БілімБасты жаңалықтар

Облыс әкімі өткізген сабақ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мектепте қандай пәнді сүйіп оқыған? Ол қандай әндерді тыңдағанды ұнатады және неден қорқады?

Ақтөбедегі №32 мектеп-гимназиядағы жаңа оқу жылының алғашқы сабағында оқушылар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа сұрақ жаудырды.

1 қыркүйек күні мектептерде «Мен — елімнің патриотымын» атты тәрбие сағаты өтті. Аталмыш гимназияда бұл сабақ облыс басшысының қатысуымен өткен еді.

Облыс әкімі сөзін:

— Кеңестік дәуірде әлем қазақты, Қазақстанды білген жоқ. Шетелге барғанда: «Қазақпын» — дей алмайсың, КСРО-ны, орысты айтасың. Өз тарихымызды, тілімізді, ұлттық құндылықтарымызды кең көлемде ұлықтауға мүмкіндік берілмеді. Сендер, тәуелсіздік дәуірінде туған ұрпақтың өкілдері, бодандық кезеңнің бұл ащы қасіреттерін тарих пен естеліктерден ғана білесіңдер.

Біз Мәңгілік ел болуды мақсат еттік. Сендер мұны бабалар аманаты ретінде қабылдауларың керек. Әр азаматы өз елін, өз ұлтын сүйетін халық қана мәңгілік ел бола алады, — деп бастады.

Бердібек Сапарбаев тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырлық тарихындағы ең маңызды белестер — төл теңгеміздің айналымға шығуы, жаңа Конституцияның қабылдануы, ел астанасының Алматыдан Ақмолаға көшірілуі, т.б. жөнінде кеңірек әңгімеледі. Сондай-ақ, ұлтымызға тән емес құбылыстарға сақтықпен қарау керек деп білетінін жеткізді:

— Дін бе, мәдениет пе, басқа сала ма — ата-бабаларымыздың салып кеткен жолы бар екенін әрдайым есте ұстау керек. Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажыратуда ғаламтор жаңалықтарына емес, ата-бабалар өсиетіне, ата-ананың кеңесіне сүйеніңдер. Өмірді сүйіңдер. Өмірге деген құштарлық адамды қанаттандырады, — деді ол.

Оқушылар тарапынан облыс басшысына көптеген сұрақтар қойылды. Оларға жауап бере отырып, Бердібек Сапарбаев өзінің мектепте сүйіп оқыған пәні — математика екенін, ал ең сүйікті әндері — Отан, туған жер тақырыбындағы әндер екенін айтты. Мұны естіген оқушылардың бірі әкімді Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін бірге шырқауға шақырды.

11-класс оқушысы Мирас Алмасұлының: «Сіз неден қорқасыз?» — деген сауалына орай әкім:

— Мен сатқындар пен өтірікшілерден қорқамын. Биліктегі адамға жақын жүруге құмар жандар көп болады. Олардың арасында сатқындар мен өтірікшілер де жүреді. Бірақ адамды алдаған, сатып кеткен арамзаларға түбі жақсы болмайды. Біреуге жасаған жамандығың айналып өзіңе не ұрпағыңа қайтады, өмірдің заңы — солай, — деді.

9-класс оқушысы Нұрдәулет Ізбасаров өзінің суырып салма қасиеті бар екенін айтып, осы сабақ барысынан алған әсерін қағазға жыр етіп түсіріп, оқып берді.

Облыс әкімі балалардың басқа да сауалдарына жауап берді. Сабақ соңында ол ұстаз ретінде өзі үздік деп таныған үш оқушыға — Нұрдәулет Ізбасаровқа, Мирас Алмасұлына және Айхат Жолымбетке ақын Иранбек Оразбаевтың жыр кітаптарын тарту етті. Сабақты 11-класс оқушысы Тұрар Досекешов жүргізді.

 Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button