АуылӘлеумет

Еңбекқор әке мен елгезек ұлдар

Дөңгеленген жер шарында жұмыр басты пенденің бір-бірінен абыройын асырып, маңдайын жарқырататын — еңбек. Еңбек адамы қай қоғамда да сыйлы. Біздің сөз еткелі отырған бүгінгі кейіпкеріміз де қарапайым еңбек адамы — аудан тұрғындарының жеке малын бағатын бақташы Исатай Айтжанов. Ол — еңбектің наны тәтті боларын бүгінде ұлдарына да ұқтырған өнегелі әке. Отбасындағы алтын қасықтай бес ұлдың үшеуі құрылыс саласында еңбек етеді. Дәурен, Қазбек, Мейрамбек Айтжановтар — қазақтың қарабайыр емес, қарапайым, енжар емес, елгезек балалары. Толығырақ тарқата айтсақ…

Жас озат

Исатай Айтжанов 1960 жылы 17 наурызда Жарқамыста дүниеге келген. 1975 жылы мектеп бітірген соң Жарқамыстағы «Жас талап» комсомол бригадасында еңбек жолын бастайды. Шіркін, жалынды жастық шаққа деген сағыныш табы жанарынан жылтылдайтын жігіт ағасы бүгінде бригадада қызмет істеген кездері туралы әңгімесін «Ол бір гүрілдеп тұрған шақ еді ғой…» деп бастайды. Иә, шындығында да, кеңестік мемлекеттің жалпы халықты ұрандатып еңбекке шақырып, нәтиже еселегендерді елеп-ескерген тұс-ты ол кез. Сондықтан Исатай да қызу еңбектің бел ортасында бригадир көмекшісі болып қызмет атқарады. Мал бағудың қыр-сырын жастайынан ұғып өскен ауыл баласы еңбек ұжымында да белсенді атанады. Әрбір жастың осындай қажырлы еңбегінің арқасында «Жас талап» комсомол бригадасы ауданда да, облыста да алдыңғы қатарда жұмыс жасайды. Төл алудан да, басқа жұмыстардан да озат атанады. Өзгелерден оқ бойы озық болып, ерекше белсенділік танытқан Исатай сол тұста жастар комсомол бригадасының Алматыда өткен съезіне де қатысады. Жалынды жастың ол еңбекке белсене араласуын сол кезде «Лениншіл жас», «Мәдениет және тұрмыс» басылымдары да халыққа жариялап, Исатайды баталы ер атандырады. Өндірістік жоғары көрсеткіштерге жеткені, жастарға коммунистік тәрбие беру жөніндегі белсенді қызметі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталады. Сондай-ақ социалистік жарыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін, мал шаруашылығының дамуына қосқан үлесі үшін, қоғамдық өмірге белсене араласқаны үшін Құрмет грамоталарымен, ВЛКСМ-нің (Бүкілодақтық лениншіл коммунистік жастар одағының) «Мал шаруашылығының жас озаты» төсбелгісімен марапатталады.

1983 жылы көршінің қызына көзі түскен жас жігіт, әдемі махаббаттың негізінде Қарлығаш Айтбаева есімді бойжеткенмен болашағы баянды шаңырақ құрады.

Исатай Айтжановтың еңбек жолы кеңшар тарағанша отарлы қой бағумен байланысады. Осы жылдарда отбасылық өмірдің өзіндік қызықтары — балалы-шағалы болып, ел қатарлы еңбекке араласып, мал бағудың кәнігі тәжірибелі маманына айналады. Уақыт өте келе Кеңес Одағы құлап, кеңшар да тарайды. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары отағасы отбасының жауапкершілік жүгін арқалап, жеке малымен күн көреді.

 Табыншы

1997 жылы Жарқамыстан Ноғайты ауылына қоныс аударған ол сол елді мекенде тұрғындардың жеке сиырын бағады. 2010 жылы Исатай аудан орталығына қоныс аударуды ұйғарып, Қарауылкелдіге көшіп келеді. Есейіп, ес білгелі еңбекқор әкенің өнегесін көріп келе жатқан ұлдары мал ұстауға қолайлы ауыл шетіндегі «Ақ шағала» көшесінен алынған жерге өз күштерімен баспана көтеріп, үй салады. Мұнда да Исатай кәсібін жалғап, мал бағу ісіне кіріседі. Сәуір айы туып, қазақтар тәуір деген ауа райы орныққан соң тұрғындардың сиырларын жайылымға бүтін апарып-алып келуді мойнына алған бақташы еңбегі үшін айына сиыр басына 800 теңге алады. Алғашқы қар түскенше елдің малына бас-көз боп жүретін ол өз ісінің қиыншылығы мен қызығын жымия отырып жария етеді.

Тап қазір Исатай жауап беретін мал басы 120-130-ды құрайды. Түлігінің ұры-қара, ит-құс, темір жолынан есендігін тілейтін тұрғындар малын бақташыға сеніп қосуын қосады-ақ, ал ай сайынғы ақшасын төлерде бәрі бірдей уақтылы бере бермейді. Исатайдың айтуынша ай сайынғы еңбекақысының тұрғындардан 70-80 пайызын ғана уақтылы жинайды. Қалғаны жеке жағдайларын айтып, жүре-бара, әйтеуір береді-ау. Үйді-үйді аралап ақша жинауды Исатай өзі жүзеге асырады. «Мал бағу да оңай шаруа емес, — дейді бақташы, — ең басты қиыншылық — тұрғындар сиырлары кешкі өрістен қайтқанда алдынан күтіп алмайды. Мал екеш сосын көше-көшені аралап, тіпті темір жолға да кетіп қалып жатады. Ондайда бір жағдай бола қалса, бақташыны кіналайтыны анық. Сондықтан кешкісін мал иелері осы жағын ескерсе екен».

Әрине, мал бағудың да өзіндік қиыншылықтары жетерлік. Күннің ыстығы мен суығы, жауын-шашыны бар. Оның үстіне шілдедегі шошаланы қосыңыз. Дегенмен осы қиындықтардың бәрін еңсерген еңбек адамы бүгінде бұл іске төселген.

Мал бағуда әкеге балалары жәрдем береді әрі мініске жарамды 2 жылқысы бар. Бүгінде өзі жеткен биігіне шүкір айтатын бақташының жұмысына қатысты бір ғана тілегі бар. Ол тұрғындардан мал баққаны үшін алатын еңбекақысы бір жерге жинақталып, сол жерден берілсе дейді. Әйтпесе, үйді-үйді аралап, олардың әрбірінің айтар сылтауы мен жеке шаруаларын тыңдау бақташыны біраз әбігерге салып жүргені рас жағдай.

Қазақтың көрнекті ақыны Жұматай Жақыпбаевтың «Табыншы» деп аталатын мына өлеңі біздің кейіпкеріміз — Исатайдың портретін бейнелейтіндей. Толық ұсынғанды мақұл көрдік. Қысқартып тастасақ қиянат болатындай.

Төбеден күн қыздырса тандырайын леппен,

Талған кезде ат үсті қалғыр дәйім бұл еппен.

Жекеменшік атымен жеке бағып жүреді,

Мал бір қайғы ол үшін, мал бір уайым жүдеткен.

 

Құбылаға кетсе аспан жай дөңгелеп шырағы,

Торламаның тілімі — Ай да өрмелеп шығады.

Ақшаңдаудан жазбады ақшам келіп жеткенше,

Аптапқа да шыдады, сәйгелге де шыдады.

 

Қайтсін жота шөбінің биыл бәрі қуарса,

Бұйырмайды өрістің бұйырғаны сұралса,

Бұрқылдайды әйелдер, бұл тыңдайды мақұлдап,

Құнажыны қысыр қап, сиырлары суалса.

 

Пысық пұлдан бір іспен өтегенсіп құтылар,

Дау-дамайға бармайды, кетеді өршіп, тұтылар.

Желіндері жер сызса, алғыс айтар кім бұған,

Жекеменшік сиырдың жекеменшік сүті бар.

 

Қыстай күткен жұмысын жаз өткенде тастайды,

Саяқ жүрсе сайда ылғи мәз еткен бе бас қайғы.

Фототілші келмейді, «жеке тұршы», — демейді,

Журналға да жазбайды, газетке де баспайды.

 

Жолым түсіп жетсе егер халайыққа сөз бүгін,

Табайық та амалын, табайық та мезгілін.

Саяқ жүрген адамға ауылы үшін, ел үшін

Салайық та назарды, салайық та көз қырын.

Әке үлгісі

Осылайша ақ адал еңбек, маңдай термен келетін табысты өзінің сүйікті отбасына рахаттана жұмсайтын отағасы шаңырақтағы қосағы Қарлығашпен өрісін кеңейтіп, ұрпағын көбейткен қыз-ұлдарына шүкір айтады. Оның екі ұлы шаңырақ көтеріп, 5 немере сүйіп отырған жайы бар. Қызы қалада тұрмыста, «жаман» жиені де ара-тұра келгенде нағашы атасын бақытқа кенелтеді. Тұңғыш бала-келіні де қалада тұрады. Исатайдың бір келін-баласы қолында. Кенже ұлы вахталық жұмыс атқарады.

Ал ортаншы үшеуі туралы біз бүгін ерекше сөз қозғаймыз. Өйткені «әке көрген оқ жонар» демекші, көз алдарында адал еңбек, маңдай терді көріп өскен үш жігіт өздері де құрылыс саласындағы қара жұмысты ойланбай-ақ атқара береді.

Құрылысшы жігіттердің үлкені Дәурен 1986 жылы, Қазбек 1989 жылы, Мейрамбек 1991 жылы дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Дәурен мен Қазбек Байғанин техникалық колледжінде оқыса, Мейрамбек Ақтөбедегі кооперативтік колледждің менеджер мамандығын тәмамдайды. Дегенмен ағайындылардың қызығушылығы құрылыс саласына ауып, бүгінде ауылдағы құрылыс жұмыстарын иесімен келісіп алған соң, шыр айналдырып, дөңгелентіп жүргізе береді. Іргетас құю жұмысынан бастайтын олардың қолынан  қалау, сылау, төбе жабу да келеді. Әрі көктемнен күздің аяғына дейін олардың жұмыстарына сұраныс өте көп. Сондықтан жігіттердің қол қусырып, бос жүретін күндері мүлде жоқтың қасы. Жұмыстың қиыншылығын сұрағанымызда жігіттер: «Қара жұмысқа қара күш керек» деп жай ғана жымия сөйлейді. Ал төгілген тер құрылыс салдырған үй иесінен адал ақша болып толық төленеді. Ондайда жігіттер еңбегінің жемісін көріп, арқаларын арқайын керіп, бір демалады. Сосын келесі тапсырысты қабылдайды. Көбінесе, тапсырыс алып, құрылыс иесімен сөйлесу жігіттердің ортаншысы, еті тірі Қазбекке жүктеледі. Құрылыс басында әркімнің өз міндеті бар. Негізгі жұмыстарды Қазбек пен Мейрамбек атқарса, қосымша жұмыстарға Дәурен мен ағайынды жігіттердің нағашысының баласы Бақытжан Талғатұлы көмекке келеді. Сөйтіп, талас-тартыс, санасу жоқ ағайындылардың жұмыс барысында тек балғаның тықылы мен перфоратордың дыбысы ғана естіледі.

Қолынан іс келетін шебер жігіттерді ара-тұра ағайын мен жора-жолдастары үмеге де шақырады. Ондайда қол көмекті аямайтын көркем мінезді жігіттер ағайынға барып асарлатып, шаруасын бітірісіп, батасын алады. «Біздің ата-анамыз — қатал мінезді адамдар емес, момын жандар, қарапайым еңбек адамдары. Біз оларға қарап бой түзеп, еңбекке араласуды үйреніп жүрміз. Ақ адал еңбекті маңдай термен табуды біз өмір бойы әкемізден көріп келеміз. Әкеміз үнемі ақылын айтқанмен, «былай істе, бүйт-сүйт» деген бұйрық бере бермейді. Біз оның өмір жолына, көрсеткен өнегесіне қарап өзіміз өрге талпынып жүрген жайымыз бар», — дейді Мейрамбек.

Айтпақшы, «Жігітке жеті өнер де аз» дейтін қазақ отбасы Мейрамбегін қабілетіне қарай ән айтқанда қолдап, кішкентайынан қоғамдық шаралардан қалдырған емес. Мектеп пен колледжде белсенділер қатарында өнер көрсеткен Мейрамбек Айтжанов өткен жолғы аудандық «Үлкен ел — үлкен отбасы» акциясы аясындағы көшеаралық байқауда да Жағалау көшесінің намысын қорғап, сахнада ән айтты. Сөйтіп,  Жағалау, Табын Бөкенбай көшелерінің «Жастары жігерлі көше» атағын алуына белсене атсалысты.

Жас кейіпкерлеріміз компьютерге телміріп, ғаламтор жылтырағына бос уақытын кетірмейді. Жаздың ыстығын, қыстың суығын сылтауратып, бойкүйезденіп үйде де бос жатпайды. Шырылдауық шегірткедей гөлайттауға, құмар ойындарға ақша шығындауға, теріс ағымдарға еріп дәстүрін ұмытып, уағызын айтып, төске ұруға уақыттары жоқ. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» — «бес дұшпанынан» қашық жастар «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деп, бес асыл іске ұмтылып жүр.

Бір сөзбен айтқанда, отбасындағы Әке еңбекқорлығының жарқын үлгісі ұрпағының бойында жарқылдайды. Нағыз еңбек адамдары осындай болмақ керек.

Рита ХАЛЫҚҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button