Білім

Балдырған

Қанатты әлем

Құс аулайтын құс

«Қырғидай тиді», «қырғи қабақ» деген сияқты сөз тіркестерін жақсы білесіңдер. Осында аталған қырғи — қаршыға тұқымдасына жататын жыртқыш құс. Мұны кейбір халықтар «кішкене қаршыға», «бөдене қаршығасы» деп те атайды.

Қырғидың дене тұрқы 30-40 см, салмағы 120-130 гр. Еркегінің арқасы көкшіл сұр, бауыр жағы жирен жолақты құла сары: мекиенінің арқасы қоңырқай сұр, бауыр жағы қоңыр жолақты ақшыл болып келеді. Қанаты қысқалтаң, құйрығы ұзын, көзі сары шегір, тұмсығы мен тырнақтары қара, аяғы сары түсті болады.

Солтүстік-Батыс Африкаға, Еуропа мен Азияға таралған, Қазақстан тауларында кездесетін бұл құс орманды жерлерде ұясын ағашқа салып, мамыр айында оған 4-6 жұмыртқа туады. Жұмыртқаны мекиені ғана басып, 35-36 күннен кейін балапан шығарады. Балапандары 26-30 күн дегенде ұядан ұшады.

Қырғи бөдене мен торғай тәрізділерді, кейде шіл, кекіліктерді де алады, ұсақ кемірушілермен, көбелек, шегіртке, инелік сияқты насекомдармен де қоректенеді.

Қырғиды қазақ құсбегілері балалар үшін ұстап, балалардың өздеріне үйреткізіп, баулытып, құсқа салдырады. Кейде оны қолындағы бүркіт сияқты қырандарға күнде құс алдырып беру үшін де пайдаланады.

Оқушының өлеңі

Ұстазым

Ұстазым, менен білім аямаған,

Анамдай әлпештеген, аялаған.

Шақырған жақсылыққа, парасатқа,

Мен — шәкірт, жүрегіңді саялаған.

Анашым

Анашым — алтын күнім көгімдегі,

Анашым — бәйтерегім жерімдегі.

Анашам — байлығым да, бақытым да,

Аққусың менің көңіл көлімдегі.

Қазақстан

Туған елім, атамекен байтағым,

Мен өзіңді мақтан етіп айтамын.

Астанамыз — алтын орда, бақ мекен,

Өсіп келе жатыр жайнап, жайқалып.

Шапағат ЖАРЫЛҚАСЫН,

№3 мектептің оқушысы.

Алға қаласы.

Шәкірт

Арсеннің табыстары

Біздің білім ордамыз жеке пәндерді тереңдетіп оқытатын арнайы мектеп болған соң да, әр шәкіртіміздің әр табысына ерекше қуанамыз.

Былтыр спортты серік еткен Данат Аязбаев берісі өз қаламызда, әрісі Вьетнам еліне барып, түрлі деңгейдегі жарыстардан бес медаль жинап алып еді. Биыл сол Данаттың досы Арсен Алиев риза етіп жүр.

Өзім жетекшілік жасайтын 3-сынып оқушысы Арсен Алиев спорт мектебінде ушу-таолумен айналысады. Ол жазғы демалыс кезінде де уақытын бос өткізген жоқ. Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы 10 жастағы балалар арасында ұйымдастырған ашық чемпионатта өз тобы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Ал өткен қазан айында ушу-таолудан өткен қала біріншілігінде тағы да бірінші орынға ие болды.

Спорт пен білімді тең ұстайтын оқушыларымызға біз де, ұстаздар қауымы да дән ризамыз. Ал сыныптастары өз орталарынан шыққан жүлдегерлерін әр кез мақтаныш ететіні және белгілі.

Балзира МАЛАЕВА,

№47 жеке пәндерді тереңдетіп оқытатын арнайы мектептің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Менің ертегім

Алма мен итмұрын

Алма мен итмұрын көрші тұрыпты. Бір күні итмұрын алмадан: «Сенің адамға қандай пайдаң бар?» — деп сұрапты. Алма: «Мен күзде әр түрлі боламын. Балалар менің түсіме қызығып алады. Менің пайдам — бір тамшы йод және витамин. Ал сенің қандай пайдаң бар?» — дейді. Итмұрын: «Мен адамдарға дәрі-дәрмек боламын. Мен қызыл моншақтар сияқты жайнап тұрамын», — дейді мақтанып. Алма: «Жетер осы мақтанғанымыз. Балалар екеумізді де алма-кезек қолға алады», — дейді. Итмұрын: «Жарайды, ұрыспайық, одан да дос болайық», — депті.

Осылайша алма мен итмұрын бірге өмір сүріпті.

Жадыра ӘКЕНТАЕВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы.

Аралтоғай аулы,

Әйтеке би ауданы.

Менің аулым:

«Көктас» — біздің ауылда

Менің аулым ауданымыз бен облысымызға қоса, көптеген жақын шетелдерге де жақсы таныс.

Өйткені менің аулымда бірнеше шаруа қожалықтарымен бірге қиыршық тас ұсататын «Көктас» ашық акционерлік қоғамы бар. Қазір облысымыздың тұрғындары жақсы білетін «Көктас» өткен ғасырдың елуінші жылдары Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының өнеркәсіптік объектілерінің құрылыстары үшін дүниеге келген.

Қазір зауыт Қазақстанның батыс аумағын, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан кәсіпорындарын әр түрлі ірілі-уақты қиыршық таспен қаматамасыз етеді. Оған қоса қазір Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында, Шалқар, Мұғалжар, Әйтеке би аудандарында жаңа жұмыс орындарын ашты. Таратып айтқанда, «Көтас» республикамыздың батыс аймақтарында құрылыс материалдарының барлық түрлерін өндіру, өңдеу және жеткізу бойынша ірі фирма болып табылады.

Мен мектебіміздегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Р.Бақтиярованың жетекшілігімен «Мұғалжар аулындағы жеке кәсіпкерліктің дамуы» деген тақырыпта ғылыми жұмыс жазып жатырмын. Менде «Көктас» туралы көптеген деректер бар.

Ақтоты ҚАЗБЕК,

Мұғалжар орта мектебінің 8-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button