Жаңалықтар

Саяси партиялардың өкілдері Елбасы бастамасын қолдады

Жақында қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және әлеуметтік қақтығыстардың алдын алу жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісі болды.

Кеңестің жұмысына саяси партиялардың облыстағы филиалдарының басшылары қатысты. Талқылаудың негізгі тақырыбы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемді жайлаған қаржы-экономикалық дағдарыс жағдайында барлық қазақстандықтарды оған қарсы жұмылдыра білу қажеттігі жөніндегі бастамасы төңірегінде болды.

Елбасының бұл бастамасы, әсіресе, Президентіміздің: «Осынау жаңа әлемдік тәртіп құрылымында біз өзіміздің лайықты орнымызды алуымыз керек. Сондықтан қазіргі таңда халқымыздың бұрынғыдан да гөрі білекті бірлігі мен ұйымшылдығы қажет болады. Бәріміз де қазақстандықтардың қазіргі және болашақ ұрпақтары алдындағы жауапкершілігімізді сезіне білгеніміз жөн. Халықтың сенімін ақтау жолында барынша белсенді жұмыс істеу қажет.

… Бұл дағдарысты жеңетінімізге мен сенімдімін және жағдай жақсарған кезде оны қалай еңсергенімізді еске алатын боламыз.  Бұл уақыт міндетті түрде келеді!» – деген сөздері саяси күштер өкілдері тарапынан қолдауға ие болды.

Саяси партиялардың көшбасшылары облыс аумағында саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрақтылық пен рухани келісімді сақтау жөніндегі күш-жігерді жұмылдыру жөнінде Меморандумға қол қою туралы бастама көтерді.

Кеңес жұмысы барысында саяси күштердің басшылары Ақтөбе облысында әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың зардаптарын жеңу және қазір орын алып отырған және алда туындауы мүмкін проблемаларды өркениетті де заңды жолдармен шешу бағытында бірлесе қимылдау қажет деп шешті.

Сонымен қатар облысымыздағы саяси күштер саяси күрес барысында әлеуметтік-экономикалық және қаржылық проблемаларды пайдаланудан және облыстағы әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді әлсіретуге бағытталған даңғаза ұрандар мен іс-әрекеттерден бас тарту қажет деген ортақ пікірге келді.

Қоғамдық бірлестіктердің көшбасшылары күш-жігерді біріктіре әрекет жасауға келісіп, бұған еліміздің болашақ тағдырына жаны ашитын адамдардың бәрі де қолдау көрсетеді деген сенім білдірді.

Кеңес жұмысының соңында облыстағы барлық саяси партияларға, қоғамдық және үкіметтік емес бірлестіктерге өңірдегі проблемаларды шешуде және әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың зардаптарын жоюда мемлекеттік басқару органдарына жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үндеу қабылданды, сондай-ақ қоғамды жұмылдыруға және халықтың бірлігін нығайтуға бағытталған бастамаларды кеңінен қолдауға шақырды.

Бұл басқосу осындай сын кезеңде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып бірлесе қимылдаудың өз жемісін беретіндігін тағы да дәлелдеді.

Облыс әкімі аппаратының

баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button