Тарих

Ер Едігенің моласы — Ақтөбе жерінде !

Біздің даңқты мемлекетіміз Алтын Орданы 17 жыл билеген, есімі дүниежүзіне белгілі, ел сүйіктісі  Ер Едіге тарихының Ақтөбе аймағымен байланысы туралы кейінгі кезде облыстық «Ақтөбе» газетінде дәлелді зерттеулер, құнды мақалалар жиі жарияланып жүр (Қараңыз: «Ақтөбе» — 5.07. 2016 ж.;  21.07.16 ж.;  4.08.16 ж. сандары.).

Халық қазынасын жинап, соңында ұлан-ғайыр еңбек қалдырған  әйгілі ғұламалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев екеніне еш қазақтың таласы болмас. Едігенің сүйегі қайда жерленгені туралы: «Мені бұл жерге жер қазып көмбеңдер, қорған тас қалап қойыңдар, Нұралы жер үстінде бар болса, «Ат айналып қазығын, диірмен айналып шүмегін табар» дегендей бір табар», — дей келіп, Едігенің сүйегінің Ұлытауда жатпағанына  дәлелдер келтіреді. «Ұлытауға аманат қойылған екен» деп шегелей түседі. (Едіге батыр. Алматы,1999 ж.136-б.). Сүйегі Шашты Әзиздің қасында дейді.

Қазір «Ер Едігенің сүйегі Ұлытауда, себебі басында құлпытасы тұр ғой» деген түсінік қалыптасқан. Ол құлпытас 2007 жылы қойылғанымен, Мәшһүр Жүсіп сөзімен ешкімнің шаруасы жоқ. Мәшһүр Жүсіптен әрідегі орта ғасырлық белгілі қазақ тарихшысы Қадырғали бек Жалайыр Едіге Елек өзені мен Ортаңғы Бөртенің арасында өлді дейді.   «Кейін он бір жыл өткенде Қадырберді хан Қырым әскерімен келіп, Еділ дариясынан кешіп өтіп, Едіге бимен соғыс қылды. …Едіге би жаралы болды. Қадірберді хан да жарақат алды. Екі жақ әскері бірін-бірі аямай кескіледі. Ичкили ұлы Хасан Едіге бидің ақта атын (ереуіл атын) ұстап тұр  еді. [Сол] Қадірберді ханға «Едіге мұнда жатыр» деп хабар берді. Ол жетіп келіп, оны өлтіреді. Қадірберді хан да сол жарақаттан кейін бірнеше күннен соң опат болды» (Шежірелер жинағы,115-б.).  Атақты тарихшымыз тағы да: «Ол уақытта Қадірберді хан Едіге бимен соғыс қылды. Жайықтан шыққан Елек суы еді. Онан жоғары Үш Бөрте шығады. Ол Үш Бөртенің Орта Бөртесінде Қадірберді ханмен Едіге би қатты соғыс қылды» – деп кім сатып кеткенін, өлген жері мен кім өлтіргенініне дейін аққа қарамен таңбалаған (119-б.). Тағы да айтады, 63 жасында өліп еді деп. Бұл мәліметтер Жалайырдан бұрынғы араб тарихшысы әл-Айни, кейінгі академик В.М.Жирмунский деректеріне қайшы келмейді, бірін-бірі толықтырып тұр.

Сонда сүйекті Орта Бөртеден т-у-у жер түбіндегі Ұлытауға апарып, одан Шашты Әзіз жатқан Құмкентке тасуы ақылға сыймайды. Ұлытауда не бар, тіке тартып, одан әлденеше жақын  Құмкентке апара салмай ма? Бұл жағдай біздің көкейімізге күдік келтірді. Ескі деректерді зерделеп тексере келгенде қолымызға 1869 жылғы әскери картадан «Едігенің моласы» деген сөз көзімізге оттай басылды. Қазіргі Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Баршақұм мен Сағыз стансасының ортасында тұр. Жоғары жағында Түркебайдың моласы. Мұны Баршақұмнан көшіп келген Дүйімбай Жумин ақсақал жақсы білетін боп шықты. Бір кісінің білгеніне тоқтамай, жер жағдайын аса білгіш есептелетін баршақұмдық Есенболды шарық ұрып іздеп тапқанымызда, Түркебай моласы мен Едіге моласының жай-жапсарын қолымызға ұстатты. Мұнымен қоймай: « Өте ерте заманда ғұмыр кешкен Едіге әрі батыр, әрі би болған» деп түсінік берді. (2010 жылы барғанымызда «Қопа» аулындағы Ығылман мен Олжабай ақсақалдар да осылай деген-ді. Ал ақын Ақтан Керейұлының жиен келіні Шолпан апай осы Едіге перінің қызынан туған деп еді). Бұл енді қисынға келеді, логикаға жүгінсеңіз, қазіргі Мәртөк ауданындағы Ортаңғы Бөртеде өлген Едігені мұнда қоюы  әбден мүмкін. Әрі Едігенің әкесі мен шешесінің бейіті де Сағыз бойында деген әңгіме бар (қараңыз: С.Ажыгалиев. Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии, 2002 г.). Бір карта ғылым үшін тиянақты дәлел болмас деп, өзгесін іздестірдік. Алматыдағы тарихшылар Берік Төлепов, Әсет Темірғалиевтер қол ұшын берді. «Жердің астындағыны» білетін ақтөбелік Бөрібай Кәртен және бір картаны тауып берді. Сөйтіп, дәлеліңіз шаш етектен келді. Жалғыз 1869 жылғы емес, 1904, 1909, 1950 жылғы «құпия» карталарда да солай,  Едігенің моласы қазіргі Байғанин ауданында тұр. Орыс оқымыстылары таңбалаған. Біз үшін емес, өздері үшін.

Сонымен, Едігенің өлген жері де, бейіті де Ақтөбе облысы территориясында болып шықты. Дәлел ретінде оқырмандарымызға 1869 жылғы картаның көшірмесін ұсынып отырмыз.

Халықаралық «Ер Едіге» қоғамдық қорының мүшелері: Жұма-Назар Асанұлы, Ислам Иманов, Мұздыбай Сәңкібаев, Тама Омаров.

                                                                       Ақтөбе қаласы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Армысыздар! Автормен қалай xабарлассам екен? Едігенің зираты Ақтөбеде деген мен үшін үлкен жаңалық болды. Көп әдебиеттерде, соның ішінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шоқан Уалиxановтың жазбаларында ер Едіге Ұлытауда мәңгі дамыл тапқан делінген. Сөз таластырмақ ойымда жоқ. Біле жүрейін дегем. Ондай ерлердің молалары бірнешеу де бола береді деуші еді. Мүмкін Едіге бидің де бірнеше жерде зираты бар шығар? (Олай болса, мәйіті қасысында екен?) Әлде басқа бір ер Едіге бар ма екен?
    Автор ағаның өзінен бір ауыз жауап естісем деп ем. Не басқа да білетін адамдар болса, мына адреске жауап жазып жіберсеңіздер екен:
    ibrayeva.arman@mail.ru

    Арман Саятқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button