер жабылса, болмаса бұл мектептердің орнына жаңа мектептер еңсе тіктесе, пешпен жылытылатын мектептердің де саны азая түседі.

Бала саны аз, ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан шағын ғана мектептің жылу жүйесін алмастыру оңай шаруа емес. Қыруар қаржыны қажет етеді. Өйткені бір жылу қазандығын салу, оның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін шамамен 55 миллион теңге қаржы қажет. Ал мұнша көп қаржыны он шақты бала оқитын мектепке бөлу мүмкін емес, — дейді Сәуле Өмірбекова.

Апатты, апат алды және үш ауысымды мектептер мәселесі шешіледі

Биыл 7 мектеп салу жоспарланған болатын. Оның үшеуі жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Олар: «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы 1200 орындық мектеп, Заречный-3 елді мекеніндегі 600 орындық мектеп және Кірпішті ауылындағы 320 орындық мектеп. Бұл білім шаңырақтарының ашылуы үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге де сеп болды. Нақтырақ айтқанда, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы мектеп пен Заречный-3 елді мекеніндегі мектептің арқасында Қарғалыдағы №53 мектептің мәселесі шешілді. Сондай-ақ, Кірпішті ауылындағы жаңа мектеп аталған ауылдағы №18 мектептің мәселесін шешті.

Тағы да үш мектепті қазан, қараша айларында ашу жоспарланып отыр. Үш ауданда —  Қарғалы ауданының Әлімбет, Алға ауданының Қарақұдық, Мәртөк ауданының Аққайың ауылдарында әрқайсысы 100 орындық білім шаңырақтары бой көтереді. Бұл құрылыстар апатты және апат алдындағы мектептердің мәселесін шешу үшін салынып жатыр, — дейді Сәуле Өмірбекова.

Сондай-ақ, қазір Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында апатты жағдайдағы  №1 мектептің проблемасын шешу мақсатында мектеп салынып жатыр. Бұл құрылыс үшін қаржы   Ұлттық қордан бөлінеді.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button