Билік

Шынығып, ширап шығамыз. Елбасының серпінді сөзі осыған сендіреді

Мен біздің бұл дағ­­­дарысты жеңе­ті­німізге, жақсы күн­­дер келіп жет­кен­де оны қалай ең­сер­ге­німізді еске алаты­нымызға сенемін.

Ондай күндер мін­­­­­детті түрде келеді.

Нұрсұлтан  НАЗАРБАЕВ.

Шынығып,  ширап шығамыз.

Елбасының серпінді сөзі осыған сендіреді

Ердің басына не келіп, не кет­пейді деуші едік. Тарихтың не­бір сын сағаттарын сөз еткенде елдің басына не келіп, не кет­пей­ді деп те айтатынымыз болатын. Енді, міне, әлемнің басына не келіп, не кетпейді деп сөйлеуге де бірте-бірте баратын сыңай­лымыз.

Жақында Америка Құрама Штаттарындай алып елдің ішкі өмі­рімен апта аралығында болса да танысуға мүмкіндік алған жайы­мыз бар. Қайран қалды­рар­лық күрделі үдерістер жүріп жа­тыр онда. 8 қаңтар күні Дж.Мэйсон университетінде сөй­леген Барак Обаманың сөзінде тек бір жылдың өзінде, 2008 жылы ғана 2 миллиондай жұмыс орны жоғалтылғаны айтылған. Ертеңінде, 9 қаңтарда АҚШ-тағы 2008 жылғы жұмыссыздық дең­гейі жөнінде ресми ақпарат жа­рияланған. Сол ақпаратқа сәй­кес, жұмыссыздық деңгейі соңғы 16 жылдың ішіндегі ең жоғары ше­гіне жетіп, 7,2 пайызды құрапты. Тек бір айдың өзінде, өткен жылдың желтоқсанында ғана 524 мың жұмыс орны жабылған, сөйтіп елдегі жұмыссыздар саны 2,6 миллион адамға жеткен. Бұл – Екін­ші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең жоғарғы көрсеткіш. Барак Обама университетте сөй­леген сөзінде өндіріс деңгейі соң­ғы 28 жылдың ішіндегі ең тө­мен­гі көрсеткішке барғанын айтқан еді. Желтоқсан айында рецессия АҚШ-тағы 50 штаттың 33-ін қамтығанын біз де жаз­ған­быз. Барак Обама, тіпті, жұмыс­сыз­дық дең­гейі екі есеге артуы, ал ел экономикасы 1 трлн. долларды жоғалтуы мүмкін дегенді айтып отыр.

Ғасырлар тоғысындағы ға­жайыптардың бірі саналатын Қытай экономикасында да 2008 жылдың аяғына қарай бәсеңдеу үдерісі бай­қала бастады. Басқа елдерді айтып жатпай-ақ қояйық.

Иә, дүниені дағдарыс дендеп тұр. Адамзат арғы-бергіде дәл осын­­дай қиындықты бастан ке­шіп көрген емес. Елдік, өңірлік дағдарыстар болған. Тіпті, Аме­ри­ка Құрама Штаттарындай алып елді тұтас қамтыған ұлы күй­зелісті де біледі тарих. Бірақ, бүкіл әлемге тұтас қауіп төндіргелі тұрған мұндай дағдарыс дүние дидарында бұрын-соңды болмағаны анық.

Жақында Максим Бланттың жұрт айтып жүрген кітабы қолымызға түсті. Аты – «Финан­со­вый кризис» (М.,Аст.Астрель. 2008). «Почему он начался. Как долго продлится. Как выжить. Как на нем заработать» деген тақырыпшасы тағы бар. 286 беттік еңбекте автор өзінше осының бәрін қолымен қойғандай түсіндіріп шығады. Тіпті, апырмай, мына кісі Ресей Үкі­ме­тін неге басқармай отыр деп таң қалған­дайсыз.

Оңай мәселелердің оңай шешімдері болады. Күрделі мәселелердің оңай шешімдері болмайды. Бұл арада біз әлемдік қаржы дағ­дарысы қалай басталды, оған кінәлі кім, алдын алудың жолы жоқ па еді деген сияқты сауал­дарға жауап іздеп, бас қатырмай-ақ қояйық. Болар іс болды. Нұрсұлтан Назарбаев «Рос­сийская газетада» жарияланған «Дағдарыстан шығу кілті» атты мақаласында айтқандай, «Осы­ған байланысты айыптылар мен кінә­лі­лерді іздеу қажетсіз іс». Шынтуайтында, соларды іздесеңіз де дәл табу қиямет-қайым шаруа. «Бүгінде елдер мен континенттерді тітірентіп тұрған жаһандық әлемдік дағдарыс – бұл адамзат әлі біліп болмаған айрықша құбылыс. Ол әлем тарихында теңдесі жоқ және әлемдік тәртіпті, барлық экономикалық бастауларды түбегейлі өзгертетін құбылыстар санатына жататыны анық. Сондықтан да оны талдауға, ой елегінен өткізуге және еңсеруге барлық ескі догмалар мен стереотиптерді қайта қарасты­ра­тын жаңаша көзқарас қажет», дейді өз ма­қаласында Қазақстан басшысы. Дейді де сол жаңаша көзқарастың жарқын үлгісін өзі көрсетеді.

Назарбаевтың бұл еңбегінде ешқандай дайын рецепт ұсыну, ешкімге кеңес беру жоқ. Өйткені, Назарбаевтың өзі де ізденіс үстінде. Мақалада дағдарыстың дауасын табуға ұмты­лыс бар. Ең бастысы – біздің түбегейлі жаңа, әлемдік экономиканың, саясаттың және жа­һан­дық қауіпсіздіктің басқаша құрылған моде­лін жасау шебінде тұрғанымызды мойындау­дың батылдығы бар. «Түбегейлі жаңаруды бас­тау үшін бізге бүкіл ойлау жүйемізді жаңарту керек», дейді мақала авторы. Солай дейді де жа­һандық ойдың күн тәртібіне жеті қара­пайым сұрақ шығарады. Қарапайым сұрақ­тардың жауабы қарапайым бола бермейтіні белгілі. Автордың айтқанынан да қарапай­ымдатып айтсақ, қазіргі шын мәніндегі әлемдік валюта заң жүзінде солай болып табыла ма? Оның бір елде ғана шығарылуы демо­кра­тиялық болып табыла ма? Соның сұранысы мен ұсынысының баланс тетігі бәсекеге қабі­летті және еркін болып табыла ма? Әлемдік валюта рыногы өркениетті болып табыла ма? Ол әлемдік қоғамдастықтың бақылауында болып табыла ма? Оның туындатушы жүйесі және эмиссиясы бүкіл әлем алдында жауапты болып табыла ма? Әлемдік валюта жүйесі тұтастай әлемді дамыту мақсаттарына қан­ша­лықты сай келеді?..

Жоқ, Елбасымыз өзіне тән кішіктікпен «қарапайым» дегенімен, бұл сұрақтар тіпті де қарапайым емес. Нұрсұлтан Назарбаев ендігі жерде әлемде ешқандай да ұлттық валюта әлем­дік валюта функцияларын тиімді алып жүре алмайтынын ашық айтқан: «Жаңа әлем­дік валюта жүйесінің бүкіл тетіктері ғасырдың, әлемнің және адамзаттың алда болатын сы­нақ­тарын озық мониторингтеудің арнаулы не­гі­зінің жүйесінде және жоғарыда аталған қа­рапайым жеті қағидаттың негізінде құрылуы тиіс».

Қазақстан басшысының әлемдік саяси және экономикалық ойға қосқан үлесі деп бағалана бастаған бұл мақала қазірдің өзінде әлем сарапшыларының талқысына түсті. Ин­тернеттегі бірер мақаланы ғана мысалға кел­тірейік. Мәскеу мемлекеттік университетінің ақпа­рат­тық-талдамалық орталығының дирек­торы Наталья Харитонова novgaz.kom сайтына са­лын­ған «Разбегающиеся «волны» атты жа­рия­­ланымында былай дейді: «2 ақпанда «Российс­кая газетада» Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анық стратегиялық сипаты бар бағдарламалық мақаласы жария­ланды. Мақа­лада дағдарыстан кейінгі әлемнің жүйе құрау­шы­лық бастауларында бүгінгі әлем арқау етіп отырған жайлар болмайтындығы айтылған. ҚР Президенті адамзат өз тарихында алғаш рет бетпе-бет келген мына жағдайға кінәлілерді іздеп жатпауға шақырады. Ықпалдастық сипа­тын­дағы бастамаларды дәйім көтеретін дәстүрін ұстана отырып, Нұрсұлтан Назарбаев мәселелерді бірлесе шешуге, экономиканың, саясаттың және жаһандық қауіпсіздіктің жаңа модельдеріне негізделген қағидатты түрде жаңа әлемдік жүйені құруға үндейді». Мақаланың аяқ жағында автор: «Казахстанское и российс­кое экспертное сообщество который раз признает за Нурсултаном Назарбаевым титул самого влиятельного и успешного политика на постсоветском пространстве», деп атап айтқан. Тағы бір жарияланымда (іa-centr.ru): «Осы мақаланы оқып отырғаныңда философияның, экономиканың, социологияның классиктері мен бүгінгі бедел иелері Карл Маркстің, В.И.Лениннің, М.Вебердің, Дарендорфтың, В.И.Валлерстайнның, П.Бурдьенің, П.Штом­пканың, С.Хангтингтонның, Ж.Бодриярдың, сондай-ақ өздерінің ғылыми еңбектерін капи­талистік қоғамның табиғатын, оның заң­ды­лық­тары мен трансформациялану жолдарын тануға арнаған көптеген адамдардың іргелі жұ­мыстары еске түседі», делінген. Мақала авторының: «Давостағы Бүкіләлемдік форум мен ЕурАзЭҚ (2009) сам­миті адамзат бұрын көріп-білмеген эконо­микалық жүйелі дағдарыстан шығудың жол­дары жайындағы Жаңа Идеяларды тарату ғы­лымның әлеуметтік институттарының шаруасы, интеллектуал­дардың және ұлттық ауқымдағы сарапшылар топтарының міндеті ғана болудан қалып барады. Жаһандық дағдарыс одан шығудың жаһандық жобаларын қажет етеді. Жоғары деңгейдегі бірқатар саясаткерлер жаңа көзқарастардың идеологтары мен конструкторлары, таратушы тұлғалары болып сөз алуда. Ел Көшбасшысы үшін негі­зінен тән емес міндетті – ұлттық мүдделерден жо­ғары көтеріліп, бүкіл адам баласының игілігі үшін қызмет ету міндетін Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің алдына қойып отыр», деген сөздері әрқайсымыздың мерейімізді тасытады.

Нұрсұлтан Назарбаев тек қана көлеңкеден тұратын құбылыс болмайды дейтін қарапайым қағиданы ұстанады. Қаржы дағдарысының да тек қана жағымсыз жақтардан құралуы көкейге қонбайды. Оны айтасыз, Елбасымыз тіпті: «Бұрын біздің әлемнің ешқашан өз болашағын іс жүзіне асыру секілді өзін-өзі жаңарту үдері­сінің мұндай қайталанбас мүмкіндіктері болған емес», деп тұрып қадап көрсеткен. Демек, бұл дағ­дарысты еңсеру – бүкіл адамзат үшін беріліп отырған мүмкіндік. Бұл мүмкіндік – жаңару мүмкіндігі. Қайталанбас мүмкіндік. Әлемдік қоғамдастықтың белді бір мүшесіне айналған Қазақстан үшін де бұл сынақ жас мемлекетіміздің бұғанасын бекітіп, қабырғасын қатайта түсудің мүмкіндігі.

Президент 12 ақпанда, «Нұр Отан» партия­сы­ның 10 жылдығы аталған күні осы жайында айтты.

«Дағдарыстан шығудың екі жолы бар: не біз отырып алып, көз алдымыздағының қалай қирап жатқанын қадағалаймыз, не белсенді жұмыс істеп, дағдарыс арқылы болашақтың қамын жасаймыз.

Бұл – жаңа міндет.

Егер дағдарыстан ұтылмай шығу мүмкін болмаса, онда дағдарыстың күйретуші күшін біз үшін басы артық нәрселерден арылуға бағыттау керек. Солай ету арқылы біз жаңа болашақтың құрылыс алаңын тазалаймыз».

Бұл – жаңа міндеттің жаңа тұжырымда­ма­сы. Жапонның дәстүрлі күресінде айкидо деген әдіс бар. Ол өзі тек қорғаныс мақсатында қол­да­нылады. Айкидоның мәні – қарсыластың күш-қуатын оның өзіне қарсы пайдалану. Қатты соққыны қатты серпігенде қорғаныстың өзі қарсы шабуылға айналып кетеді. Жас күнін­де күреспен кәдімгідей айналысқан Елбасымыз мұны жақсы біледі.

Президент елдің беделді де белді, бас­қару­шы партиясына айналған «Нұр Отанның» халықтық тұғырнамасын орындау өткен екі жылдай уақыттың ішінде қомақты нәтижелерге қол жеткізгенін, мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттерін ойдағыдай орындау үшін қолдан келгеннің бәрін де жасап жатқанын нақты мы­салдармен келісті көрсетті. Бұл – айтуға ғана оңай. Шын мәнінде бүкіл әлемде дағдарыс ден­деп, біздің сыртқа шығаратын мұнайымыздың, газымыздың, металдарымыздың бәрінің құны құлдилап, бюджетке экспорттық түсім күрт ке­міп кеткен қазіргідей күрделі кезеңде 2009-2011 жылдарға белгіленген бюджеттегі жалақыны, зейнетақыны, әлеуметтік төлемдерді жылма-жыл өсіріп отыруды, оны инфляция деңгейін ескере отырып өсіруді жүзеге асыруды тағы да қуаттау тек қуатты мемлекеттің, ертеңіне сенім­ді елдің, еліне сенген ердің ғана айтары. Тіпті бар ғой, дәл қазір Нұрсұлтан Назарбаев: «Ай­на­лайын халқым, өткен жылғы Жолдауда осын­дай межелер белгілеп едік. Оны орындай бастап едік. Қазір, өкінішке орай, жағдай өзгерді. Бүкіл әлемді дағдарыс теңселтіп барады. Дағ­дарыстың шарпуын біз де сезіне бастадық. Сондықтан, үш жылдық бюджетте ойласты­рыл­ған өсімдердің кейбірін кейінге қалдыра тұруға тура келеді», десе де елім деген ерге мұнан қиын кездерде де сенген, екі тізгін, бір шыл­бырды қолына берген, соңынан ерген халқы Елбасын дұрыс түсінер еді. Президент ондай сөзді айтып отырған жоқ. Президент халықты жасампаздық жолға бастайтын жұмыстың жөнін айтып отыр, қазақстандықтарды қиын­дыққа қарсы қайрап салып отыр, көп ұлтты халқымыз осындай шешуші шақта да белді бекем буып, тәуелсіздік туының төңірегіне тығыз топтасарына, келешектегі кемел күндерге бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып ұмтыларына сеніп отыр.

Президент қаржы қиындығын еңсерудің мемлекет тарапынан атқарып жатқан шара­ларын, атап айтқанда, дағдарысқа қарсы қиын да болса қажетті қадам – теңге девальва­ция­сын, шағын және орта бизнесті, аграрлық секторды, тұрғын үй құрылысын қолдауға қомақты қаражат бөлуді қадап көрсетті. Өнім­дері өтпей, тығырыққа тірелуі әбден мүмкін тау-кен және өндіруші кешендердің басшылары жұмысшыларды қысқартпау, тіпті болмаса жа­рым-жартылай жұмыс аптасын енгізу, жалақы­ның негізгі бөлігін сақтай отырып, уақытша басқа жұмысқа ауыстыру, өндіріс толық тоқтап қалған күнде де жалақының жартысын төлеу жөнінде міндеттеніп, екіжақты меморан­дум­дарға қол қойғанын, мынандай қиын жағ­дайда ақылы оқуына ақша таба алмай қалуы мүмкін студенттерге ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелер беру, жақсы оқитындарға қосымша мемлекеттік білім гранттарын бөлу шаралары ойластырылып жатқанын жеткізді.

Елім дейтін, елінің қамын жейтін әрбір қазақстандық бұл қадамдарға азаматтық алғысын айтары анық. Бірақ, алғыс айтып, риза болып қою аздық етеді. Қазіргі жағдай әрбір адамнан жинақылықты, жауаптылықты талап етеді.

«Қамданған қапы қалмайды», дейді халқы­мыз. Қазақстан да қамданудай қамданып жа­тыр. Дағдарыстың алдын алу шараларын әлемде бұрынырақ қолға алған елдердің бірі Қазақстан екенін бүгінде барша жұрт көріп-біліп отыр. Бұл орайда ең алдымен біздің соңғы жылдарда бюджетті мұнай мен газдан түскен табысты қоспай жасақтап жүргеніміз, еліміздің ертеңіне қызмет ететін Ұлттық қорды дер кезінде құрғанымыз қай жағынан да өзін-өзі ақтағанын анық айта аламыз. Алданып қалған үлескерлердің үйлерін салып бітіруге қажетті қосымша қаржы сол қордан шығарылды, несие дағдарысына байланысты банктерімізді алдан тосар қиындықтарды ескеріп, олардың ка­питалын арттыру да сол қордың есебінен жа­сал­ды. Осының арқасында енді біздің белді банктеріміз шағын және орта бизнесті несие­леуді жалғастыра беретін болады. «Қоя жесең қой қалады, тарта жесең тай қалады» дейтін қазақ нақылы бүгін бар екен деп қазынаны ысы­рап етудің жөнсіздігін, алыстан ойлап, бо­лашақты барлап жүру керектігін еске салып тұр.

Елбасымыздың тапсыруы бойынша Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар бағдарламасын дай­ындады. Оның ойдағыдай орындалуына қатаң бақылау орнатылады. Босаңсуға бой алдыр­ған­дар қатаң жауапқа тартылады. Елімізде қазір сыбайлас жемқорлық сынды қоғамдық індетке қарсы жаппай күрес ашылып, қылмысқа араласқандардың, қолы былғанғандардың жолы кесіліп жатыр. Сонымен бірге жұмыстағы қате­лік үшін де, кемшілік үшін де, сенімді ақта­мағаны үшін де жауапкершілік талап етілетінін лауазымды тұлғалар ұмытпайтын болса екен дейміз. Ұмыттырмайтын болсақ екен дейміз.

Дағдарысқа қарсы тұру тек Үкіметтің, әкім­діктердің шаруасы еместігін әрбір адам сергек сезінуге тиіс. «Өкімет өлтірмейді» дейтін баяғы бей­қамдықты, қазақы кеңбалақ жүрісті, жағ­дайымыздың жақсаруына байланысты кейінгі кезде қайта басталған шашпа-төкпелікті енді қою керек. Нарық халқымызды қазірдің өзінде едәуір ширатып үлгерді. Әлі де ширата түседі. Іскер болатын, үнемшіл болатын, еңбекқор болатын кез келді. Балаларымызды да солай үй­рететін кез келді. Сөзбен емес, іспен, өзіміз­дің күнбе-күнгі нақты ісімізбен, жақсы үлгі­міз­бен. Мына заман жанталастың, жағаластың заманы, бәсекелестіктің заманы. Бұл заманда білімділер ғана, біліктілер ғана, еңбекқұмарлар ғана, ойын да, бойын да таза ұстай алатындар ғана озуға тиіс. Дәл қазір барлық істе бірдей дәл солай болып тұрмағаны да рас. Бірақ, мұның бәрі өткінші, уақытша. Арам жолмен ақша тауып, асыр салып, үріп ішіп, шайқап төгіп жүргендердің, ебін тауып екі асама­ғандарға шекесінен қарап жүргендердің аяғына тұсау салынбай қоймайды. «Нұр Отан» халық­тық партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ашқан халықтық майданы бұл істі жеріне жеткізбей қоймайды. Елбасымыз бастап, халқымыз қостап орнатып жатқан әділетті, демократиялық қоғам бәрін де орын-орнына келтіреді. Адалдың аты озады.

Әлем дағдарыстың неше түрін көрген. Адам­зат солардың бәрін еңсерген. Осыдан не­бә­рі он жыл бұрын Оңтүстік-Шығыс Азиядан басталған қаржы дағдарысы да есімізде. Оның біздің ел экономикасына ететін теріс ықпалын қалай болдырмағанымыз да есімізде. Бұл дағ­дарыс та еңсеріледі. Қазақстан экономика­сы­ның тәуелсіздік жылдарындағы жинақталған әлеуеті дағдарыстың мүмкін болатын әсерін еңсеруге қабілетті екенін Президент бірнеше рет қадап айтты. Ол үшін бізде жер байлығы да жетеді, ел байлығы да жетеді. Ел байлығы де­генде біз халқымыздың білімі мен білігін айтып тұрмыз, бәрінен бұрын көп ұлтты Қа­зақстан халқының басты байлығын – дәстүрлі достығын, ауызбіршілігін, татулығын, шыдам­дылығын, кеңдігін айтып тұрмыз. Дағдарыс тұ­сында қоғамның тастүйін бірлігі қай кездегіден де керегірек, қай кездегіден де маңыздырақ. Бүгінде барлық әлеуметтік топтар, барлық сая­си күштер бір мақсаттың – жаһандық қаржы дағдарысының теріс әсерін әлсірету мақ­саты­ның жолында топтасуға тиіс. Жекелеген мә­селелер төңірегінде саяси партиялар айтысып-тартыса беруі мүмкін, мұның өзі табиғи жай. Бірақ, мына басты мәселеде – туған елімізді, сүйікті Отанымызды, қымбатты Қазақста­ны­мызды жаһанды жарға тіреп тұрғандай қиын­шылықтың қыспағына түсірмеу, тәуелсіз­дігімізді тұғырлы ету, мемлекетімізді мығым ету мәселесінде айтысып-тартысатын нәрсе жоқ. Бұл – бүкілхалықтық тарихи міндет. Президент өзі басқаратын «Нұр Отан» партиясы саяси және қоғамдық күштердің кең ауқымын өз төңі­регіне біріктіретін қуатты саяси ұйымға айналуы керектігін ерекше айтты. Дәл осындай кезде қазіргі қаржы қиындығы ел басшы­лы­ғының жіберген қателіктерінен орын алғандай етіп жеңіл сөйлеу, жаһандық сипаты бар күрделі құбылыстың теріс әсерлерін көре сала табалай қалу, айлығы азайып немесе жұмысын жоғалтып жүрген жандарды желіктіріп, алаңға айдап салу, сөйтіп егемендіктің елең-алаңын­дағы қолға алты айлап айлық алмай жүрген жылдарда да сақтап қалған, сүттей ұйыған татулығымыздың шырқын алу келер күндердің, балаларымыздың, немерелеріміздің наласына қалу екенін ешкім де есінен екі елі шығар­масын. «Қиын күндерде біздің халқымыз қа­шанда біріге білген, соның арқасында жеңіске жете білген. Қазақстанның кез келген азаматы немесе елдегі кез келген саяси күштер қазір біздің Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігімізге беріл­гендіктің сынағына түскелі тұр», – Президент осылай деді.

Елбасымыз осы сынақтан түптеп келгенде еліміздің ұтары да табыларына, қиыншылық жағдайында жұмыс істеу тәжірибесін толық­тыра отырып, әлемдік қаржылық дағдарыстан Қазақстанның экономикасы да, қоғамдық құрылымы да анағұрлым ширап, шынығып шығарына да сендіріп отыр. Дағдарыстың да өзі­нің жақсы жақтары бар, біз мұның әлі пай­дасын да көреміз, дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Президентті бұлайша сенімді сөйлетіп отырған мына біздерміз. Осы он жеті жылдың ішінде халқымыз қазір болуы мүмкін деп отырғаннан да күрделі қиындықтарды көрді, жарты жылдап жалақысыз жүрген аса ауыр кезеңді де бастан кешті. Соның бәрінде халқымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа ел бастайтын азаматымыз деп сеніп, қиындықты да, қуаныш­ты да бірге көріп, жұмылған жұмысымыздың жемісін бірге теріп келеді.

Алдағы кезде де солай бола береді.

Қазақстан алға баса береді, асудан асуға аса береді. Халқымыздың жасампаздық жолы жалғаса береді. Елбасымыздың серпінді сөзі соған сендіреді.

Тағы да Нұрсұлтан Әбішұлына құлақ түрейікші:

«Мен біздің бұл дағдарысты жеңетінімізге, жақсы күндер келіп жеткенде оны қалай еңсергенімізді еске алатынымызға сенемін.

Ондай күндер міндетті түрде келеді».

Әдеттегідей «Айтқаны келсін!» дей салу аз бүгінде. Айтқанын келтірейік, ағайын!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button