Ауыл

Жүйелі істің жемістері

Жасыл ел

 Ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіліп жатқан көмек пен бұл бағытта жүзеге асырылған жұмыстардың жайы сараланды. Сонымен қатар, «Жасыл ел» жастар жасағының жұмысы қорытындыланды.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Марал Сембі мүгедектерге көрсетілетін  мемлекеттік қолдауды, оған қол жеткізудің жолдарын айтса, аудандық педогикалық-психологиялық түзету кабинетінің басшысы Айжан Алманиязова мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың оң нәтиже беріп отырғанын айтты. Кездесуде мүгедектер аудан басшысы Бұлбұл Күзембаеваға өз ұсыныс-пікірлерін ашық айтты. Олардың тілегі — үйлеріне көгілдір отын жеткізуге ықпал ету.

Аудандағы «Жасыл ел» жасақшыларының жұмысын қорытындылауға арналған шарада белгіленген жұмыстардың қаншалықты деңгейде атқарылғандығы талқыланып, ауылдық округтерде жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бейнебаян арқылы көрсетілді. Округ әкімдері аудан басшысы алдында «Жасыл ел», «Көркейе бер, туған ел!» марафон-эстафетасы бойынша қысқаша баяндама жасады. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Құлмұқанов өңірді көркейту, санитарлық тазалау және көгалдандыру шараларына аудандағы жұмыссыз жастар мен студенттер, оқушылар белсенді қатысқанын айтты. Олар бұл жұмыстан тыс аудандағы бірнеше мәдени іс-шаралар мен акцияларға қатысқан. Бұл орайда Ойыл орман шаруашылығының директоры Серік Мусин «Жасыл ел» жасақшыларының орманды тазалау, қураған ағаш бұтақтарын кесіп, арамшөптерді жұлу секілді тиянақты атқарған жұмыстарын тізбектесе, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Аралбай Жолдыбаев кейбір түйткілді мәселелерге тоқталды. Кездесу барысында ата-аналардың атынан сөз алған Гүлнар Атыраубаева елімізде жастар саясатын жүзеге асыруда жасалып жатқан тыңғылықты жобалар мен қолдауларға өз ризашылығын білдіріп, жалынды жастарға таудай талап тіледі. «Жасыл ел» жасақшыларының атынан сөз алған Айдана Нұрлыбай: «Біз, жастар, қай кезде де туған жердің тазалығына бейжай қарамаймыз», — деп, алдағы уақытта да ауданды абаттандыру жұмыстарына бар күш-жігерін салатындығына сенім білдірді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button