БілімБасты жаңалықтар

Тамыз кеңесі: Түйткілдер талқыланды. ардагерлер ардақталды

Білім беру қызметкерлеріне арналған дәстүрлі «Білімді ел — мәңгі ел» атты тамыз кеңесі өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, орта және арнаулы білім ордаларының басшылары, ата-аналар мен жас мамандар қатысты.

Пленарлық отырысқа келген қонақтарға алдымен пилоттық жоба бойынша сынақтан өткен мектептер, мектептен тыс мекемелер мен ұйымдар өкілдері көрмесін ұсынды. Онда оқушылардың өз қолдарымен дайындалған түрлі бұйымдары қойылды, оның жасалу тарихы һәм идеясы туралы жан-жақты айтылды.

Одан соң Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева сөз алып, өткен оқу жылындағы жетістіктер мен кемшіліктерді тілге тиек етті. Сондай-ақ ол жаңа оқу жылының басты жаңалығы — 1-сынып оқушыларының жаңартылған оқу бағдарламасына көшкені туралы, оның жай-жапсарын кеңінен әңгімеледі. Тарқатып айтсақ, жаңа өмірге аяқ басқандар осы жылдан бастап 5 күндік оқыту жүйесіне көшкен, енді олар аптасына екі күн демалады. Және оларға арналып бірыңғай мектеп формасы енгізіліп жатыр. Өз кезегінде мектеп табалдырығын енді аттаған балақайларға сабақ беретін 1080 мұғалім арнаулы даярлық курсынан өткенін айта кету керек.

Салтанатты шарада облыс басшысы Бердібек Сапарбаев тақырыпқа қатысты өз ойын білдірді:

— Адамның өмірінде мектептің, ұстаздың алатын орны бөлек. Адамның қалыптасуы мектепте алған білімі, тәрбиесіне етене байланысты. Сондықтан әрдайым білім беру саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Осы 25 жыл ішінде Қазақстанның оқушылары көптеген халықаралық Олимпиадаларда жеңімпаз боп жүр. Біздің түлектеріміз әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып жатыр. «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатқандар да аз емес. Оны бітіріп келгендер бүгінде еліміздің дамуына өз үлесін қосып жатыр.

Біз де Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста жастардың жақсы білім алуына, мектептердің материалдық-техникалық базасының нығаюына көңіл бөліп келеміз. Қандай экономикалық дағдарыс болса да, Қазақстан білім беру саласына толықтай қаржы бөліп, жылма-жыл мұғалімдердің жалақысын көбейтіп келеді.

Біздің білім саласына қоятын ең бірінші талабымыз — білімнің сапасы. Жыл сайын Ақтөбедегі білімнің деңгейі өсіп отыруы керек. Бірақ, қолда бар мәліметтерге қарағанда, соңғы үш жылда ол төмендеп бара жатыр. Әсіресе, ұлттық бірыңғай тестіні тапсырғандардың балының төмендігі көбейген. Сондықтан өткен оқу жылындағы кемшіліктерді талдап, оны келер жылы ескеру керек, — деді.

Артынша «Білім медиа групп» сертификатымен №18, №55 және Новый орта мектептерін марапаттап, бірқатар педагогке ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатын табыстады.

Осы салада қызмет ететіндерге жаңа оқу жылында табыс тілеген Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов та 20 маманға құрмет көрсетіп, Алғыс хат пен сыйақыны табыс етті. Ал еңбек жолын енді бастаған 45 жас маман ардагер ұстаздарға гүл шоқтарын ұсынды. Алдыңғы мен кейінгі буындардың өкілдері бас қосқан шараның соңы естелік суретке түсу рәсіміне ұласты.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button